Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дос көңілі

24.08.2023, 12:20 584

HALYQLINE.KZ

Мөлтек  сыр

Бозбала шағымызда «дос көңілі шарайна, сындырып алма абайла» дегенді жиі айтушы едік. Албырт сезім жетегімен осы сөздің байыбына терең бойлай бермегенімізді де жасыруға болмас. Енді ақыл тоқтатар жасқа жеткенде дос көңілінің қаншалықты қымбат екенін ұғына түскендейміз.

Жуырда ақын, жазушы-журналист Дүйсенбек Аяшұлы қоңырау шалды. Өлең өлкесінде өрнекті қолтаңбасы бар досым өзімнің, отбасымның, бала-шағамның амандық-саулығын сұрап, елпілдеп жатыр. Оның жатырқауды білмейтін ашық-жарқын мінезі, кішпейіл дағдысы көңілімді бір серпілтіп тастады. Әлгі ел арасында «Алыстағы досыңа ат берсең де жарасар – үйіне мініп барсын деп. Жақындағы досыңа хат берсең де жарасар – ұмытса есіне алсын деп» деген сөз осындайда айтылса керек.

Санама өткен күндер оралды. Облыстық «Сыр бойы» газетінің Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі қызметіне жаңадан кіріскен кезім. Бір күні «Сыр бойы» газетінің бас редакторы, танымал жазушы Жақсылық Рахматулла көкеміздің орынбасары Оразбек Мақсұтұлы телефон соғып, Әскербек Рахымбекұлы аға мен Дүйсенбек Аяшұлының Арал, Қазалы аудандарына іссапармен баратындығын, менің бірге еріп жүруім қажет екендігін жеткізді. Бұл хабарға бір жағы қуанып, екінші жағынан абыржып қалдым. Олай болатын реті де бар. Сол тұста Әсекең мен Дүйсенбектің есімдері жыр сүйер қауымның арасында кеңінен мәлім еді. Өзім де олардың туындысын, әсіресе Дүйсенбектің «Пәтерші» деген өлеңін жатқа оқитынмын. Алыс ауылда өсіп, жазу жолына өзгелерге қарағанда кештеу келген маған осындай айтулы азаматтармен әріптес болу бақыты бұйырса, қалайша толқымассың? Қонақтарымды күтіп алып, сыбағалы малын сойып, дастарқан жайып дегендей ізет көрсеттік. Текке қобалжыппын. Әскербек аға да, Дүйсенбек те өте қарапайым жандар екен. Бірден тіл табысып, шүйіркелесіп кеттік. Ас ішіп, жайланған соң отбасымыз болып меймандарымыздан өлең оқуларын өтіндік. Сол түні біздің шаңырақта кішігірім поэзия кеші өткендей күй кештік. Келесі күні іргелес жатқан қос ауданның орталығында болып, оқырмандармен кездестік. Іссапардан көтеріңкі көңілмен оралдық. Арада тура жиырма жыл өтті. Қазіргі таңда Жақсылық, Әскербек, Оразбек ағалар арамызда жоқ. Ал, Дүйсенбекпен сыйластығымызға сызат түскен емес.

«Басымыздағы нығметтердің қызығы оны достарымызбен бөліскенде арта түседі» деп ғұлама Аристотель айтпақшы, отбасылық қуанышымызды бір-бірімізбен бөлісіп тұрамыз. Дүйсекеңнің жары Қалдыгүл, көзінің қарашығындай ұлы Рүстем мен әулетінің игі қадамына бек тілекшіміз.  

Маған Аяшұлының шұрайлы тілде ауыл өмірі туралы жазған жазбалары сондай жақын, тым етене. Өз басым Дүйсенбектің әрбір туындысын қалт жібермей мұқият қадағалап оқимын. Тіпті өзімді сол оқиғалардың бел ортасында жүргендей сезінемін. Жуырда Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі Дүйсенбек Аяшұлының «Жұлдызым жоғары» атты өлеңдер жинағы қолыма тиді. Кітапты оқып шыққанша асықтым.Үлкен әсер алдым. Ондағы:

Жанымды жалғандықтан емдегесін,

Жалғаймын кеткендердің мен де көшін.

Тас белгімнің алдына тастүйініп,

Сондай бір күн туады, сен келесің…

Кемдіктің неғыласың бірді екісін,

Жанарың тасқа тамған жырды оқысын.

Тосарсың құлағыңды жүрегіме,

Тірліктің тазалаған күл-қоқысын.

Мен сонда түрегелем, тұрқым ерен,

Кеудеме жан салады шіркін өлең.

Адамдай-ақ ауылдан кеше кеткен,

Мәңгілік мекеніне бір түнеген.

Тіршілік – кіндік тұстан төменгі мұң,

Өмірден биік қойдым өлең құнын.

Болжайды ақын ғана келер күнін,

Біледі Алла ғана менен бұрын… – деген жыр шумағы көңілімді астан-кестен қылды.

Дүйсекең туралы жазбамды заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың: «Адамзат ақыл-ойы талай ғажайыптарды ойлап тауып жатыр ғой. Алда да небір ғаламат жаңалық ашылар. Бәрібір ең ұлы жаңалық – жазу. Одан асқан жаңалық болған емес. Жазудың ойлап табылуы – мәңгіліктің біржола мойындалуы. Жазу адам нәсілін ақылды, айлалы етіп қана қойған жоқ, иманды да ибалы, парасатты да етті. Шын мәнінде ғылым, дін, мәдениет жазудың арқасында пайда болды. Осы арқылы өткен ұрпақтардың құндылықтарымен сусындады, кемелденді» деген сөзімен түйіндеуді жөн санадым.

«Жұлдызың жоғары» болсын, Дүйсен дос!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: