Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мизамшуақ

22.08.2020, 10:00 678

HALYQLINE.KZ  Қаһарман Бауыржан айрықша жақсы көрген інілерінің бірі ақын Тұманбай Молдағалиев айтып еді:

– Баукең, расында да, бір қарағанда, аса қатал, қайыспас қайсар мінезді адам болып көрінгенімен, жүрегі жұмсақ, өте мейірімді жан еді. Ашуы да, «шәйі орамал кепкенше» дейтіндей, өте тез тарқайтын. Алпысыншы жылдардың басы болуы керек; өлең жазатын өзбекстандық бір қазақ жігіті кітабымды шығарып беріңіз деп Баукеңнен көмек сұрап, Алматыға келіпті. Бауыржан аға:

– Лирикалық поэзия сырын маған қарағанда жақсырақ білесің ғой, дегенмен, өлеңдері маған ұнады, сен де келіп тыңда, екеулеп жаратып жатсақ, жарық көруіне жәрдемдесіп жіберейік, – деп телефон соқты.

Кешке қарай Баукең үйіндегі Кәмаш есімді сұлу да ерке жеңгеміздің қолынан дәм татып отырдық. Тостар көтерілді. Өлең оқыдық. Бір кезде жап-жақсы отырған батыр әлденеге бола аяқ астынан ашуланды да, әйеліне қатты-қатты сөздер айтып қалды. Жәбірленген жеңгей жылап жіберді. Біз де бір сәт үрпиіп, жүдеңкіреп қалдық. Бірақ мен аздап татқан шараптың әсерінен бе екен, батылданып:

– Бауыржан аға, мұныңыз не?! Біз кеткеннен кейін де ұрсуыңызға болатын еді ғой жеңгейге. Мұндай мінезіңіз ұнамайды, – деп қалдым.

Бірақ менің өзіме де ренжи ме деген ағам шұғыл жадырап, жолдасына:

– Әй, бәйбіше, мына қайның сені жақтап, мені таптап жіберетін түрі бар ғой, а?! Екпіні қатты екен… Жарайды, кел, жаңағы ойланбай айтқан сөзімді қайтып алдым, кешіргін! – деп, зайыбын аялай құшақтап, көзінен сүйді.

Жеңгей де бірден бұлттан шыққан күндей жадырап, қайта жарқылдап шыға келді. Біз де мәз бола қуанысып, отырысымыз қайтадан гүлденіп сала беріп еді…
Келіні Зейнеп тәте де:

– Ата тарс етіп ашуланып немесе өзіме айғайлағанда кей-кейде жарылып кетердей болып, өкіріп жылардай болып тұрсам да барлығын ішіме салып, үндемей қоятын ем. Біраздан кейін ата өзі келеді де:

– Балам, жаңа мен артықтау кетіп қалыппын, кешір! – дейді.

Мұндай асыл қасиет, мұндай ұлылық әркімнің бойында бола бермейді. Ата өзі кінәлі болып қалса, бала екеш баладан да ешқашан кешірім сұраудан арланбайтын. Кемшілігін, ағаттығын тез түсінетін адам еді…

Жалпы, «Бакурджаһани» деген сөздің тағы бір мағынасы арабша «пейіштегі гүл» деген ұғымға саятын көрінеді. Шынында да, орыстардың аса сезімтал, тез жараланғыш адамдарын «без кожий» дейтініндей, Бауыржан ағаның жан әлемі гүлдей нәзік, өте мейірімді, дархан пейілді адам болғанын жақын білген кісілер жиі айтады.
Толарсақтан саз кешіп, мұз жастанып, сан мәрте ажалмен бетпе-бет келіп, от пен судан өткен қатал сардар айналасынан тазалық, тәртіп пен үйлесім іздеген. Әрбір істің нақты атқарылуын ұнатқан. Әйтпесе, «Көктемдей мінезім бар құбылмалы» деп өзі де жырлағанындай, бір қарағанда, сырты ызғарлы көрінетін батыр жан-жүрегін жасыл көктем, жаймашуақ жаз жайлаған ғажайып тұлға-тын.

Мұқаш Қ. Ақ алмас. Бауыржан Момышұлы. Өнегелі өмір, – Алматы: Қазақ университеті. 2016. Ш.70.- 315-316 б.б.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: