«Халық» газетіне 3-курста жұмысқа алындық. «Түске дейін – оқуға, түстен кейін – жұмысқа». Осы сценариймен соңғы 2 курсты тамамдадық. Сабаққа мойнымыз жар бермей тұрса, кураторға «жұмыста едім» дей саламыз.
Жастығымызға қарамай, қоғамдық-саяси тақырыптарға қалам тарттық. Жастық амбициямен министрліктің, жергілікті биліктің жұмысын сын тезіне салдық. Әрине, нақты дерек-дәйекке сүйене отырып. Сөйтіп, аз уақытта есіміміз ептеп елге таныла бастады.
Тәуелсіздіктік күніне орай Қазалы ауданында кең көлемде мәдени іс-шара болды. Соны ақпараттандыруға облыстан бір топ тілшілер аттандық.
Қазалы. Орталық алаң. Ақшаңқан үйлер. Аудандағылар журналистер үшін арнайы бір киіз үй тіккен. Түс әлетінде ас ішіп, аяқ суытуға кірістік. Сорайған бойымыз болмаса, дене-бітіміміз жұқалтаңдау ед(і). Оның үстіне облыстан барған журналистердің ішінде ең кішісі – мен. Дастарқан басында «Qyzylorda» телеарнасының редакторы Әкімжан Жолтаев күтіп алушыларға тілшілерді таныстыра бастады. Кезек бізге келгенде орнымыздан ақырын көтерілдік. Әдекең:
– Қозы Көрпеш Жасаралұлы! Республикалық «Халық» газетінің журналисі, – дей беріп еді, сол жерде ас-ауқат дайындап жүрген апайдың бірі сұраулы жүзбен:
– Әй, өзің кіп-кішкентай бала екенсің ғой. Газеттен мақалаңды оқып тұрамын. Мен сені бір ересек адам шығар деп жүрсем, – дейді таңданып.
Расында, ол кезде ашқұрсақ студенттің бірі едік.
СЫРТЫМЫЗДАН СЫБАП
Облыстық әдеп жөніндегі кеңесте аудандағы бір шенеуніктің тәртіптік ісі қаралды. Сол жиында айтылған ой-пікірлерді, сынға қалған шенеунікке қатысты мәліметтерді газетке жарияладық. Араға біраз уақыт салып әлгі шенеунік жұмыс істейтін ауданға ат басын бұрдық. Ойда-жоқта өзіміз сынаған азаматпен кездесе қалдық. Кабинетіне шақырды да, ол:
– Өткенде республикалық газеттің біріне мен туралы мақала шығыпты. «Осындай да, осындай» деп жазған екен. Авторы есіме түспей тұр..,- деп әңгіме бастады.
Сәл ойлансам, шенеуніктің айтып отырғаны менің мақалам екен. Бақсам, жазғанымызды жоққа шығарғысы келеді. Содан:
– Аға, айтып отырған мақалаңыздың авторы – мен. Келіспейтін тұсы болса, редакцияға хабарласыңыз. Дегенмен, ондағы мәліметтерді «аспаннан алып» отырған жоқпыз. Әрі-беріден соң сол жиында айтқан сөзіңізді айна-қатесіз жаздық. Сенбесеңіз, диктофонды қосайын, – дедік.
Бағанадан бері «сыртымыздан сыбап» отырған шенеунік сап тыйылды да, әңгімені басқа тақырыпқа бұрып әкетті. Ал біз іштей күліп отырдық…
Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!