Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалының Қуантайы

17.04.2024, 8:30 583

HALYQLINE.KZ

«Қазалының Қуантайы» атанған Қуантай Ршымбет 1953 жылдың 3 қазанында Арал ауданының Қасқақұлан ауылдық кеңесінде балықшының отбасында дүниеге келді. Қуантайдай жігіт туралы халқымыз «сегіз қырлы, бір сырлы» деп баға берген. 1975 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының «көркем графика» факультетін бітірген соң, еңбек жолын Сексеуіл станциясындағы мектептен бастайды. Институт қабырғасында жүргенде, Алматы қаласында бокс, дзюдо секцияларына қатысты, күрестен, волейбол, баскетболдан институт атынан жарыстарға қатысып жүріп разряд алды. 1976 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылғанда, спорттың жеті түрімен айналысқандықтан іріктеліп алынып, Украинадағы Кутузов және Суворов орденді Смоленск гвардиялық дивизиясында әскери дайындықтан өткен соң КСРО Қорғаныс министрлігі, кейінен Түркістан әскери округінің запастағы офицері болып, әскери жиындар мен әскери тапсырмаларды орындауға қатысты. 1977 жылы әскерден босап келген соң, Қазалы станциясындағы теміржолға қарасты №18 мектепке мамандығы бойынша қызметке тұрды. Жігерлі жас жігіт өз пәнінің майталманы болумен қатар кәсіподақ ұйымының, сосын бастауыш партия ұйымының төрағасы, мектептің оқу ісі меңгерушісі болып ұзақ жыл атқарды.

Осы жетпісінші жылдардың соңында аудан оны белгілі суретші ретінде тани бастады. Салған суреттері мен жазған өлеңдері аудандық «Ленин туы» газетінде тұрақты жарияланып тұрды, ол кезде менің де мақалаларым осы газетке жарияланып тұрғандықтан танысып, уақыт өте келе таныстығымыз достыққа ұласып кетті. 1992 жылдан бастап №18 теміржол мектебінің директоры болып абыройлы қызмет істеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін, нарыққа байланысты теміржолға қарасты мектептер жабыла бастады, №18 мектеп те соған ілігіп жабылғасын оқушылар көрші тұрған №16, 17 мектепке бөлініп қабылданды. Қуантай Ршымбеттің өзі № 16 мектептің директоры болды. Сосын аудандық білім бөлімінің бастауыш әскери дайындық пәнінің әдіскері, аудандық спорт бөлімінің басшысы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, 2009-2011 жылдары аудандық «Қазалы» газетінің жауапты хатшысы болды. Абзал азамат, адал жар мен үлгілі отбасының басшысы Қуантайдың 2012 жылы 59 жасында өмірден өтуі өзекті өртеп кетті. Себебі, өмірінің соңғы бір жылында аудандық Оқушылар Үйінің сурет үйірмесінің жетекшісі болып, сурет өнеріне жастарды баулысам және бірыңғай шығармашылықпен айналысам деп қуанған болатын.

Қуантай Ршымбет талантты суретші еді. Суретші ретінде шығармашылығы шарықтаған кез тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еді. Еркіндікке қолы жеткен қазақ халқы өзінің кеңестік заманда атын атуға тыйым салған батырлары мен билерін, ақын-жырауларымен қайта табысып, олар туралы көптеген мақала мен зерттеулер жариялана бастады. Енді олардың портретін салу керектігін түсінген Қуантай қолына қыл қаламын алып, портреттерін бірінен соң бірін сала бастады. Қазір Қуантайдың Жалаңтөс баһадүрдің, Әйтеке бидің, Жаңқожа батырдың, Ақтан батырдың, Бекарыстан бидің, ақын-жыраулар қарасақал Ерімбет, Байназар Өтептің, жастар жетекшісі Ғани Мұратбаевтың, жазушы Әлмәмбет Әлішевтің, суретші Қайырбай Зәкіровтың, т.б. замандастарының портреттер галлериясын жасады. Қазір аты аталған тұлғалар туралы мақалалар мен кітаптар жарық көрсе, дарынды суретші Қ.Ршымбеттің портретін көріп жүрміз, бір сөзбен айтқанда, бүкіл елге танымал суретші. Менің көз алдымда Қуантайдың Қазалы ауданының логотипін (фото) салғанын көрдім, өзі жаратпаған алғашқы нұсқаларын маған сыйлаған болатын, ол мен үшін ескерткіш болып қалды. Қуантай 2023 жылы қазан айында 70-ке толған болатын, егер ортамызда жүргенде өзінің әскери әдеппен қолын самайына тақап «честь» беріп, ортамызда жайдары күлкісімен «мен жетпістемін» деп алшаң басып жүрер еді.

Сөзімнің соңында спортшы Қуантай досымның ерлікке толы өмірінің бір сәтін айта кетейін. Қуантай каратэ мен таэквондодан белдік иесі болғандықтан, Қазалыда алғашқы болып шығыс жекпе-жегінен секция ашып, жастарды баулыған белгілі спорт жаттықтырушысы болды. Осы спорт секциясына қатысқан жастар легі өте көп болды, олардың басым бөлігі кезінде белгілі спортшы атанып, қазір жаттықтырушы болып жүр. Қуантай күнделікті жаттығу жасап жүретін, кейде сурет шеберханасындағы арнаулы орында қанжарды тақтайға лақтырып дәл қадайтынын көрген болатынмын. Қазалы станциясы ірі теміржол торабы болғандықтан ГПТУ №70 оқу орны бар. Кеңес дәуірінде бұл теміржол училищесінің атағы бүкіл одаққа белгілі еді, себебі бұл кәсіптік білім беретін училищеге Москвадағы ВЛКСМ сыйлығы берілген болатын. Теміржолшы мамандығын алу үшін Қазалыға Ресей, Украина, Белоруссиядан жасөспірім қыздар мен балалар келіп жатақханада жатып оқитын. Оларға денешынықтыру пәнінен Қазақ ССР-нің кәсіптік білім беру ісінің үздігі Көпбай Ықыласов сабақ беретін. Көпбай ағамызды бүкіл ел таниды, Алматыдағы физкультура институтында оқып жүргенде, режиссер Сұлтан Қожықовтың екі сериалы «Қыз Жібек» фильміне түсті. Сырлыбай ханның артында күзетте тұрған бойы 2 метрге жуық қақпақтай кең жаурынды қара торы жас жігіт, біздің Көпбай ағамыз еді. Таныстырам деп тақырыптан ауытқып кетсем кешірім сұраймын. Сол Көпбай ағам бірде маған Қуантай туралы мынадай әңгіме айтқан болатын: «Бақытжан, өзін білесің мен қызмет еткен теміржол училищесіне украин балалары мен қыздары көптеп келіп оқитын. Қыркүйектін басында күрішке орақ түскен кезде осы оқушыларымды ауылшаруашылық жұмысына алып баратын едім, яғни күріштің комбайнға ілінбей қалған масағын теруге. Қуантай да өз мектебінен оқушыларын алып баратын. Сол жылдары совхоздың құрылысында ұлты шешен жігіттер маусымдық жұмыс істейтін. Сол шешен жігіттер менің қарамағымдағы украин қыздарына тиісетінді шығарды, жастары 14-15-те болса да, қазақ қыздарына қарағанда ірілеу болатын. Шешен жігіттерге ескертім, бұлар кәмелетке толмаған қыздар деп, олар тыңдағысы келмеді. Не де болса олардың үлкенімен сөйлескім келіп қасыма Қуантайды ертіп апардым. Ойым іс насырға барып төбелес бола қойса, олардың төбелесті бірінші болып бастағанына куә болсын дегенім еді. Шешендер жататын баракқа кірген бойда маған Қуантай: «Көпеке, есіктен бір адам шықпасын, бір адам кірмесін» деді. Мен аузымды ашып та үлгірмедім, шешеннің төрт жігіті стол үстіндегі кешкі асын енді алғалы жатыр екен. Қуантай жүгіріп барып столдың үстіне секіріп шығып, төрт шешен жігітті көз ілеспес жылдамдықпен аяғымен теуіп төртеуін де мұрттай ұшырып түсірді де, төрде отырған үлкеніне: «адамдарыңа ие бол, біздің оқушы қыздарымызға тиіспейтін болсын!» деді. Кейін әлгі үлкен шешеннің аты Рамазан екен, сол маған: «мен талай қазақты көрдім, бірақ мынадай жүрек жұтқан күшті қазақты бірінші рет көруім» деген болатын».

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі  

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: