Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айдарлыдағы «Дала академигі»

29.01.2025, 9:15 146

HALYQLINE.KZ

Адам баласының қартаюы – табиғи заңдылық. Дұрыс қартая білу де – үлкен адамгершілік қасиет. Қартайғанын мойындамай, жастарға орнын бергісі келмей, зейнеткерлікке абыройсыздықпен шыққандарды да көрдік. Кейде қарт адамды соңғы сапарға шығарып салғандағы жаназасында әр руға берілетін шапан мен ақшаны бөлісе алмай, қызылкеңірдек болып жататын қарттарды көргенде қынжыламыз. Себебі, жастарымыз айқайлағанын көріп тұрса да еш қысылып, қымтырылмайды. Оларға қарама-қарсы кәрілік туралы ел аузындағы:

«Ат мініп, атын жетелеп келмейді, сірә кәрілік,

Күтпейді оны көпшілік, сағынып, не тарығып» деген сөзге бағынып, табан еті, маңдай терімен атқарылған азды-көпті еңбегінің жемісін халық игілігіне, өзінен кейінгі буынға үйретуден жалықпайтын қарттарымыз құдайға шүкір баршылық. Олар туралы халықымыз: «Үйінде қарты бардың қазынасы бар» дейді. Ондай қарттарымыз күнделікті өмірімізде қарапайым, барға қанағатшыл, жоққа жабықпас және төзімшіл. Ағайынды алаламайтын көпшіл. Өз төңірегіне тек жақсы адамдарды ғана жинап, ой-пікірін әдемі сөздермен жеткізе білетін, сабақтап майын тамызатын әңгімешіл болады. Осындай қарттарымыздың тілегі – ел бірлігі және халық қамы. Ал, біздің қатарымыздың уайымы – сырлас әрі сыйлас қарттарымыздың сирегені. Осындай қарттарымыздың бірі кеше ғана ортамызда жүрген ағам, Сырдария ауданы, Айдарлы ауылының байырғы тұрғыны Асан Беркімбайұлы Рүстембеков еді.

Асан ағам жеке басқа табынушылықтың шарықтау шағы «отызыншы жылдар ойраны» атанған 1936 жылы дүниеге келген болатын. Айдарлы ауылындағы мектеп 7 жылдық болғандықтан, 8-сыныпты Аманкелді ауылындағы мектеп интернатта оқуына тура келді. Интернаттағы тамақ қашықта тұратын малшылардың балаларына ғана берілетін. Ауылдан әкелген талқан мен құртын үнемдеп жеп, сабақты жақсы оқып, қатарларының алды болды. Соғыстан кейінгі уақыт белгілі емес пе? Сабақтан тыс уақытта колхоздың ауыр жұмыстары: соқамен жер жыртты, үлкендермен бірге егін екті, егін орды, қысқа отын шапты, т.б. жұмысты атқарды. Ондай жұмыстарға бала кезінен бейімделген болатын, соғыс кезінде жасы сегізде болса да, күріштің масағын теруден бастаған болатын. Асан ағамның әкесі Беркінбай көзі ашық, көкірегі ояу жан болатын, алғашқы уақытта ауылнай, сосын ауылдық кеңес төрағасы болды. Беркімбай 1920 жылға дейін арабша, 1929 жылға дейін төте жазудан сауаты болған, 1940 жылдан кейін кириллицаны игеріп, орысша да сауатты болған. Соғыстан жаралы болып елге оралған соң, ауылдық Кеңестің төрағасы болып істеп жүргенде жарасы асқынып, 1952-1958 жылдары төсек тартып жатып қалады. Беркімбай 1958 жылы 58 жасында қайтыс болды. Төсек тартып жатқанда бар ермегі кітап оқу болды, осы қасиет баласы Асанға да дарыды. Асан ағамның алғашқы оқыған кітабы 1948 жылы жарық көрген «Қазақстандық 28-панфиловшылар ерлігі» деп аталады. Асан ағам 1947 жылы М.Әуезовтың «Абай жолы», 1948 жылы С.Мұқановтың «Сырдария», Ғ.Мұстафиннің «Миллионер», 1949 жылы Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» романдарының алғашқы басылымдарын оқыған қазыналы қарттарымыз болып саналатын.

