Гендерлік теңдік туралы сөз қозғалса, ойымызға алдымен әйел теңдігі, қоғамдағы рөлі мен оның қорғалуы жөніндегі пікір туады. Ал, ерлердің теңдігі мен ондағы теңдіктің тура сақталуы турасында ой-талқыны сирек кездестіреміз, тіпті жоқ десек те артық емес. Осы тұста, еліміздегі ерлердің мәселесін майшаммен қарайтын маңызды айдың, сондай-ақ, арнаулы күннің бар екенін білдіңіз бе?
Қараша айында ерлерге арналған бір емес, екі халықаралық мереке бар. Біз әдетте 19 қарашада атап өтілетін Халықаралық ерлер күнін ғана білеміз, алайда дәл осы айда ер-азаматтардың құқығы, денсаулығы және әлеуметтік жағдайына назар аударатын тағы бір маңызды дата бар – «Men’s Equality Month», яғни ағылшын тілінен аударғанда «Ерлердің теңдігі айы».
Бұл екі күннің қатар келуі кездейсоқтық емес. Қазіргі қоғамдағы ерлерге қатысты әлеуметтік көзқарастарды, гендерлік саясаттың тепе-теңдігін және ер-азаматтарға бағытталған саясаттың өзекті мәселелерін қайта қарауға мүмкіндік. Біріншісі ерлердің үлесін, рөлін, жауапкершілігін бағалауға бағытталса, екіншісі олардың көрінбей жүрген мәселелерін жүйелі түрде талдауға арналған.
Бүгінгі күні гендерлік теңдік көбіне әйелдердің құқықтары төңірегінде айтылатыны жасырын емес. Гендерлік саясат жайлы қоғамдық пікір ұзақ уақыт бойы бір арнамен ғана ағып келді, яғни теңдік дегеніміз – әйелдердің құқығын қорғау, әйелдердің қоғамдық мәртебесін көтеру, әйелдерге жасалған тарихи әділетсіздіктің орнын толтыру. Бұл бағыттың қажеттілігі мен тарихи негізі даусыз. Алайда, біржақты бағытталған саясаттың ұзақмерзімді салдары ретінде ерлердің де әлеуметтік, психологиялық, құқықтық деңгейдегі мәселелері назардан тыс қалып, шынайы теңдіктің өзі дисбалансқа ұшырай бастағанын байқауға болады. Жүйе бір жақты түзетуді ғана маңызды санап, екінші жақтың ауыртпалығына «ер-азамат қой» деп көз жұмған сайын, қоғамдағы гендерлік саясат әділеттіліктің орнына дауысы қаттырақ шыққан топтың риторикасына тәуелдене бастайтыны рас.
Әрине, гендерлік саясаттың алғышартында алдымен әйел мәселесі тұрса, демек қоғамның әлсіз тұсы деп танығанымыз. Ал, қоғамның әлсіз тұсы тек әйелмен ғана шектелмейтінін қазіргі қақтығыстар мен мезгіл мәселесіне айналған кей тақырыптан байқауға болады. Атап айтар болсақ, бала күтіміндегі жалғызбасты әкелердің теңдігі, әскердегі сарбаздардың өзара соқтығысы, ал айтуға тіпті ұят та болар, әйелінен жәбір көруші ерлер мәселесі. Иә, тізбектеп тізімдегенімізбен, біз білмейтін, қоғамның тасасында тығылған біршама маңызды мәселе де жетерлік.
Осы тұста қараша айында қатар келетін екі дата – «Ерлердің теңдігі айы» және 19 қараша – «Халықаралық ерлер күні» – қарапайым кезекті мерекелік күндер емес, қоғамдағы терең әрі ұзақ жылдар бойы еленбеген әлеуметтік проблемалардың индикаторы ретіндегі көрінісі. Демек, бір ай көлемінде әлем ерлердің проблемаларын қағаз жүзінде емес, нақты фактілер мен тарихи контексті негізге ала отырып, қайта талқылайды.
Ал, осы маңызды мәселені майшаммен қарайтын мерекенің тарихына тоқталсақ, 1999 жылы доктор Джером Тилуксингх ұсынған Халықаралық ерлер күні алғаш қарағанда ерлерді дәріптеуге арналған сияқты көрінгенімен, оның түпкі ойы ерлердің үлгі боларлық рөлін ғана насихаттау емес, олардың психологиялық қысымы, денсаулық мәселесі, отбасындағы жауапкершілік салмағы, құқықтық ала-құлалықтар сияқты жүйелі проблемаларды ашу болды. Ерлердің үлесі тек еңбек нарығы мен саясатта емес, эмоциялық әрі моральдық тірек ретіндегі рөлі де назар аударуды қажет етеді. Алайда қоғамдық дискурста ерлердің проблемасы туралы айту көбіне әлсіздік белгісі ретінде қабылданғандықтан, бұл тақырып ұзақ жылдар бойы жабық күйінде қалды.
Ал, ерлердің теңдігі айы әлдеқайда жүйелі және өткір бастама ретінде пайда болған. ICMB бұл айды жариялай отырып, ерлерге қатысты нақты 12 саланы айқындаған: алғашқысы, білім беру саласындағы үлгерім мен оқуды тастау мәселесі, келесісі – қазіргі уақыттағы өзекті мәселеге айналған ерлер денсаулығының күрт нашарлауы, өндірістік жарақаттар мен кәсіби тәуекелдердің басым бөлігі, сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар мәселе – жалғызбасты әкелерге қатысты құқықтық әділетсіздік, медиадағы ер бейнесінің стигматизациясы, жалған айыптаулардың құқықтық салдары, ерлерге қатысты зорлық-зомбылықтың статистикалық көрінісі, психологиялық көмекке қол жеткізудегі ішкі тосқауылдар және ең ауыр көрсеткіштердің бірі – ерлер арасындағы суицид деңгейінің тұрақты жоғары болуы. Бұл мәселелердің әрқайсысы – қоғамның өз ішінде де, мемлекеттік саясатта да ерлердің проблемаларын елемей келгенін дәлелдейтін деректер.
Десе де, ең сорақысы – осы мәселелердің ашық айтылмауы. Әйелдер құқықтары жөніндегі қозғалыстардың ашықтығы, институционалдық қолдауы мен құқықтық механизмдерінің көптігіне қарағанда, өкініштісі сол, ерлер проблемасы туралы айту көбіне қоғамда мысқыл мен бейжай көзқараспен шектелуде. Бұл да қоғамның гендерлік теңдікке біржақты қарауының салдары екені анық. Теңдік бір тарапқа ғана назар аудару арқылы орнамайды. Теңдік – екі жақтың да мәселесін шынайы мойындағанда ғана қалыптасатын әлеуметтік тепе-теңдік.
Айта кету қажет, бұл ретте ерлер күнін атап өту – ерлердің «жауынгерлігі», «қаттылығы» немесе «еркектік артықшылығы» туралы бос риторика емес. Керісінше, бұл күн – ерлердің ішкі және сыртқы қысымдардан қажыған, көзге көрінбейтін ауыртпалығын түсінуге шақыру. Әсіресе, біздің қазақтың «ұят болады» менталитетінде ерлік – үнсіздікпен, ауыртпалықты көтере беруімен, эмоцияны жасырған күйде өмір сүруімен өлшенетіні жасырын емес. Осындай мәдениет жағдайында ерлер психологиясы екінші кезекке ысырылып, олардың әл-ауқаты қоғамдық талқының сыртында қалады.
