БІР ҚЫЗЫҚ
Үнемі басын ой торлап, ой қажап, ой қуып жүретін адамның сырт көзге ойсыз, нақұрыс сияқты болып көрінетіні қызық.
СУЫҒАН КӨҢІЛ
«Баймыз» деп дес бермей мақтанатынбыз. Қазір жұмған аузымызды ашпайтын болыппыз. Соған қарағанда, ұлан-ғайыр байлықтан ұлтарақ та бұйырмайтынына ақи-тақи көзіміз жете бастаған сияқты…
БАР ЕКЕН, БІРАҚ…
Ер үшін, жер үшін, біреу үшін басын бәйгеге тігетіндерді таппай келемін. Креслосы үшін, кабинеті үшін, қызметі үшін жанын құрбанға шалатындар ғана қалыпты…
КӨБІК АУЫЗ
Көпсітіп көп сөйлейтіні сондай, аузынан сабынның иісі шығады.
БОСАҒАН ТӨР
Кесесін алып беруді кемдік көретін балықкөз бозымбайлар пайда болғалы үлкендер төрге отырудан қашатын болыпты…
БОҚТАҒЫШ
Құлағыңның естімейтіндігін білмесін, білсе дереу көзіңді бақырайтып қойып, тоқтаусыз боқтауға бар.
БҰЛ ДА «ЕРКЕК»
Әйелінің аурасында ғана толыққанды өмір сүретін сарыауыз еркек.
БІЗДІҢ ОРТА
Осы ортаның нанын жеп, суын ішкен адам болған соң, айтса – көнеміз, сұраса – береміз, қуса – қашамыз, өтінсе – ашамыз, мақтай қалса – ҚАЙНАҒАН сүттей тасамыз, қолға бірдеңе түссе – анда-мұнда будыратып шашамыз, «жинал» десе – жетіп келеміз, ертегіге шексіз сенеміз…
ЖАСАНДЫ ЖАН
Тойда сөйлер тостын күні бұрын мұқият, үтір-нүктесіне дейін қойып, жан-жақты дайындалады. Сондағысы – ақ жүректен ақтарыла, алғаусыз-риясыз сөйлеу емес, жаттанды ойларын қалай да бір-біріне жымдастырып, түпкі пиғылын тұмшалап жасырып қалу.
ЗАМАННЫҢ «ТӨЛІ»
Жетістіктерді сатып алуға үйренген. Сатып алғанын арсынбайды… Енді жетістіктерін мақтан қып кеудесін ұрғысы кеп жүр. Анау-мынауды менсінбей қалған…
ТІС ҚАЙРАУ
Қартайған сайын шашы қысқарған осы бір албасты қатындар-ай…
«АРНАУ»
Бәлдір-батпақ «қайраткерлерге» шимай-шатпақ өлеңдер…
ДЕЙДІ ЕКЕНДЕР
«Ананы жазып қойыпсың…» дейді… «Мынаны жазып қойыпсың…» дейді… Тағы бір ежірей: «Мені жазып қойыпсың…» дейді… Мен айналамдағыларды жазбай, кімді жазамын?!
БІЛІМ мен СҮДІН
Бұрынырақта үлкен кабинетке кіріп-шыққан соң, «Ой-хой, білімін-ай!» деп тамсанып. Бүгіндері үлкен есіктерді әзер ашып, сықырлата жауып шығып: «Ой, сүдінін-ай!» деп сүріне-қабына шығасың.
ЕКІ ЖАЙ
Көп жайларға қарап, ақыл-санасы кемел жаратылыс – адам болып туғаныңа қуанасың, тағы бір жайларға қарап адамзаттың өзінде дені дұрыс ақыл бар екендігіне күмәнмен қарай бастайсың…
ШЫҒАР ЖЕРІ
Ойсыздардан гөрі ойлылардың арасынан бұзықтар көп шығады.
«ҚАЗАҚЫ БАЛА»
Бір асатым май жесе де әукесі салбырап, ұрты болбырап марқайып қалады.
КӨП ЕКЕН
Құл мінезді құбақандар құмырсқадай қаптап жүр.
КӨРДІК
Көрікті қызға көркем көлік дайын тұр екен…
Ерғали АБДУЛЛА,
Арал қаласы
(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!