Қысқаша ататек нәрі сіңген балалық шағына, әсіресе оқушылық кезден ашылған сана сандығында көп нәрсе сақталыпты, соған қысқаша тоқталайын. Бір кабинетте ұзақ жыл бірге отырған кездері есіне түсіп, айтқан әңгімелерін күнделігіме түртіп алыппын. Шынында да есін білгеннен ойламайтыны жоқ. Мектеп табалдырығын аттамай жатып-ақ ауылдағы адамдарды жақсысы мен жаманын айырып, үлкендер туралы психолог секілді сараптама жасайтын қасиеті туабітті маңдайына жазылғандай. Әрине, қиялдап өмірді бастандыруына сол кездегі тұрмыс тауқыметі түрткі болыпты. Ауыл шетіндегі үйі, сол тоқал тамның терезесіне дейін есінде сақталыпты. Иә, сол үйі күркедей болғанымен, бала Жәкеңнің көңіл төрі кең жайлау болатын.
Бірлестік ауылында балықшы отбасында әкесі Кемал Мақанұлы мен анасы Күләй Өтешқызының күнделікті қам-қарекетін көріп өскен баланы өмір ерте есейтіпті. Жақын-жуықтарына қолғабыс жасап, ата-анасының меселін қайтармай қай жұмысқа да барыпты. Ағам өзі естелігінде баяндағандай, «Ақ қағазға жақындауым шағым жазудан қалып алды. Ауылдағы үлкендердің көкейіндегісін қағазға түсіріп, жалғыздары соғысқа кеткен кемпір-шалдың өтінішін жазу небәрі 10 жастағы шынашақтай баланың ауыл адамдарының мұң-зарын басқармаға жеткізіп, оны орындатуы, екеуінің ортасында «алтын көпір» болуы сол балалық шақтан басталғандай әсерде қалдым». Сол балалық кездегі оң істеріне Ақжан басқарманың берген ақ батасы қабыл болғандай. Басқарма нағашымның жанына келіп, басынан сипап, арқасынан қағып айтқан пікірін ұмытпапты. Тасқа басқандай етіп жүрек түкпірінде жатталып қалыпты.
– Шүкір дейміз, шырағым! Артында өзіңдей үкілі құйрық тайы тұрғанда, сәруәр сынды, боздақтар қалайша ұмыт болсын?! «Көкем мен апама сәлем беріп кіріп шығамын». Ылғи «5»-пен оқитыныңды мұғалімдеріңнен естігем. Сен оқудың ізінен қалма! Әлі бір күнгідей болмай, жетіліп кетесің. Ағаның майданнан жазған хаттары ылғи өлеңдетіп тұрмайтын ба еді? Қара да тұр, түбі бір жерден шығасың. Сөзің солай сөйлеп тұр!
Жаңабай Кемал Жамбыл атындағы балық қолхозындағы №58 Жалаңаш 8 жылдық мектебін, қаладағы №13 орта мектепті тамамдады. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен дәріс берген сол ауылындағы ұлағатты ұстаз Әбдірейім Есендіков ағайының үлкен еңбегін ұмытпақ емес. Мектепті үздіктер қатарында тамамдаған соң 1967-1971 жылдары Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі және әдебиеті факультетінде дәріс алады. Тұңғыш мақалалары мектепте оқып жүрген кездері аудандық «Толқын» газетінде жарық көреді. Мектепті бірге оқыған жерлесі, белгілі қаламгер Еркін Әбілов пен ақын Қази Данабаевпен аталмыш газет арқылы табысып, оқу орнына да бірге қабылданыпты. «Екпінді балықшы» газетінің тұңғыш редакторы болған филология ғылымының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев ағайдан тәлім-тәрбие алғанын мақтан тұтады. Институтты бітірген соң қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі болып, жолдамамен алғашқы еңбек жолын №59 Қарақұм орта мектебінде бастандырады. Еңбекте ерекше көзге түскен жас маманды қаладағы №15 орта мектепке директордың орынбасары етіп, одан кейін аудандық білім бөліміне осы пәннің әдіскері, кейін әдістемелік кабинет меңгерушілігіне жоғарылатылады.
«Баланың жақсы болмағы – нағашыдан» деп әсте тегін айтылмаған-ау, сірә. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында нағашым Жаңабай туралы және кәсіби жұмысы тұрғысынан жазғым келді. Иә, мен «тонның ішкі бауындай» бір кабинетте ұзақ жыл отырғанымды мақтан етемін. Ағама ұқсап мен де жазғыш болсам деп армандайтынмын. Қай заманда, қай қоғамда болмасын әр ауылдың, әр аймақтың өз жақсылары мен жайсаңдары, асылдары мен ардақтылары, аузымен орақ орып, тілімен шөп баулайтын айтқыштары, ханның да, қараның да есебін табатын, жоқтан бар жасайтын ақылдылары болады. Олар – сын сағатында дуалы, пәтуалы сөз бастаушылар, іргелі, ізгілікті іс бастаушылар, елді, халықты сендірушілер, көндірушілер, жақсылық пен жаңалықтың ұйытқылары, ұйымдастырушылары, көшбасшылары. Олар – елдің абыройы, айбаты, қайраты, қорғаны. Сондай жанның бірі, бірі емес-ау бірегейі, ғасырға жуық тарихы бар газетіміздің «алтын діңгегі» десек қателеспейміз. Қаламы қарымды, жүрегі түкті. Иә, «жақсылардың кеудесі – алтын сандық, кілт болмаса, сандықты кім ашады?» дегендей, алтын көмбені ашуға қам-қарекет жасап көрейін. Бәлкім, алтын сандық, жаны жайсаң жауапты хатшы, жетпістің бесеуіне жеткен Жаңабай Кемал ағам туралы сәтін салып, ашылып қалар.
Иә, «Жақсының ақылы – жүрегінде, жаманның ақылы – білегінде» демекші, сонау 1985 жылдан 1990 жылдар аралығында аудандық партия комитетінің хатшысы болған Набат Маханова апайдың тапсырмасымен Жаңабай аға сценарийін жазып, кей сәтте кітапхана жағалап, өзім де жазып, ағам екеуміз ұзақ жылдар аудандық кеш, кездесулерді жүргізген кезіміз жастық шағымыздың естелігіндей қол бұлғайды. Тіпті ресми кештерді жүргізбесек, тұра алмайтын күйге жеттік. Бәлкім, сахнаның құдіреті шығар, қуана қол ұстасып, қыз бен жігіт болып шығатынбыз. Осы игі ісіміз ел тәуелсіздігін алған соң да тоғыз жылға ұласты. Мен, осы жолдардың авторы күні-түні айтатынымды жаттап алатынмын. Ал ағам сценарийді өзі жазған соң қағазға қарамай көсіліп бір жүргізетін қасиетін айтпай кетуге болмас. Аудан әкімі болған Алашыбай Баймырзаевтан екінің біріне бұйыра бермейтін «ауданның бас асабалары» деген атақты алып, соңғы рет 2000 жылы «Толқынның» 70 жылдық мерейтойлық тізгінін де қоса жүргізіп, біржола жастық шақпен қош айтысып, шығармашылық жұмысқа бет бұрдық. Нағашым сүлей сөзге ұста, сұңғыла сценарист, тамаша жүргізуші, табиғатынан дарынды. Ешкімнің қолы жете бермейтін, тіпті қолына қалам ұстаған жандардың арманы болған, аудандағы бас басылымда басымыз нағашыммен және қауышты. Бұл басылымда марқұм Өмірбек Төлепов ағам ол кезде жауапты хатшы, ақиық ақын Толыбай Абылаев және кейіпкерім Жаңабай Кемалмен бір кабинетте басымыз түйісті. Сайдың тасындай «сен тұр, мен атайын» дейтін жазғыштар. Орталарында «арпа ішінде бір бидай» демекші, мен де осындай мықты ағаларыммен иық тірестіре жұмыс істегенімді мақтан етемін. Қай-қайсысы да кәсіби журналистер, сөз жоқ, жазудан бас алмай жазатын тума таланттар еді ғой, шіркін…
Кейіннен Жәкең жауапты хатшы болды. Аты айтып тұрғандай, жүйкеге салмақ салатын, қиындығы да, жауапкершілік жүгі де көп міндетті абыроймен атқара білді. Өзінің іскерлігін, азаматтығын көрсете алды. Журналистердің мақалаларын оқып, көлемін анықтап, макет жобасын қағаз бетіне түсіретін. Газеттің төрт бетін де осылай жасайтын. Газеттің сапасын жақсартып, мазмұнын арттыру жолында тынбай ізденді. Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары газеттің жаңа заман талабына сай жаңаша шығуына жұмыс істеді.
Бұқара халықтың шын жанашыры болды. Ел өміріндегі келеңсіздіктерді арқау еткен өткір мақалалары аудан асып, облыс көлемінен оқырманын таба білді. Мұндай жауапты қызметте журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен жан сирек кездесетін. Ол үнемі білімді күнделікті жетілдіріп отыруды, қай тақырыпта жаза бастасаң да терең зерттеп жазуды тапсыратын. Ойының ұшқырлығы, тілінің жүйріктігі оқырманды өзіне баурады. Өткір шындықты айта білетін Жәкеңе Алла зерделі ес пен заңғар ой бергендей. Тереңнен ойлап, сөз ұйқастыру, одан шымыр дүние жазып шығару – екінің біріне бұйырмаған өнер. Осындай жанмен сонау 1999 жылдан бері зейнетке шыққанша бір кабинетте отырып еңбек еттім.
Ол осы қара шаңырақта 20 жылдан астам еңбек етті. Сан алуан тақырыпта материалдар жариялады. Репортаж, әңгіме, новелла, көлемді очерктер, публицистикалық, проблемалық мақалалар, арнау өлеңдер мен деректі суреттемелер бар. Ауданда елді мекендердегі еңбек адамдарын, балықшы мен малшылардың жыл маусымындағы қам-қарекетін жан-жақты етіп жазды. Сараптамалық талдау мен әлеуметтік әділ пайымдауларға толы отты материалдарын оқырмандар әлі де іздеп жүріп оқиды. Жәкеңнің ұшқыр қаламы әлі күнге сын садағына нысана іздейді, мұны жетпістің бесеуіне келсе де, басқосуларда айтқан тұшымды пікірінен дәл аңғаруға болады. Аяқ асты дұрыс шешім қабылдай салатын.
Адам өмірінің жаңа белесімен бастаған ағамыздың бүгінгі және ертеңгі буынға үлгі болар қасиеті көп. Өмірінің 75 белесіне аяқ басқан, екі ғасырдың куәгерінің жазары да, айтары да көп. Тек «әттеген-ай» дейтін тұсы көз жанарының мәселесі қиналтып тұрғаны болмаса. Алла тағала пендесін түрлі сынақ беріп сынайды екен. Түрлі сынақтың бірі ауыртып алады екен. Пенде Алланың берген сынағына шүкіршілік етіп, сабыр береді. Аузынан тәубесі, шүкіршілігі түспеген қазыналы қартымыз – әрі жазарман, әрі оқырман, әрі тыңдарман. Бұл да Арал экологиясы қасіретінің адамзатқа тигізіп отырған жайы екені айтпаса да түсінікті. Бүгінгі таңда ауданымызда екінің бірінің көз ауруына шалдығып отырғаны өкінішті-ақ. Десе де, ағам қаламын қолынан тастаған емес. Өлеңдерін де оқырман қауымына ұсынып-ақ келеді. Ақындық қасиеті және бар.
Ол газет бетіне жарияланатын мақалаларға ат қойып, айдар тағатын. Бәлкім, содан болар әлгі мақала оқырманын «мені оқы» деп шақырып тұратындай. Тұрақты түрде газет ішінен қосымша бет ашып, «Каттегаттан Аралға дейін» аудан балықшыларының қордаланған мәселелерін жазып, оның орындалуына басшылықтың бүйрегін бұрғызды да. Шетелдің де назарын аударып, қомақты қаржы бөліп, осы кәсіпті жандандыруға күшін жұмсады. Әсіресе Арал мәселесін әлемдік деңгейге көтеруге атсалысқанын, жұртшылықтың экологиялық апаттың зардаптарын тарта бастағанын оқырманға жеткізудегі жанкешті еңбегін айтпай кетуге болмас. Ол осы тақырыпта үзбей зерттеу мақалаларын жазуды қарша боратты.
Апталық басқосу лездемеде үнемі ой-пікірін, ұтымды ұсыныс айтып, журналистерді қоғамға пайдалы іске шақырып отыратын. Пікірі жерде қалмай орындалатын. Құқы бас редактордан асып түспесе, кем түспейтін. Әсіресе жас журналистерді шабыттандырып отыратын. Басқосу аяқталған соң да әлгі маманды жанына алып, ақыл-кеңесін айтудан шаршамайтын. Ол үнемі қолға алған мақалаңды жазбас бұрын әбден зерттеу керектігін, әр еңбектің өзіндік бейнеті де, зейнеті де бар дейтін. Жазған бір мақалаңның өзінен-ақ сенің атың шығады дейтін. Менің оған көзім жетті. Қайсыбір жылдары «Жұмыртқадай бассейнде жұмбақ көп» деген мақаламның тақырыбын да қойып берген өзі. Алайда «мақаланы кім жазған, өте дұрыс жазылыпты» деп мені де іздейтін оқырмандарым көп болды. Шынында да ағам айтқандай, журналистік еңбек рақаты жазғанымның оқырмандар көңілінен шыққаны емес пе? Тіпті бұл мақалам аудан әкімдігінің аппарат мәжілісінде ресми түрде көтеріліп, талқыланды, кемшілік жіберген мамандардың алды жұмыстан шығарылып, ал қалғандары тиісті жазаларын алды да. Шындық ащы болғанмен, газет абыройы екені дәлелденген аксиома. Ол – әділ де өткір сын мақалаларды жазудың қас шебері.
Жыл сайын газет жас мамандармен толықтырылатын және Алматы мен Астанадан ЖОО-дағы журналистика факультетінде оқитын студенттер тәжірибе алмасуға келетін. Болашағынан үлкен үміт күтетін жас мамандарды жанына шақырып, өз тәлім-тәрбиесін үйретуден жалықпайтын. Басты есімде қалғаны «нағыз маман болыңдар, сосын бойларыңда отаншылдық қасиет болу керек» дейтін. Шығармашылық шеберлігі қолға алған туындысынан көрініп тұратын. Мұрат Сыдықов жайлы жазған «Шабыт шанағындағы шындық», даңғайыр балықшы Нарғали Демеуов пен Сағитжан Сермағамбетов, ауыл шаруашылығының шамшырақтары Алдоңғар Тілеуов пен Жақсылық Жетесов, баспасөз бәйтеректері Шәкірат Дәрмағамбетов пен Омар Әбдуәлиев, заманымыздың заңғар жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісов, жеңісті жақындатқан тыл тарланы Ердіхалық Жәрменұлы ақсақал туралы «Шежіре ғұмыр», аралқұмдық Ибрагим аға мен Ақжан апа жайлы жазған «Сарқылмайтын сағыныш» атты естелік хикаятты бір деммен қызыға оқисың, Жәкеңді жай журналист емес, жазушы ма дерсің. Осыдан 10-20 жыл бұрын жазылған журналист Жаңабай Кемалдың мақалалары әлі де құнын жойған емес. Оқырмандардың сұрауымен кейде қайта ұсынылып отырады.
Сонау 1965 жылы «Толқын» деген атпен өз оқырмандарымен қайта қауышқан тұста, осы жылы тұңғыш мақаласы жарияланған сәттен бастап армандап, сол арманы орындалып, редакцияда аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы деген талай еңбек статусынан өткен ардагер журналист, Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің жүлдегері, ҚР Бұқаралық ақпарат, мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Иә, шашасына шаң жұқтырмаған қас жүйріктей ұрпақтары да өз ісін жалғастырып келеді.
Ең басты мақсат сараптамалық мазмұнды мақалалар жазып, жастардың патриоттық сезімін ояту, ұлтты, жерді сүюге тәрбиелеуіміз керек дейтін. Бұл жерді, елді бабаларымыз қорғады. Бізге аманат етіп қалдырды деп тарихи-танымдық батырлар туралы үзбей жазып та жүрді. Ел тәуелсіздігіне жол ашып берген желтоқсаншы жастар деп аудандағы тарихи көтеріліске қатысқандардың барлығын қаламына арқау етті. Ұмытылып бара жатқан ұлттық дәстүріміз, қасиетті тіліміздің шырайын шығарып, тереңінен қозғап, жан-жақты зерттеп, тіпті дін тақырыбында да, құқық бағытында да ерінбей-жалықпай ізденді. Ғасыр құрылысы атанған «Көкарал» бөгеті, «САРАТС» жобалары, «Ақлақ» су қоймасы ғимаратының құрылысы туралы, өмірлік маңызы бар Кіші Аралды сақтап қалудың мәселелері төңірегінде ой бөліскені ғажап. Осы ағамның бойы тұнған идея ма дерсің. Жалпы, қазіргі заманның білімді де білікті батыры. Өз пайдасын ойламайтын, қоғамды ойлап, жүрегіне салмақ салып отыратын. Қоғамға пайдалы істерді қаузайтын. Жәкеңнің тілінің өткірлігі, астарлап айтайын деген ойын тайсалмай жеткізуі жұртшылықты қайран қалдыратын. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейтін өнер, жазудың, ойының, идеясының құдіреті емес пе? Үнемі ой-ізденіс үстінде жүретін ол – қызметіне шын берілген жан. Биік-биік белестерді бағындырған Жәкең арман-мақсатына да жетті. Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы Сасықбай бақсы бабасынан берілген пешенесіне жазылған талант қой. Адам бақытты өмір сүру үшін үш нәрседен адаспау керек деп жатады ғой. Жаны бар сөз. Жар таңдауда, мамандық таңдауда және дос таңдауда деген екен дана адамдар. Осы үшеуінен де адаспаған бақытты жан. Ең бастысы, өмірге құштар адам. Ағамның еңбекқорлығы сол, бір өзі бірнеше кісінің міндетін қатар атқара алатындығы, ұжымдағы беделі, ұйымдастырушылық қабілет-қарымы абыройын асқақтатты. Сұсымен бір қарағаннан жас журналистердің өзі айбынып тұратын тектілігі және бар. Ұлтқа деген қызмет бірінші орында тұрды. Кәсібіне деген адалдығының арқасында мұратына жеткен қаламгер.
Бірде кабинетте отырғанда маған көз қиығымен қарап, «бақыт деген ұғымға қанағат пен шүкірлік нәсіп етілсе, соған тәубе дейік» деп айтатын. Осы бір ауыз сөзінің өзі ізінен ерген қыз-жігіттерге шабыт берді, серпін берді, алдағы күнімізге үміт сыйлады. Шынында да бақыт деген – әр сәт үшін шүкіршілік ету. Табандылық пен еңбектің, көркем мінезі мен мейірімінің арқасында осы жетістікке жетіп отыр Жәкең. «Адам өмірде тек еңбегімен көп нәрсеге қол жеткізеді», бұл – шындық. Елге еткен еңбектің бағаланғанынан артық бақыт жоқ. Жәкеңнің бойындағы азаматтығы, ірілігі, кісілігі кейінгі жастарға үлгі. Журналистика да өнердің бір саласы ғой. Ол – қоғам мен билік арасын жақындатушы алтын көпір. Журналист өзін күнделікті дамытып отыру керек деп ұдайы құлағымызға құйып отырды. Журналист көтерген жүк зіл-батпан деп есімізге салып отыратын. Және бір есімде қалған ойлы пікірі қоғамды жасайтын журналистер дейтін. Ол оптимист, реалист болу керек, қоғам назарын проблемаларға аудару, көмекке мұқтаж жандарға көмек қолын созу. Ақпаратты оқырмандарға тез, әрі шынайы жеткізу. Халықты жігерлендіріп, рухтандырып отыру басты мақсатымыз дейтін. Шынында да шығармашылық адамы алға жүреді ғой. Жәкең заманнан озып туған журналист десем артық айтқаным емес. Оған зерделі қалың оқырманының да пікірі куә. Қарымды журналист республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетінде де өз қолтаңбасымен ерекшеленді. Аталған басылымның Арал ауданындағы меншікті тілшісі болып көп жыл қызмет етті.
18 мың ғаламды Жаратушы бір Алла әуелі қаламды жаратты. Қаламның ұшында найзаның сұсы бар деген екен Баласағұн бабамыз. Алты Алаштың арда ұлы Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген екен. Иә, газеттегі елдің мұңын билікке, биліктің сөзін халыққа дұрыс әрі дер кезінде жеткізе білетін журналистердің қашанда мәртебесі биік. Қоғамымызда БАҚ-тың рөлі қашанда жоғары бола бермек.
Иә, газеттің басты қазынасы – оқырман. Сондықтан мәртебелі оқырманмен байланысты нығайта түсу басты назарымызда. Алтын сандығымыз ашылуға аз қалды. «Кеудесі жақсылардың алтын сандық» демекші, қазыналы қарияның алтын сандығының іші інжу-маржанға толы. Сыр сандық солай дейді. Оның аз сөйлесе де саз сөйлеп, мірдің оғындай осып түсетін қасиетін байқауға болады.
Өзі айтқандай кітап әлеміне құмарлық немересіне де жұғысты болыпты. Қазақ үшін немереден тәтті ештеңе жоқ. Мұны ағаның өзі мойындап отыр. Құшағыңды нұрға толтыратын, апыл-тапыл басқан әр қадамына емпеңдетіп қоятын, балдыр-бұлдыр тілімен емешеңді үзетін құдірет иелеріне мың да бір тәубе деп отырған жайы бар. Отбасына мейірімін төккен әке. Бәрі бала үшін деп бойындағы бәрін берді, нәрін екті. Еткен еңбектің өтеуі де бәлкім осы болар. Биыл №14 мектеп-лицейде бір сыныпта оқитын нағашылы-жиенді қос немересінің бірі Нұраян «Алтын белгіге» тамамдады. Ол физика-математика мамандығын таңдап, елордамыз Астанаға жол тартыпты. Айта кетуіміз керек, осы Нұраян немересі Астанада өткен республикалық конкурста ағылшын тілінде Арал мәселесі жөнінде ғылыми жұмысын қорғап, бас жүлде иеленгені зор мақтаныш әрі қандай ғанибет десеңізші! Әкелер ұлына да, қызына да мейірімін төгеді ғой. Аида қызынан туған жиені Нұрбек те биыл аталмыш мектепті үздік тамамдап, Қорқыт ата атындағы университеттің информатика мамандығы бойынша грантын жеңіп алып, мектеп партасында отырып-ақ студент атанды. Санаулы күндерден соң 75 жасқа толатын Жәкеңе немерелері мен жиендерінің бұл үлкен сыйы екені даусыз. Қазыналы қарттың ғибратты ғұмырнамасы кейінгі ұрпаққа өнеге. Бар баласының анасына деген сағынышы бөлек, ағамның жарына деген сағынышы ерекше. Берікгүл жеңгеммен құтты шаңырақтың астында 40 жылдан астам өмір қызығын бірге көрді. Жеңгем 8 жыл бұрын бақиға аттанды. Пейіштен періштелер құрметпен қарсы алып, жұмақтың төрінен орын берген шығар, өйткені ерін сыйлаған жарының еңбек етуіне қолайлы жағдай жасаған қосағы қандай құрметке де лайықты жан. Ол іргелі №220 орта мектепте француз тілінен дәріс беріп, еңбек демалысына шыққан бойы болатын. Бес перзентін қол ұстаса жүріп жоғары оқу орындарына оқытты. Ұлын ұяға ұшырып, қызын қияға қондырды. Тұңғышы Жанаттың екі бөпесі бар, жұбайы Ербол «Қазақтелекомда» еңбек етеді. Қызы Аида №260 орта мектепте ұстаз. Жұбайы Әділбек марқұм болып кетті, үш баласы бар. Сералысы Алматыда әуежайда қызметте болса, келіншегі Ақорал ҚазАТК-да сабақ береді, бес баласы бар. Қолындағы ұлы Саттар – КазНИИРХ-та маман, келіні Ақгүл – №14 мектеп-лицейде маман, үш бала тәрбиелеп отыр. Кенжесі Ранай Байқоңыр қаласында экономист, жұбайы Ғалымжан әскери қызметте, төрт баласы бар. Атасының бабын жасап, 6-сыныпта оқитын немересі Санжары ерекше құрметке ие. Ал кенже немересінің есімін атасы Аманат деп, әжесінің аманаты екенін айтудан жалықпайды. Ал қолындағы үлкен немересі Нұраяны жайында жоғарыда айттым.
Бір оқиғалар ойыма оралып отыр. Қысқаша айтып өтейін. Темірді қызған кезде соқ дейді ғой. Күнделігіме түртіп қойыппын. Иә, қай кезде де «сен тұр, мен атайын» дейтін жазғыштар ғой. Жалпы, қошқарлардың басы қай кезде де бір қазанға сыйған ба? Шәкең мен Төкең уәж емес нәрсеге келіспей қалды, дөрекі мінез көрсетіп ашуға булықты. Нағашылы-жиенді болып дипломат болуға тырыстық. «Қандыбалақ достарсыңдар ғой. Бір ашуыңды бер. Бір-бірлеріңді кешіріңдер» деп ағам екеуміз ара-ағайындық таныттық. Жәкең енді өзің басыңды арашалап алуың керек деп пікірін білдірді. Кәсіби журналист жазушы Жұмабай Жақып ағам татуластыруға күшін салды. Журналист Иманбай Әйтімов ағам да ақыл-кеңесін беріп жүр. Сөйтіп ардагер ағаларымыз бар, Жәкең бар дәнекер болып әйтеуір бір ашулары басылды-ау. «Толқын» газетінің кезекті санында Абайдың редакцияға хат айдарымен «Ескерткіштер өз орнын тапса…» деген мақаласы шықты. Қаладағы көше комитеті төрағалары Аманжол Жолмағамбетов, Серік Жақсылықов, Қуантқан Аташбаевтар өз ұсыныс-пікірлерін жазған ғой. Содан дүйсенбі күні әлгі үш ардагеріміз қол ұстасып, ренішпен келіп отыр. Мақалада Шәкірат Дәрмағамбетов ауданның азаматы деп жазылыпты. «Құрметті» сөзі түсіп қалыпты. Арал ауданының Құрметті азаматы деп жазылу керек еді. Бір сөзі жазылмай қалыпты. Әйтеуір не керек, Шәкең ренжитін болды не істейміз, көрген жерде ұрысатын болды деп әлгі үш ардагер қатты қысылып тұрды. Сосын Шәкеңе хабарласпай тұрып, әуелі Жаңабай ағаймен ақылдастым. «Ол кісі өте кең адам ғой, кешірімшіл, түсіністікпен қарайды ғой» деді. Телефон трубкасын алып Шәкеңе мән-жайды түсіндірдім. Шәкең: «Мен ренжімеймін, менен хал-пал жоқ. Мен ешкімге еш нәрсе деп айтпаймын» деп жатыр. Не дегенмен Шәкірат ағама риза болып, рақметімізді айтып жатырмыз. Шынында да Шәкең абыз адам, аңыз адам ғой, шіркін! Осындай ағаларымыз көп болса ғой деп, Жәкеңе де алғысымды білдірдім.
Ғасырлық тарихы бар «Толқын» газетінің мерейтойы – тек редакция ұжымының емес, бұл аудан халқының мерекесі. Қаншама адам, аға ұрпақ өкілдері бұл газеттің іргетасын қалады. Солардың қатарында Шәкірат ағам мен Жаңабай ағамның шоқтығы биік тұр ғой. Айтайын дегенім, Шәкірат Дәрмағамбетов пен Жаңабай Кемалдың тыңдаушылары да, оқырмандары да мықты, өздері де мықты. Сөзді де, шежірені де, ой-пікірді де ойып тұрып орынды айта алады. Әңгімешіл, ізденімпаз, еңбекқор, өте дарынды журналистер. Тағдырдың барлығына, суығына, азабына шыдаған, ақылымен төзімділік жасап, жеңе білген адам ғана – нағыз адам. Иә, «еңбек ердің атын шығарады, ер елдің атын шығарады». Шынында да, Жәкең – алтын адам, өзінің де, елінің де атын шығарды. Небәрі 10 жасында Ақжан басқарманың «…Қара да тұр, түбі бір жерден шығасың. Сөзің солай сөйлеп тұр» деп айтқан көреген пікірі, берген ақ батасы араға аттай 60 жыл салып орындалып тұр. Міне, алтын сандықты нағашымның өз кілтімен аштық. Ісі келісті, еңбегі жемісті, жаны жайсаң жауапты хатшы Жаңабай Кемал – осындай жан.
Құндыз ДӘУІТОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Арал қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!