Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елі Ерәлиді ұмытқан жоқ

09.02.2023, 9:40 249

Жаңақұрылыс – тіршілікке қолайлы жер. Сырдарияның теңізге құярлығында осындай ауыл бар. 150 түтіннен асар-аспас, мыңға жетпейтін халық қоныс тепкен. Жай жатпағаны белгілі, тірлігін тиянақтап, өзінше қарекет етуде. Бұл ауыл 1974 жылы өз алдына кеңшар болып құрылғанша Карл Маркс совхозының (қазіргі Бекарыстан би) бөлімшесі болған. Ол кездегі Карл Маркс – Қазалыдағы маңдайалды шаруашылық, күріш егумен айналысқан айтулы елді мекен.

Ауылдың іргесіндегі «Ақбасты» көлінің өзі бір кездері тұтас халықты асыраған. Тұнық суда қаяз, сазан, ақбалық, шабақ, тістілерімен бірге ондатр болса, көл қамысын қалың қабан жайлайды. Қырғауылы мен қояны өріп жүр. Шабындығы мол «Алтынтапқан», «Жайынды» көлі, «Сарыайғыр» мен «Қосүйтам» алқаптары, «Үш айдын», «Науша», «Қызкеткен», «Төбеқайыр» – мал өрісіне жайлы жер. Қала тіршілігінен тым алыс жатқан жаңақұрылыстықтардың басты кәсібі осы төрт түлікпен  байланысты.

Жаңақұрылыста «жұлдызым – көкте, бақытым – елде, несібем – жерде» дейтін жұрт тұрады. Бүгінгі айтпақ кейіпкеріміз де осы өлкеде туған. Осында кіндігі кесіліп, құмында балалық шағы өткен. Арман қуып, Алматыға да осы жерден аттанды. Мақсатына жетіп, мамандығымен абыройлы атанса да, өскен ел мен жерін ұмытқан жоқ. Жиі соғып тұратын. Дүниеден өткенше ауылға көп аялдайтын.

Әңгіме Арал мен Қазалыда көп жылдар дәрігер болып қызмет еткен Ерәли Маханов жайлы. Өзім де ол кісімен әңгімелесіп, шаңырағында аунап-қунап жатқанмын. Өйткені, Ерали аға – менің әкеммен туған бажа. Шешемнің жездесі. Бірақ бір білерім, жезделік туыстықтан да аса ыстық болып, әкеміздей қамқор бол­ғанын  несіне  жасырамыз?!

Ол қарапайым шаруа отбасында өсті. Көрші ауыл Бөгендегі орта мектепті  бітірген соң әу баста армандаған мамандығына қол созыпты. Онысы әрине, дәрігер  болу еді. Осы мақсатпен Алматыдағы мемлекеттік медицина институтына түсіп, 1971 жылы аяқтап шықты. Одан соң Қызыл­ордадағы облыстық ауруханада бір жылдық   интернатурадан  өткен.

– Екеуміз Алматыдағы мемлекет­тік дәрігерлік институтта қатар оқыдық. Ол «Емдеу ісі», ал мен «Балалар дәрігері» мамандығын алғанбыз, -деп еске алады әріптес-досы, денсаулық сақтау саласының үздігі, зейнеткер Жеткерген Өтегенов. – Мен 1969 жылы оқуды тамамдап, Арал аудан­дық ауруханасына балалар дәріге­рі болып орналастым. Ал Ерәли 1971 жылы мединститутты аяқтаған соң Бөген ауылдық ауруханасында қыз­мет жолын бастады. Одан соң Қазалы­дағы Карл Маркс совхозында дәрігер-педиатр болып еңбек етті. Кейін Аралдағы Қызылжар ауылында аурухананың бас дәрігері болып көп жыл жемісті қызмет еткені баршаға аян. Менің білетінім, ол сауатты әрі жауапкершілігі өте жоғары азамат еді. Содан болар, ол еңбек еткен қай ауыл тұрғынынан сұрасаңыз да, Ерәли­дің білікті дәрігер екенін айтады. Мен кейінгі 25 жылда Қамыстыбас ауылында бас дәрігер болдым. Сонда Ерекеңмен ұдайы семинар-кеңесте бірге болып, тәжірибе алмасып, тонның ішкі бауындай отбасымызбен бірге араласқан жайымыз бар. Нағыз дос деуге татитын жігіт аз ғой өмірде. Бірақ ол бұл үдеден шыға білген азамат.

Ерәли ағамыздың халыққа сыйлы, жұртқа құрметті болуының бір ұштығы Құдай қосқан қосағы Гүлнар Елшекенқызында жатыр десек, артық айтпаспыз. Қызылорда медицина­лық училищесін «Акушер» мамандығы­мен бітірген Гүлнар күйеуімен бірге 34 жыл осы салада тер төкті. Жұмы­сы­мен қоса, бала тәрбиесін де ұмыт­пай, ұл мен қыздың дұрыс бой түзеуіне көп еңбек сіңіргенін баса айтуымыз керек.

Ал қазалылық ардагер, ауданның Құрметті азаматы, денсаулық сақ­тау саласының үздігі Болат Сәд­уов Ерәли­дің ауыл халқын емдеуде, әсіресе, балалар  денсаулығын  түзеуде  еңбегі  көп  екенін  айтады.

– Ол Қазалы ауданындағы қазіргі Бекарыстан би ауылында қызмет істеді. Бұл 1973-1982 жылдар еді. Әрине, ол уақытта ауылдық жерде дәрігер болу оңай емес. Оның үстіне балалардың денсаулығына да жауапты болды. Әлі есімде, 1978 жылы балалар арасында «сары ауру» дейтін дерт жайлады. Қазіргідей емес, ол кездегі тұрғындар ішіп отырған ауызсудың сапасы нашар, талапқа сай емес. Міне, сол кезде әріптесім Ерәли осы қиыншылықтардың бел ортасында жүріп, кішкентайлардың саулығы үшін күресті. Сол жылдары Ү.Түктібаев, Майдакөл, Жаңақұрылыс елді мекендеріне дәрігерлік қызмет көрсетіп, ел аралап, балалар арасындағы аурушаңдықты болдырмау үшін түрлі түсіндірме жұмыстарын жүргізуден жалықпайтын. Профилактикалық шаралар, жұқпалы аурулардың алдын алуда егу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүруін жиі қадағалап отыр­ды. Соның арқасы шығар, артынша балалар арасындағы белең алған ауру күрт азайды. Расымен, Ерәли халық алдындағы азаматтық парызын, дәрігерлік міндетін жо­ғарғы деңгейде атқарған азамат. Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіріп, сол мінезінен жаңылмаған Ерекеңнің еңбе­гін туған елі  ұмытпақ емес, ұмытпайды  да, – дейді  ардагер  дәрігер.

Жауапты мамандықты тізгін­деген дәрігердің ең ұзақ қызмет істеген жері – Қызылжар ауылы. Мұндағы 25 жылда абыройсыз болмады. Басы ауырып, балтыры сыздағанды, ауыр науқастарды емдеп, құрметке бөленді.

Кейіннен Аралдағы іргелі елді мекеннің бірі, өндірісті аймақ Жақсықылыш кентінде 5 жылдай бас дәрігер болды. Мұнда өз міндетін толықтай орындады. Одан соң Арал қаласындағы аудандық аурухананың қабылдау бөлімшесінде меңгеруші қызметін  атқарды.

Бас-аяғы 43 жыл дәрігерлік сапта талмастан еңбек етіпті. Жарты ғасырға жуық жиған білімі мен мол тәжірибесін осылайша халыққа қыз­мет етуге жұмсады. Мемлекеттік марапаттар, Денсаулық сақтау министрлігі мен сала басшыларының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Президенттің Алғыс хатын алып, «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалімен  марапатталды.

– Әкем  Елшекен  Қуанышбаев  бес рулы елден келін түсірсе, жеті рулы елге қыз беріп, Құдай қосқан құда болды. Ең алғашқы құдасы да Ерәли жездемнің әкесі, Жаңақұрылыс­тың байырғы тұрғыны Әбдірейім Маханұлы, ал құдағиы Жамиға Құрманбайқызы. Иә, Әбдірейім ақсақал өз тұстастарына өте сыйлы, әулеттің ақылшы ақсақалы болды. Інілері Қана­ли, Төрали, Нұрғали да ауылдың белді азаматтары еді. Ал Жамиға шеше­міз әкемнің айтуынша, ұзын бойлы, ақылына көркі сай, ер мінез­ділеу  болған  деседі.

Екінші апам Гүлбаршын көрші ауылға тұрмысқа шыққанда әкем ешкімді тыңдамай, кешірімге келген кісілерді қабылдамай қойғаны бар. Сондай ашу үстінде Жамиға құдағиы келіп, «Елеке, бір ашуыңды маған қи, ел-жұртқа күлкі қылмай, екі балаңа батаңды бер» деп еркек кіндік жолай алмай тұрған Елшекен құдасының райынан қайтарғаны бар. Көзкөргендер осылай айтады. Осындай текті, ұят пен иман ұялаған әулетте тәрбие­ленген жездемнің кейінгі ғибратты жолы Арал мен  Қазалы халқының көз  алдында, – деп еске  алады  Нұртай  Қуаныш­баев.

Ерәли мен Гүлнардың кіндігінен өрген Биғали, Иманғали, Асхат, Алмат, Сәуле, Гауһар, Айнагүл есімді ұл-қызы бар. Барлығынан 26 немере мен  жиен, 4  шөбере  сүйді.

Бүгінде Ерекеңнің балаларының барлығы жоғары білім алып, өз сала­сында қызмет етіп жүр. Шаңырақ иесі саналатын Алматтың қолындағы Гүлнар апа осылардың қызығына батып, жарына Құранын бағыштап, шүкіршілікпен отырғанына куә болып  келеміз.

Ержан  ҚОЖАС,

журналист,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: