Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қауынбазадағы» қақтығыс

14.02.2023, 15:15 409

HALYQLINE.KZ

Бұл оқиғаға тура 41 жыл болды. Сол тұста «Қазақстанның 40 жылдығы атындағы» совхоз аталатын ауылыма құрылыс қойма меңгерушісі болып орналасқаныма санаулы күн өткен еді. Небары 20 жасқа толған кезім.

Сол жылы Жасағанберген Дербісов көкем басшылық жасайтын ауылдағы бақша бригадасының өнімі аса бітік шықты. Қауын-қарбыз, помидор-қияр, сәбіз тағы басқа бақша дақылдарын жинауға үлгере алмай мектеп оқушыларын көмекке жіберіп жатқан шақ. Ауылдағы жүк машиналарымен аудан орталығындағы «қауынбазаға» үздіксіз қауын тасымалданады. Онан әрі теміржол бойымен вагондарға тиеліп, Ресейге жөнелтіледі. Босаған көліктерге қайтарда құрылыс материалдарын тиеу міндеті маған жүктелген. Айтуға оңай. Әйтпесе «қауынбазаға» кіру үшін ұзын-сонар кезек күтіп тұрасың. Теміржол өткелінің (переезд) ашық болуын тілеп, іштей қатты мазасызданасың. Оның себебі де бар. Ол кезде теміржол бойында поезд қозғалысы өте көп. Тәуліктің қай мезгілінде болмасын жүк, жолаушылар поезды ерсілі-қарсылы тынымсыз ағылып жатады. Сондықтан көпшілігіне шлагбаумның жабық тұруы үйреншікті жағдай. Міне, бар қиындық осы жерден басталады. Қорабына толтыра қауын-қарбыз тиелген көлігіңіз сәл кідірсе… бітті. Переезді аңдып жүрген бозбалалар қауыныңызға лап қояды. Өзіңе міндеттелген жұмыс болған соң амалсыздан қарсылық танытасың. Ондайда жаңағы гәраматтар тасты жаңбырша жаудырып, сазайыңды береді. Кім жанын тастай алмай жүр дейсіз? Кабинадан шықпай, переезд ашылғанша шыдауға тура келеді.

Бір күні мынандай келеңсіз жайтты басымнан кешірдім. «Қауынбазаның» аумағына кіріп, біздің ауылдан келген қауын-қарбыз толтыра тиелген бірнеше машинаны автотаразыға салуға дайындап тұрғанбыз. Кенет… Ұзын бойлы, ірі денелі, жасы өзім шамалас жігіт біздің көліктің үстіне жайғасып отырып алып, кузовтағы қарбызды қасындағы серігіне бере бастады. Құдды өзінің жекеменшік бақшасында жүргендей емін-еркін. Бізді тіпті көзіне ілер емес. Мұны көрген колоннаны бастап келген ауылда кассир болып жұмыс істейтін жасы үлкен ағамыз әлгі жігітке ескерту жасады. Сол-ақ екен жаңағы бұзақы жерге секіріп түсіп, кассир ағамыздың жағасынан ала кетті. Араласуыма тура келді. Бейтаныс жігітке басу айттым. Қайдағы?! Сөзімді тыңдамақ түгелі күтпеген жерден баспен ұрды. Қаным басыма тепті. Өзімнің сүйікті тәсілімнің бірі оң қолыммен жағына қаптал соққы (боковой) жасадым. Талып түсті. Мұны көрген қасындағы серіктері маған тұра ұмтылды. Шынымды айтсам қатты сескендім. Осы мезетте мені қоршай бастаған әлі жігіттермен арамызға құйындатып кірген мотоциклдің люлькасынан секіріп түскен бала кезден бергі жақын араласатын Өмірзақ Бекбергенов (Өзақ) «Тоқтаңдар!» деп қолын көтеріп ақырып жіберді. Күтпеген көрініс. Өзақты көрген жаңағы жігіттер орындарында қалшиып тұрып қалды. Сол тұста «Шанхайдың» (район атауы), оның ішінде Өзақ және оның достарының аты дүркіреп тұрған шағы. Жаңағы жігіттер Өзақты жақсы танитын болып шықты. «Адам баласы тілдескенше». Өзақ бәрімізді келісімге келтірді. Осылайша Өзақтың айбарының арқасында мен де таяқ жемей аман-есен құтылдым. Мына қызыққа қараңыз. Өзақ сол жерге әлдеқандай шаруамен кездейсоқ келген екен. Бізді ойламаған жерден кездестіріпті. Егер, Өзақ кездеспегенде менің жағдайымның қандай болатынын ойлаудың өзі қиын. Арада қаншама уақыт өтсе де сол оқиға есімде берік сақталып қалды.

Бірнеше күн бұрын Өзақпен телефон арқылы тілдестім. Кезінде анау-мынау адам бетіне батып келе алмайтын досым жақында зейнеткерлікке шығады екен. Уақыт неткен жылдам. Көпшілік қауым Өмірзақты мықты құрылысшы ретінде жақсы біледі. Ұзақ жылдар ПМК-1604 мекемесінде еңбек етті. Өзге жұмыстастарымен бірге аудан көлеміндегі көптеген құрылыс нысандарын, «Жанқожа баба» кесенесіндегі мұнараны салуға да атсалысты. Өзақ – қазір өнегелі отбасының тірегі. Немерелерінің сүйікті атасы. Әулетінің арқа сүйер ақылшысы. Перзенттерінің баршасы тәрбиелі, ұлағатты жандар. Қарымды қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың «Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады», – деген сөзі Өмірзақтың отбасына тура бағышталғандай.

«Адам ұрпағымен мың жасайды». Әрбір күніңе сәттілік, өзіңе зор денсаулық, әулетіңе амандық тілеймін, Өзақ дос!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: