Бүгінде медицина мен қоғам назарын талап ететін өзекті мәселелердің бірі – ерлер бедеулігі. Көпшілік бұл тақырыпты айналып өтуге тырысқанымен, статистика үнсіз қалуға болмайтынын көрсетеді. Иә, қазіргі уақытта елімізде әрбір бесінші отбасының бала сүю жолында қиындықтарға тап болуы жай нәрсе емес. Бұрын тек әйел денсаулығы басты назарда болса, бүгінде ер адамның да репродуктивті жағдайы маңызды екені дәлелденіп келеді.
Ер-азамат әке болуға физиологиялық тұрғыдан ғана емес, моральдық әрі психологиялық жағынан да өзін дайындауы керек. Ал бұл дайындық неден басталуы тиіс? Қандай факторлар ұрық сапасына әсер етеді? Спермограмма нәтижесі нашар болса, үміт бар ма? Қоғамда бұл туралы ашық айту неліктен қиын? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға облыстық урология және андрология орталығының уролог-андролог дәрігері Жасұлан Жапбасбаев өз көзқарасын білдірген болатын.
– Қайырлы күн, Жасұлан Байжанұлы! Соңғы жылдары ерлер бедеулігі жайлы жиі айтыла бастады. Жалпы, қазіргі ер-азаматтардың репродуктивтік денсаулығына қандай баға берер едіңіз?
– Иә, соңғы жылдары ерлер бедеулігіне байланысты мәселелер жиі көтеріле бастады. Қазіргі ер-азаматтардың репродуктивтік денсаулығына 1-ден 5-ке дейінгі шкала бойынша баға беретін болсам, менің ойымша, ол шамамен 3-тен аспайды. Оның негізгі себептерінің бірі ретінде урбанизацияны айтуға болады. Қалалардың ауа мен суының ластануы, үнемі стресс жағдайлары, дұрыс тамақтанбау, зиянды әдеттер, климаттың тез өзгеруі ерлердің репродуктивтік жүйесіне теріс әсер ететін факторлар қатарында тұр. Сонымен қатар, үлкен қалалардағы өмір салтының өзгеруі де маңызды рөл атқарады. Бұл факторлардың барлығы бірігіп, ерлердің денсаулығына кері ықпал етіп, ұрық сапасының төмендеуіне әкеп соқтырады.
– Ер адамның ұрық сапасына қандай факторлар ең көп әсер етеді?
– Ер адамның ұрық сапасына әсер ететін негізгі факторларға дұрыс тамақтанбау, зиянды әдеттер, физикалық белсенділіктің төмендігі, созылмалы стресс, ұйқы режимінің бұзылуы, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, сондай-ақ туабітті аномалиялар мен аурулар жатады. Құнарсыз әрі біртипті тамақтану, ақуыз, витаминдер мен минералдардың тапшылығы сперматогенез процесінің бұзылуына себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ, темекі шегу, алкоголь мен есірткі заттарды пайдалану ұрықтың ДНҚ-сын зақымдап, оксидативті стресс туғызады, бұл ұрықтың дамуына кері әсер етеді. Сонымен қатар, гиподинамия мен артық салмақ жамбас астауындағы қан айналымын нашарлатып, тестостеронның төмендеуіне әкеліп соғады. Ал ұзақмерзімді стресс пен ұйқының бұзылуы гормондық теңгерімді жойып, ұрықтың қозғалғыштығы мен сапасын төмендетеді. Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар репродуктивтік жүйеге зиянын тигізіп, сперматогенезді әлсіретеді. Ал варикоцеле, крипторхизм, гидроцеле сияқты туабітті патологиялар да ұрық сапасына теріс әсер етуі мүмкін, сондықтан оларды дер кезінде анықтап, емдеу қажет.
– Ер адамдар неше жастан бастап өз денсаулығына ерекше көңіл бөлуі керек?
– Көп жағдайда ер адамдар денсаулықты тек ауырған кезде ғана ойлайды. Бұл – қате ұстаным. Жалпы, ер адамдарға өмір бойы өз денсаулығына назар аудару маңызды. Арнайы айтатын болсам, туған кезде, жыныстық жетілу кезеңінде, үйленер алдында және 40 жастан кейін кемінде жылына бір рет уролог-андролог маманына қаралу ұсынылады. Мұндай жүйелі медициналық тексерулер ерлердің репродуктивтік және жалпы денсаулығын сақтауға, түрлі ауруды ерте анықтап емдеуге мүмкіндік береді.
– Спермограмма нәтижесі нашар болса, бұл үкім бе? Әлде оны жақсартуға бола ма?
– Спермограмма нәтижесі нашар болса, бұл үкім емес. Ең негізгісі – оның себебін анықтап, ұрық сапасын жақсарту жолдарын қарастыру. Кейде спермограммада ұрық мүлде анықталмауы мүмкін, мұны азооспермия деп атайды. Мұндай жағдайларда да ұрықты қалпына келтіру мүмкіндігі шамамен 50/50 пайызға тең. Сондықтан үміт үзбей, тиісті ем-шараларын жүргізу ләзім.
– Ерлер бедеулігі жайлы қоғамда ашық айту неге қиын? Бұл мәселені шешу үшін не істеу керек?
– Жалпы, қоғамда ерлер бедеулігі туралы ашық айту біздің менталитетімізге сай емес. Бұл тақырып әлі де әңгіме ретінде қабылданбай, көп жағдайда ұят сезімімен астарланады. Осындай көзқарасты өзгерту үшін қоғамда жүйелі түрде ағарту жұмыстарын жүргізу аса құнды. Мектептер мен университеттерде жыныстық жетілу, репродуктивтік денсаулық және жыныстық тәрбие мәселелері туралы білім беру міндетті және жүйелі түрде ұйымдастырылуы керек.
Сонымен қатар, жыныстық тәрбие негізінен отбасыдан басталуы тиіс. Қыз балаларды аналары, ал ұл балаларды әкелері немесе аға-бауырлары дұрыс бағытта тәрбиелегені дұрыс. Бұл тұрғыда ашық сөйлесу, дұрыс ақпарат беру және балаға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйрету қоғамдағы стигманы жоюға, ерлердің өз денсаулығына деген көзқарасын өзгертуге септігін тигізеді.
Қоғамдық деңгейде де ерлердің репродуктивтік мәселелеріне қатысты қолдау көрсету, олардың дәрігерге жүгінуін жеңілдету үшін қолайлы жағдайлар жасау – керекті қадамдардың бірі. Осылайша, біз ерлер бедеулігі мәселесін ашық талқылап, оны емдеуге және алдын алуға мүмкіндік жасай аламыз.
– Ер-азаматқа әке атану – тек физиологиялық емес, үлкен жауапкершілік. Осы тұрғыда психологиялық дайындық жайлы не айтасыз?
– Әке атану – бұл тек бала сүю ғана емес, нағыз тәрбиеші, қорғаушы әрі үлгі бола алатын тұлғаға айналу. Сол себепті, ер-азаматтың психологиялық тұрғыда дайындық жасауы өте маңызды. Әке болуға дайындық баланың өміріндегі рөлін сезіне білу, жауапкершілікті мойнына алу, отбасылық тұрақтылыққа үлес қосуға ниет білдіруден басталады. Көп жағдайда ер адамдар эмоцияларын ашық білдіре бермейді, бірақ бұл – оларда уайым, қорқыныш жоқ деген сөз емес. Сондықтан, болашақ әке ретінде психологиялық кеңес алудан, ашық сөйлесуден қорықпау керек. Бұл – ұрпағына дұрыс орта қалыптастырудың ең қажетті бөлігі.
– Ер адамның жасы ұрық сапасына әсер ете ме? Соңғы уақытта ер адамдардың да кеш үйленуі байқалады. Бұл үрдіс қауіпті ме?
– Иә, ер адамның жасы ұрық сапасына әсер етеді. 35 жастан кейін сперматозоидтардың қозғалыс белсенділігі мен морфологиясында өзгерістер байқала бастайды, ДНҚ сапасы төмендеуі мүмкін. Бұл ұрықтану мүмкіндігіне, тіпті баланың денсаулығына да әсер етуі ықтимал. Әрине, әйелдерге қарағанда ерлердің репродуктивті мүмкіндігі ұзағырақ сақталады, бірақ бұл шексіз емес. Соңғы уақытта ер адамдардың отбасын құруды кешіктіруін мансап, қаржылық тұрақтылыққа ұмтылыс немесе жеке себептермен байланыстырып жатамыз. Дегенмен, бұл үрдіс ұзаққа созылса, репродуктивті денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан уақытылы тексеріліп, мейлінше ерте үйленіп, ұрпақ жалғастырған дұрыс.
– Қазіргі ер адамдар репродуктивті денсаулығына жеткілікті мән бере ме? Жыл сайын тексеріліп тұрудың маңызы қандай және бұл тұрғыда қандай кеңес берер едіңіз?
– Соңғы бірнеше жылда ерлер арасында денсаулығына мән беретіндер қатары артып келеді. Әсіресе, үйленер алдында толық медициналық тексеруден өтуді әдетке айналдырған жігіттер көбеюде. Қазіргі көрсеткішті пайызға шаққанда ерлердің шамамен 60 пайызы денсаулығына жауапкершілікпен қарайды. Ал қалған 40 пайызы тек бала сүйе алмаған жағдайда немесе айқын белгілер пайда болғанда ғана дәрігерге жүгінеді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Жыл сайынғы урологиялық тексеріс – ер адамның жалпы денсаулығының, оның ішінде ұрық сапасы, қуықасты безі және гормоналды жағдайының қалыпты болуын бақылаудың тиімді жолы.
Сондықтан бірнеше өзекті деген кеңес берер едім, біріншіден, 25 жастан асқан ер-азаматтар жылына бір рет урологқа қаралып тұруы керек. Екіншіден, саламатты өмір салтын ұстанып, артық салмақтан сақтану қажет. Үшіншіден, стресс пен күйзелісті басқару да репродуктивті жүйеге тікелей әсер етеді. Төртіншіден, темекі мен ішімдіктен бас тарту, дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы – сапалы ұрықтың кепілі. Ең бастысы, өз денсаулығына бейжай қарамау. Себебі, дені сау әке ғана дені сау ұрпақ әкеле алады.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!