Адамда мінез туғаннан бастап тәлім-тәрбиеден келетіні белгілі. Мінезің қаншалықты жайлы болса, демек отбасыңда дұрыс тәрбие берілгені. Ал, керісінше мүлдем көндікпейтін жан болсаң, нағыз сорлының өзісің. Мықты азамат болу үшін ер баланы жастайынан шыдамды етіп тәрбиелеу керек. Отбасына тірек, қорған, асыраушы болған ер-азамат қазіргі таңда нағыз еркек статусына ие. Ал басынан тәрбиесі дұрыс болмаған еркектің іс-әрекеті – ішіп-шегу, отбасын ойран етіп, әлімжеттік жасау, ойындарға құмар болу. Бұны бүгінгі сорлы еркек дейтініміз анық. Ақылы ауласынан аспайтын еркектің санасы қай жерге дейін баратынын біле білсеңіз болады. Бұндай еркектер – сөзге түсінбейтін, мәдениеттің иісін де білмейтін жандар. Міне, осыдан кейін сорлы еркек болмай кім? Әрине, бәріне бірдей топырақ шашқанымыз емес, дегенмен еркек деген ер мінезді, жұдырығымен емес қабағымен әйелді басқаратын болу керек қой.
Иә, кейде көп сөйлеп, пысықсыған ер-азаматты көргенде «жаратылысына сай әрекет жасамай ма, еркек емес пе?» деп жатамыз, ал дауысы мен мінезіне, сырт келбетіне қарап ғана мықты еркек екен дейтініміз өтірік емес. Десе де, бұндай ойдан мүлдем қателесуіңіз мүмкін. Екеуі екітүрлі адам болуы әбден ықтимал. Бойында әйелге тән қылықтары бар ер-азаматты ойыңызбен төмен дәрежеге түсіріп тастасаңыз, ол – нағыз әйелін сыйлайтын, отбасының тірегіне айналған еркек. Ал сырт келбет адамды шатастыра береді. Сыртына қарап тон пішпе дегендей, еркектің түр-түсіне емес, оның іс-әрекеті мен сөйлеу мәнеріне қарап анықтағанымыз жөн. Ислам дінімізде де ең нашар еркектің әрекеті нәзікжандыларға қол көтеру деп айтылады. Бұндай еркексымақтардың күнәсі де, ақыреттік жазасы да ауыр болады дейді.
– Құранда: «Еркектер әйелдерге пана, қамқоршы, жауапкер, қорған, басқарушы» деген. Ендеше, осы жауапкершілікті арқалаған еркек отбасының тізгінін өз қолына алып, парасаттылықпен, үлкен жауапкершілікпен басқаруы тиіс. Еркек отағасы екенмін деп дөрекілікке, «мен айттым болдыға» салынбай, бар мәселені өзара түсіністікпен, қашанда ақылдасумен шешкені жөн. Әйелдер де еріне бағынуы тиіс, – дейді Қызылорда облыстық дін істері басқармасының баспасөз маманы П.Шарапатова.
Расымен де, әйел еріне бағынатыны, бір саты төмен тұратыны жаратылысынан екені анық. Десе де, Алла тағала әйелді еркекке аманат етіп, аманатқа қиянат жасамауын да әмір еткен. Хадисте «Әйелдеріңді ренжітпеңдер. Ол – Алла тағаланың сендерге аманаты» делінеді. Тағы бір хадис шәрифінде «Дүние өткінші пайда ғана. Оның пайда тигізетін ең қайырлы жаратылысы – ізгі әйелдер» делінген. Осы хадистерден-ақ, әйел адамның отбасының бақыты, мейірімділіктің тірегі екені анық көрініп тұр емес пе?
Қазіргі ерлердің төмен деңгейге түсіп бара жатқанын күнде көзіміз көріп, құлағымыз естіп келеді. Тіпті, жақындарымыздың да үйіндегі еркектерімен арпалысып жүргендерін байқап жүрміз. Бұл жағдайға қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова апамыз да үн қатып, бүгінгі ер-азаматтарды ондырмай сынаған сұхбаты да бар: «Бүгінгі еркектер жатыпішер жалқауға айналған. Сондықтан болар қоғамда жауапкершілігі жоқ, масыл ер-азаматтар көбейген. Қазір әйелдер алдыға шықты. Ез еркектер, ынжық еркектер көбейді. Әйелдің етегінен ұстайтын, солардың тапқанымен күн көретіндер көп. Әлгі «әйел – базаршыл, еркек – қазаншыл» деген осыдан шығып отыр. Бұл әңгімеммен сонау тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық кезеңді айтқым келіп отыр, сол уақыттарда әйелдер ала дорба көтеріп қызмет жасаған, ал еркектер бала-шағаға қарап үйде қалған. Содан көпшілігі масылдыққа үйренді. Егер де ер-азамат «арым – жанымның садақасы» деп тұрса, қыздар келімсекке күйеуге тимес еді, әйелдер үйден кетпес еді. Бұл жерде ер-азаматтар кішкене иығын көтеру керек, әңгіме – қожайын болуда емес, шаңырақ иесі болуда. Қазақта киіз үйді тіккенде шаңырақты еркектер көтереді. Қалған тірліктің бәрін әйелдер жасайды. Ер-азаматтарға бір сілкініп алу керек». Әрине, Зейнеп Ахметованың бұл пікірі қазіргі қоғамдағы ащы шындық, тіпті үлкен мәселеге айналуда. Себебі, еркектердің ынжықтығынан ажырасу салдары да көбейген. 2024 жылы еліміз бойынша 40,5 мың ажырасу болған.
Ал бұл мәселеде психолог мамандардың пікірі жан-жақты. Отандық психолог Ержан Мырзабаев бұл жағдайға: «Қазіргі еркектер – проблемалық адамдар. Отбасында бала тәрбиесіне атсалыспайды және ішінде үлгі болатындары жоқтың қасы. Әйеліне қол көтерсе, «өзімді ұстай алмай қалдым, ашуланып кеттім» деп жиі айтып, қайта сол жағдайға жеткізетіндер көп. Отбасында еркектің жауапкершілігі әйелге қарағанда басым, ал қазір бізде сол жауаптылықты көтеріп жүретіндер өте аз» дейді. Ал психолог Олег Силявский: «Еркек ол ең алдымен өзінің еркектік табиғатына, рухани есеюіне тәуелді. Еркектің міндеті – жауынгер болу, қорғау, қолдаушы болу. Ол осы қызметін білмесе, онда ол еркек емес. Ер адам үшін өз ісінің болуы маңызды. Яғни, күнделікті істің болуы, еркектің аңшылыққа шығуы, тамақ табуы, тағысын тағы. Сонда ол тірі қалады, абыройдан айырылмайды. Үрім-бұтағын асырап, жеткізеді» дейді.
ТҮЙІН. Нағыз ер болу – күш пен қайратта емес, жүректің батылдығы мен адалдықта. Сенім мен жігер, намыс пен еңбек – нағыз ер жігіттің айнасы. Сондықтан, нағыз еркектік ұлы істерде емес, күнделікті тірліктегі адал әрекеттерден көрінеді. Ер-азаматтың еңбегі мен ісі жақсы болса, қашанда отбасы үшін абырой биігінде тұрады.
ҚЫРМЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!