Қырман меңгерушісі Райыс ағай ылғи «Мен сендерге бір қызық айтайын» деп бастайтын әңгімесін. «Қырманда сары плащ киген бір кісі жүр, облыс әкімі Сапарбаевқа ұқсайтын сияқты, қазір төбеде күріш тазалайтын агрегаттардың қасында тұр» деді жайбарақат мінезіне салып. Шаруашылық басшысы екеуміз бірден «қой» деппіз. Далаға атып шығып төбе жаққа қарасақ, шынымен Бердібек Машбекұлы екен. Төмен түсе «Қырман тасысын» деп біздің сәлемімізді ақ жарқын пейілмен алып жатыр. Аймақ басшысының біздің шағын ауылымызға ескертпей келуі бізді таңғалдыруда. Қасында – тек жүргізушісі. Қалжан ахун шаруашылығының директоры Құлбаев Алданберген ағамыз да қонақты қырман қосына қарай бастап, шаруашылықтың жай-күйімен таныстырып, әбігер болуда. Алдекеңнің де шаруашылыққа басшы болып «қайта» келгеніне көп болған жоқ еді. Алдыңғы қызметі облыстық орман шаруашылығының бас директоры болған.
Бердібек Машбекұлы қырман қосында бір сағаттай отырып шай ішіп, әңгіме үстінде аймақтағы жаңалықтармен бөлісті. «Менің аяқасты ауылдарыңа келуім, сіздерді ойландырып отырған шығар, – деп ашық әңгімеге көшті. – Көкейімде көптен бері мазалап жүрген жұмысым, Алдеке, өзіңізбен кездесіп, алдыңыздан өту еді. «Ойпырмай, бұл қалай болды?» деп ренжіп те жүрген шығарсыз. Облыстың кадрларын тиімді пайдалану саясатында Сіздің бұрынғы қызмет орныңыз керек болды. Сондықтан Сізді осы шаруашылыққа әкелуге тура келді. Өзіңіз білесіз, кадр ауыстыру мәселесінде осындай жағдайлар болып тұрады. Жігіттер ол жөнінде өзіңіздің келісіміңізді алған болу керек. Сіздің ел алдындағы еңбегіңізді бағалап, алдағы жұмыстарыңызға табыс тілеп, әлде де бірге жұмыс істейміз деген сеніммен келіп отырмын» деп Адекеңнің қолын алды.
Қазір ойлап отырсам, Алдекеңе аймақ басшысының бұлай келуі үлкен абырой және алдағы жұмыстарына сәттілік әкелді. Талай жетістікке жетіп, әлде де аяғы үзеңгіден кеткен жоқ. Сол кездесу менің әлі есімнен кетпейді. Өйткені әңгіме-дүкен құрған аз уақытта ол қазаққа тән «Ұлық болсаң – кішік бол» деп айтқандай, ізеттілік пен әдептіліктің, құрмет пен адамгершіліктің жоғарғы құндылықтарын көрсетіп кетті.
Марат ОМАРОВ,
Сырдария ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!