Жазғы каникул мезгілі. 9-классқа көшкен уақытым. «Сырттан ауылға зоотехник болып жұмыс істейтін жас жігіт көшіп келіпті. Зейнет жасындағы анасы, жас балалары бар. Келіншегі ауылдағы емханаға мейіркештікке орналасыпты» дегенді естіген болатынбыз. Ешкімді жатырқамайтын қазақы үрдіспен «Е-е-е… дұрыс болған екен» деп қойғанбыз. Алайда жаңадан келгендермен жүздесу реті түспеген.
Бірде үйдегілер әлдебір шаруамен мені ауылдың «тақтайтам» немесе Гагарин аталатын бөлігінде тұратын туысымыздың үйіне жұмсаған. Сол тұста біздің ауылдың балалары әлденеше аумаққа бөлініп, жанжалдасушы еді. Көше төбелесінің нағыз қызып тұрған шағы. Егер көше ұғымындағы әрбір аумақтың белгіленген шекарасынан өтіп кетсең, үлкен жанжалға қаласыз. Межелі жерге жетіп, шаруамды бітіріп, үйге қарай аяңдағанмын. Кенет… алдымнан бізге қарсылас болып жүрген көшенің үш баласы сап ете қалсын. Қарсылас болғанда қайбір бөлісе алмай жүрген шаруа бар дейсіз. Әншейін балалық ғой. Әлгі үшеу мені көре сала жау көргендей атойлап кесекті жаңбырша жаудырды. Қарап тұрып таяқ жейін бе? «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа». Мен де қолыма іліккенді оларға лақтырып, қашып құтылуға тырыстым. Мәссаған! Менің лақтырған кесегімнің бірі қарсыласымның төбесінен асып барып, қарсы беткейде тұрған үйдің абажадай терезесіне сарт ете қалды. Қос қабатты әйнектің быт-шыты шықты. Мұны көрген үшеу безіп кетті. Көзге көрінбеуге тырысып, мен де зыта жөнелгем. Үлгермедім. Терезесі қираған үйден жүгіре шыққан бір адам мені адымды аштырмай қуып жетіп, желкемнен бүркітше бүрді. Қолы мұндай қарулы болар ма?! Көзімнен жасым ыршып түсті. Жаңағы кісі мені желкемнен ұстап, дырылдата сүйреп, үйінің ауласына кіргізді.
Алдымда сұсты жүзді, егде жастағы апа тұр екен. Сасқалақтап тұрған менің санамда «мына апа мен мені ұстап тұрған жігіттің түрі қатты ұқсайды екен» деген ой жалт ете түсті. Маған оқты жанарын қадаған апа менің бұл жерде не істеп жүргенімді, кімнің баласы екенімді, руымды сұрады. Маңдайымнан терім сорғалап тұрып әкемнің атын, руымның Майдан екенін айтып бердім. Сол-ақ екен желкемнен қысып ұстап тұрған жігіттің саусақтары жазылып кетті. Апа болса бетіме мейірлене қарап «Бәрекелді! Мұндай болмасаң, батыр болармысың. Жарайсың, бауырым!» деп күліп жіберді. Мен ешнәрсенің мәнісін түсінбей абдырап қалдым. Апаның да, жігіттің де жүзіндегі ашулы өңдері бірден өзгеріп кетті. Адам баласы тілдескенше. Әңгімелесе келе апамыздың есімі Шарипа Құдабайқызы, Майданның қызы екендігін, ұлы Беріктің Майдан руына жиен екендігін білгенмін. Шарипа апамның үйінен көңілденіп шықтым. Апам терезе-әйнектерін өзі салдыртып алатындығын жеткізсе, Берік мені аула сыртына дейін шығарып салды. Аман-есен құтылғаныма қуанып, үйге қарай құстай ұштым. Арада жылдар өте Берік Әбиұлы Бисембаевпен қызметтес болатынымды, қарамағында жұмыс істейтінімді тіпті білген жоқ едім.
Әкенің қаны, ананың сүтімен дарыған кеңпейілдік, турашылдық, қонақжайлық Бәкеңе де тән қасиет. Осындайда «қай нәрсе де адамның пейіліне қарай беріледі» деген ұлағатты сөз есіңе түседі. Берік «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхозда (қазіргі Жанқожа батыр ауылы) ұзақ жыл еңбек етті. Зоотехник, бас зоотехник, партком хатшысы, савхоз директоры болып жұмыс істеді. Еліміз егемендікке қол жеткізген тұста кеңшардың аты әулие әрі батыр Жанқожа бабамыздың есімімен аталды. Ауылды көркейтуге барынша талпыныс жасады. Имандылық іс-шараларынан да қалыс қалған жоқ. Ұлы жолдың бойынан ауылға бұрылар тұста Жанқожа бабамызға арналған ескерткіш-белгі орнауына сол кездегі совхоз директоры Берік Бисембаев бастаған ел азаматтары, аудан, облыс басшылары телегей тер төкті. Бекең, сондай-ақ, мұнан көп жыл бұрын Жанқожа бабамыздың әкесі Нұрымбет, көкесі Өтеген бабамыздың бейітінің басына түнеухана тұрғызылуын, Сарқұл қожа мешітінің ашылуын, ауыл орталығынан субұрқақ (фонтан) салынуын, «Әулие бағын», басқа да көпшілікке қажетті нысандардың іргетасы қалануын, бірнеше мәрте ауыл тұрғындарының Жанқожа батыр бабамыздың Қызылқұм қиясындағы мәңгілік мекеніне зияраттауын ұйымдастырды.
«Біраз жыл бұрын жұбайым Қаңтай қатты сырқаттанып, Алматыда ауыр ота жасатты. Сапар алдында Өтеген-Нұрымбет бабамыздың бейітіне зияраттап, тілек тіледік. «Жақсыдан шерепет» деген. Алла қолдап, бабалар аруағы жар болған шығар. Сәтті шықты», – деп еске алады Берік Әбиұлы.
Қазіргі таңда Қазалы ауданының Құрметті азаматы, көптеген марапат-мадақтамалардың иегері Берік Әбиұлы Бисембаев пен жары Қаңтай – өсіп-өнген үлкен әулеттің тірегі. Ат жалын тартқан перзенттері де – әке жолын қуған көпшілікке сыйлы азаматтар. Біз білетін Бисембаев – дәл осындай жан.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!