Сондықтан қарашадағы екі дата – жай ғана мерекелер жиынтығы емес. Бұл қоғам өзін әділетті санай отырып, бір топтың мәселесін көрмей келгенін мойындауға арналған айна десек, артық емес-ті. Сондай-ақ, мұны біз әлі күнге дейін гендерлік саясатты толық ұғынбағанымыздың дәлелі деуге саяды. Теңдік үшін күресу – біржақты саясаттың күшеюі емес, әр адамның мәселесін тең дәрежеде тану. Ерлер мәселесін айту – әйелдер мәселесін жоққа шығару емес, керісінше толыққанды, көпқабатты әлеуметтік шындыққа бет бұру болса керек.
«ЖІГІТ ЖЫЛАМАЙДЫ», БІРАҚ…
«Егер қоғам ерлердің проблемаларын мойындамаса, оның әсері ертең отбасыға, балаларға, еңбек нарығына, демографияға және әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей соққы болып тиеді, себебі ер адам – тек отбасының емес, қоғамның да тірегі. Ал тіректің әлсіреуі – тұтас қоғамның әлсіреуі» дейді әлеуметтік психолог Кәмшат Советқызы.
– Психология тұрғысынан ерлердің эмоцияны ішке жұтуы – мәдениетпен қалыптасқан ең қауіпті мінездік модельдердің бірі. Көп елде, әсіресе посткеңестік кеңістікте, ер адамға бала кезінен «жігіт жыламайды» деген тыйымдық кодтар сіңіріледі. Бұл – өз кезегінде қарапайым кеңес емес, эмоционалдық репертуарды жасанды түрде тарылтып тастайтын психологиялық шектеу. Нәтижесінде, ер адам эмоцияны сыртқа шығаруды емес, оны жүйке жүйесінің терең қабаттарына көміп тастау тактикасын меңгереді. Бұл тактика сырттай «батылдық» болып көрінуі мүмкін, бірақ ішкі дүниеде ол жүйелі күйзеліс механизмін қалыптастырады.
Эмоцияны ішке жұту – психологияда «алекситимиялық модель» деп аталады. Мұндай адам өз сезімін атауда да, түсіндіруде де қиналады. Тиісінше, ашу, реніш, қорқыныш немесе әлсіздік сияқты эмоциясын анық жеткізе алмаған соң, оның ең жеңіл жолы – үнсіз қалуды таңдайды. Ал үнсіздік уақыт өте келе эмоциялық реакцияны жалаңаш күйінде қалдырады. Адам сырттай қалыпты көрінгенімен, іштей күйреп жатады. Бұл құбылыс «жасырын күйзеліс», «masked depression» деп аталады. Ер адамдарда депрессия көбіне классикалық түрде емес, ашушаңдық, агрессия, суықтық, енжарлық немесе өзін оқшаулау арқылы көрінеді. Бұл да – біздің қоғам әлі күнге дейін дұрыс танымай отырған симптомдардың бірі.
Ерлер проблеманы жалғыз көтеруге бейім. Жаны ауырғанда, моральдық қысымды сезінгенде немесе өмірлік дағдарыстарға тап болғанда, көмек сұрауды әлсіздік, өз қадірін жоғалту, мәртебеден айырылу деп қабылдайды. Мұны мәдени кодталған жалғыздық немесе «гендерлік оқшаулану синдромы» деп атайды. Мәселен, ер адамда әлеуметтік байланыстар бар болғанымен, эмоциялық тірегі жоқ, яғни сыр бөлісетін адам табылмайды. Оның ішкі әлемі біртіндеп күйрей бастайды, ал сыртқы әлемге ол баяғыша «мықты» көрінуге тырысады, — дейді әлеуметтік психолог.
Маманның айтуынша, кез келген адам күйзелістен шығудың үш жолын іздейді: рационалды, эмоционалды және компенсаторлық. Ал ерлер көбіне соңғысына бейім келеді. Себебі, олар эмоцияны талқыға сала алмайды, рационалды шешімге жеткізетін ашық әңгімеден қашады. Сол кездері ең қолжетімді, ең тез тыныштандыратын, бірақ ең қауіпті тәсілдерге жүгінеді: темекі, алкоголь, электронды стимуляторлар, жалған тыныштық беретін әдеттер сынды.
Темекіні «көк түтін» деп романтикаландыру – ерлердің күйзелісін көрмей келген қоғамның тағы бір салдары. Бұл да ашық талқыға түсуі тиіс өзекті мәселелердің қатарында дейді маман.
– Шын мәнінде темекі тарту күйзелістен шығу емес, оның бетін уақытша бүркемелеу ғана. Психологиялық тұрғыдан темекі тарту – эмоцияны қысқа уақытқа басатын ритуалдық тыныштандыру механизмі. Бірақ оның түбінде әлсіздік емес, күшеніп жасырылған ауыр күйзеліс жатыр. Темекі ер адамға тыныс береді деп ойлаймыз, ал шын мәнінде ол эмоциясын тұншықтырған жанның жалғыз «тыныс орнына» айналады.
Ерлердің эмоцияны ішке жұтуы суицид көрсеткішінің жоғары болуына да әкеледі. Статистика бойынша, ерлер көмек сұрауды кеш бастайды, қиындықты көпке дейін айтпайды, ал дағдарыс шегіне жеткенде әрекеті де шұғыл әрі қауіпті бола түседі. Эмоциялық оқшаулану – ішкі күйреудің ең ауыр факторы.
Психологтар үшін ең қиын, бірақ ең қажет жұмыс – ер адамға сезімін мойындаудың өзіне қарсы емес екенін, әлсіздік емес, күш екенін түсіндіру. Себебі сезімдерін атай алу – оны басқару жолындағы алғашқы және ең маңызды қадам. Ер адамның эмоциясын ашуы оның мәртебесін төмендетпейді, қайта оның адами табиғатын тереңдетеді. Тиісінше, елімізде күйзелістегі ерлер саны азаяды,— дейді психолог Кәмшат Игембаева.
Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл күннің сондай-ақ, тұтас бір айдың маңызы осы тұстарда білінеді. Алайда, кейінгі теріс көзқарастардың салдарынан, яғни «гендерлік теңдік – тек әйелдердің құқығын ғана қорғау» деген таяз түсініктен бүгінде ерлер қауымында бұл саясатқа аса бір қызығушылықтың жоқ екендігін байқаймыз. Дәл осы тақырыпты кеңінен тарқату мақсатында гендерлік зерттеуші, заңгер, фембике Айгерім Құсайынқызымен тілдескен едік.
– Біздің ер-азаматтарымыз эмоциясын толыққанды шығара алмауын ұят ұғымына әкеліп жабыстырып қояды. Ал бұл гендерлік саясатта қозғалуы керек мәселенің төрттен бір бөлігі ғана. Қазіргі қоғам контексіне ене бастаған «мамасының баласы», «инфантильді еркек» – осы бүгінгі қоғамдағы кей еркектің эмоциялық күйреу нәтижесінде, жауапкершіліктен жалтарғанының көрінісі.
Гендерлік теңдік «біреу жеңсе, біреу ұтылатын», жеңіс тұғырында тек мықты не жалғыз адам қалсын дейтін біз үйренген ойындарға мүлдем ұқсамайды, содан болар, қабылдауымыз қалтқысыз жүрмей жатыр, — дейді заңгер Айгерім Құсайынқызы.
ТҮЙІН. Гендерлік саясат – біздің саяси аренамызға әлі де ене алмай жүрген саясаттардың бірі. Көзқарас пен қабылдау екіжақты жұмысты талап еткенімен, бұл тұрғыдағы таным-түсінік әлі де біржақты. Қоғамның қай тұсы әлсіз, сол тұстың дауысы әлдеқайда қаттырақ шығатыны рас. Теңдікті тереңірек зерттеп, соған сай ерікті түрде әрекет қылу – әр қоғам мүшесі, яғни біздің міндетіміз.
Перизат ЗАХРАДИН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!