1957-1960 жылдары Кеңес армиясының қатарында әскери борышын Горький қаласында өтеді. Ол кезде әскери қызмет мерзімі үш жыл еді. Одақтық пошта каталогында жоқ Қызылорда облыстық «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетіне, пошта қызметкерлеріне біраз жұмыс тауып беріп, екі жыл бойы жаздырып алып, жерлестерімен бірге оқыды. Горький қаласында атом бомбасын жасаған, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик Игорь Курчатовтың құпия атом институтында істеп жүргенін, 1960 жылы 7 ақпанда И.Курчатов қайтыс болғанда бір-ақ білді. Москваға академикті табытпен құрметпен шығарып салған күзет сапында болды. Әскерден келген соң Айдарлы ауылында жұмысшы болып еңбек жолын бастады. Оқуға зеректігін байқаған басшылар Алматы қаласындағы қысқамерзімді есепшілер дайындайтын курсқа жіберді. Он бес жыл бойы Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл ауылдарында есепші болып абыройлы еңбек етті. Алайда бала кезінен дене еңбегімен есейген Асан ағам құрылыс саласына ауысты және еңбекқорлығының арқасында құрылыс шебері болып ұзақ жыл еңбек етті. 1982 жылы заман талабына сай өзінің тоғыз ұлымен мердігерлік әдіспен жанұялық құрылыс бригадасын құрып еңбек етті. 1992 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанша Айдарлы ауылында 40 тұрғын үй салып, өз қолтаңбасын қалдырды. Жұмыс арасында қайтыс болған ауылдастарының көптеген бейітін салып беріп, халықтың батасын алды. Қазіргі заманда бейіт салуды кәсіпке айналдырған кезде, жастар жағы мұны түсіне бермейді. Қайырымдылық, сауап деген имандылық қасиеттерді нарық заманы ығыстырып тастағаны шындық, қайырымдлық іс жасағанын газет бетіне жариялап жарнамалап жатады. Асан ағаммен таңға дейін талай сырласып әңгімелескенде: «Бақытжан, сен әр келгенде бір қуанып қаламын, қазір қатарларым азайды, жоқтың қасы, Жетікөлде құрдасым бар, онымен де жас келгесін баруым азайды, менің ұзақ жасауымның сыры, кезінде еңбегіме ақша емес бата алғандықтан деп ойлаймын» деген болатын.

Кеңес үкіметін қазір қанша жек көргенмен де, ол заманда еңбек адамына деген құрмет ерекше болатын, жұмысшы мамандығына құрметпен қарағандықтан 1967 жылы жолдамамен Польшада болды. Кейінен Алматы, Шымкент, Жамбыл облыстарындағы шипажайларда тегін емделіп қайтқан болатын. Асан ағам 20-дан сәл асқанда Бибіаят есімді қызға үйленіп, дүниеге он бала әкеліп тәрбиелеп өсіріп, барлығын да үйлендіріп үй қылды. Бибіаят апай «Батыр ана» алтын медалімен марапатталған ардақты ана, ұзақ жыл совхозда еңбек етіп, 1989 жылы еңбек демалысына шықты. Қос еңбек ардагерінің тоғыз ұлдан кейінгі қызы Саяның дүниге келуінің өзінің қызық тарихы бар. Сонау 80-жылдары Асан ағам Алматыда қонақүйде демалып жатқанда, қасындағы Сапар Рахманбеков Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың туысқаны болып шықты. Сапар ағасы Рақымжанға сәлем беріп баруға Асан ағама бірге жүр дейді. Асан ағам «танымайтын үйге қалай барамын» деп бас тартқанда, Сапар «ешқандай да ұяты жоқ» деп қоярда қоймай батырдың үйіне қонаққа ертіп апарады. Сонда Рақымжанның балдызы Саямен танысады. Сая сол кезде Москвадағы Г.Плеханов атындағы ауылшаруашылық институтында оқып жүр екен, жазғы демалысында жездесінің үйіне қыдырып келіп отыр екен. Сая орысша сауатты, ана тілінде шебер сөйлей білетін, ақылына көркі сай болуы Асан ағама қатты әсер етеді. Егер Бибіаят қыз туса есімін Сая деп қоямын деп іштей көп армандады. Ол арманына 1982 жылы жетіп, қызды болғанда Сая деп атады. Сөз арасында ағам Алматы ауылшаруашылық институтының екінші курсынан оқуын тастап кеткеніне өкінетінін де айтатын. Тоғыз ұлым да жоғары оқу орнында оқығысы келмеді деген еді. Тоғыз ұлының әрқайсысы бір-бір мамандықтың шебер иелері болып отбасын асырап отыр, қанағатшылдық әкесінен дарыған ғой деп іштей мен де ойлап қойдым. Қызы Сая ғана жоғары оқу орнын бітіріп, қазір Айдарлы ауылындағы мектепте мұғалім болып қызмет атқаруда. Он баласынан ағам 18 немере 8 шөбере, 6 шөпшек көріп кетті.

Енді Асан ағамның кітапқұмарлығына келейін, кезінде облыстық телеарнадан Асан ағамның облысқа белгілі үлкен кітапханасы туралы жарты сағаттық фильм түсіріп, талай рет көрген болатынбыз. Республикалық қоғамдық-саяси «Дала мен Қала» атты апталығының 2009 жылдың 3 тамызындағы санында Қаныбек Әбдуовтың «Кітап сүйетін кісі» мақаласы және менің «Айдарлыдағы Асан ағай» атты мақалам облыстық «Сыр ардагері» газетінің 2011 жылғы №6 санына жарияланған болатын.

Бастапқыда Асан ағам Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл ауылындағы және Тасбөгеттегі кітапханасындағы кітаптарды түгел оқып болғасын, Қызылорда қаласындағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының тұрақты оқырманы және түрлі кештің қадірлі қонағы болды. Өмірілік қосағы Бибіаят та осы кітапхананың тұрақты оқырманы болғандықтан, танымдық кештерге бірге шақырылатын және үздік оқырман ретінде алған сыйлықтары да бар, оқыған кітаптары туралы дастарқан басында екеуінің пікірлесуі күнделікті әдеттері болды.

Қазіргі уақытта марқұм Асан ағамның артында қалған кітапханасында 6 мыңға жуық кітабы бар. 1960 жылдан бастап республикалық газет-журналдың тігіндісі де мұқият сақталған. Ағамның кітапқұмарлығын мына деректен білуге болады. Жылына 240 кітап оқып отырған, сонда 1947 жылдан бастап, қаншама кітап оқыған десеңізші?! Өмірінің 74 жылында қаншама кітап оқығанын есептеп шығаруға да болады.

Асан ағам 2021 жылы қайтыс болды.  ұмыс істеген жылдары қолынан кітабы түскен жоқ, қасындағылар түскі үзілісте, шаршағандықтан бір сағат ұйықтап алғанда, ағам кітап оқитын еді, бір кітабын 2-3 рет оқыған кезі болды. Оқыған кітаптары бойынша «Афоризмдер», «Тарих», «Өнер», «Мақал-мәтелдер», тағы басқа тақырыптарға бөліп жазған 250-дей қалың дәптері бар. Керек тақырыпты кез келген уақытта тауып ала қоятын еді. Бұл деген көз майын таусып жазған қыруар еңбек! Бұндай еңбекті филолог не тарихшы жазушы еді. Асан ағам бұның бәрін өзім үшін жазып жүрмін дейтін.

Сырдария ауданындағы Айдарлы ауылына 90-жылдары Қазақстанның Еңбек Ері, ұлы ақын Мұхтар Шаханов Асан ағам туралы көп естігендіктен арнайы іздеп барып, кітапханасымен танысып болып: «Академик те ауылда тұрып жатыр екен ғой» деген еді. Мұхтар Шахановтың осы сөзінен кейін Асан Рүстембеков «Дала академигі» деп аталып кетті. Асан Беркімбайұлы өмір өткелінен сүрінбей өткен, ел тарихын, ру шежіресін, салт-дәстүрді жетік білетін көпке танылған тұлға еді. Сөз соңында айтарым, Беркімбай сәбилі бола алмай жүрген ағасы Рүстембекке ырым қылып сегіз айлық Асанды береді. Асанды бауырына басқан соң, ұлды болып, есімін Ыдырыс деп қояды. Ыдырыс Рүстембеков – менің қайын атам. Асан ағам деп отырғаным сондықтан.

Бақытжан Абдул-ТҮМЕНБАЙ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: