Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кездейсоқтық деген – Құдайдың лақап аты

21.05.2020, 10:08 1709

ТАҢДАУ

Егер еркек алға жүргісі келмесе – қарапайым, ибалы, шешім қабылдай алмайтын, өзіне үнемі күдіктеніп жүретін, ерінің айтқанына көне салғыш қыз іздесін. Мұндай қызбен уайым-қайғыдан арылмайсың, көңілің үнемі алаң, күш-қуатыңды текке сарп еткеннен басқа нәтиже болмайды.

Мұндай қыздар ақшадан өлердей қорқады. Әшекей тақпайды. Қымбат қонақүй мен сапалы киімге қырын қарайды. Яғни, оның жанында еркек байлыққа кенелмейді.

Еркек бар табысын әйел үшін табады. Соның бір бөлігі өзіне арналады. «Әйел әдемі көйлек киген соң еркектер фрак киеді» деген тәмсіл бар. Әйел – қарым-қатынастың «бюджетін» қамтамасыз ететін инвестор. Қозғаушы күш. Еркек – сол «бюджетке» «стартап» жасайтын ұлы тасқын. Инвестор кірісін өзіне алады. Сосын одан да зор инвестиция құяды.

Егер үздіксіз дамитын қарым-қатынас керек болса, көзі жанып тұратын әйелді ізде. Позитивті, креативті әйел үнемі келешекке жоспар құрып, шешім қабылдауды басты қару етеді. Сонда еркектің өзі де, бизнесі де дамудың даңғыл жолына түседі. Жаңа деңгейге көтеріледі.

Александр Палиенко

ӨМІР – ОЙЫН

Сенің өмірің бір-ақ сәтте өзгеріп кете салуы ықтимал. Айналамызда біз байқай қоймайтын есепсіз мүмкіндіктер құжынап тұр. Біз тек әдемі сөздерді қайталағанды ұнатамыз. Әлдебіреудің жетістікке жеткені жөнінде кітаптар оқимыз, киносын көреміз. Ал өзіміз шарттылықтар қашан туады, қашан өзгеріс болар екен деп күтеміз. Сонда қалағанымыздай өмір сүретін боламыз деп армандаймыз.

Көп жыл бойы сылтау іздеудің кәнігі шеберіне айналдың. Сәл-пәл шыдасам, сабыр етсем қалаған биігіме жетем, арманымдағы адамыма айналамын, жалақым өсер, осы соңғы рет күткенім, ақырғы қайғыруым болсын дейміз… Осылай деу әділетті көрінеді. Басқаша қалай? Ойлашы, адам орнынан тұрды да өз қалауынша өмір сүріп кете салды. Миға сыймайды. Қалай? Өзгелерді сұмдық ыңғайсыздықта қалдырды ғой. Сен жай ғана солай ойлағаннан біраз адамның тынысы тарылары сөзсіз.  

Осы уақытқа дейін мен әрекет пен жетістік арасындағы айырмашылықты байқамай келіппін. Әйтеуір, бір жаққа талпына беру керек деп ойлаппын. Өмір деген – қозғалыс деппін. Мақсаттан мақсатқа алып-ұшып жүгіре беріппін. Тауға шығатын альпинист құсап, бір биіктен келесі биікке асығыппын. Қазіргі сәтке зейін салмаппын. Тек биікке ұмтылыппын. Алда тағы бір шың бар деп өзімді қанаттандыра беруші ем.

Жоғары шығу үшін аяқ қояр жер іздей бересің. Келесіде аяғыңды қайда тірейсің дегенді есте ұстайсың. Мұның бәрінен бір сәтте құтылдым. Күтуден шаршадым. Саналы өмір туралы көп оқыдым. Жағдайдың өзгере беретіні туралы. Ақылды адамдардың сұхбатына араласып отырушы ем. Бұның бәрі ақылдың қулығы екен. Мен ешқайда асығудың қажеті жоқ дегенді түсінуді кейінге қалдырып келіппін. Ешқайда талпынудың да керегі жоқ. Дәл қазір кімсің, қай биіктесің – маңызды емес. Жайбарақат тыныста. Өмірді өн бойыңнан өткіз.

Бұл әрекетті сөзбен сипаттаудың түк қажеті жоқ. Күнделікті өмірде оның қалай көрініс табатынын ғана сипаттауға болар. «Жақсы кездерді» күтуді доғарасың. Неғұрлым ыңғайлы жағдайға ұмтылмайсың. Кездейсоқ дәл қазір бақытты болу үшін бәрі бар екенін түсінесің. Өмір ағысын бақылайтын мүмкіндігің, осы ойыннан ләззат алу ғажабың. Ойынның мағынасы сан алуан түрлі мүмкіндіктерді бір-біріне кіріктіре отырып керемет шарттарға жол ашу. Сен ештеңе істеп әуре болмайсың. Сенің бар міндетің – өн бойыңнан өтіп жатқан өмір қалай өзгеретінін бақылау.

Оптикалық линзаны метафора етіп алайын. Оның жұмысы не? Ішінде не болып жатыр? Адамдарға да өн бойынан өтіп жатқан өмір ағыстарын түсіну үшін дұрыс пішін мен қалыпқа ену керек. Айналамызға тек өз пішінімізді өзгерту арқылы ғана әсер ете аламыз. Қоршаған ортаға өз ілтипатымызды өзгертіп қана әсер етеміз.

Дәл қазір қолда не бар? Сонымен жұмыс істе. Өзіңнің түсінігіңе кіріктір. Қажетті контексті тудыр. Әр адамды әрекетке құлшындыратын оймен сәулелендір. Ойын деген – осы. Импровизация. Ол үшін ешқайда асығудың, биікке ұмтылудың қажеті шамалы. Ештеңені күтпе де. Ойын үшін керектінің бәрі жүрегіңде бар.

Назарыңа не түсетінін анықта. Нені қалайтыныңды өзіңнен сұра. Соған жету үшін не істей алатыныңды есепте. Соған жетудің ынтасы жүректе, ақысы белгілі, не істеу керегін ғана анықта. Қалағаныңа қол жеткізіп, қуанышпен өмір сүр. Неғұрлым қарапайым, еркін шешімдерді ізде. 

Армен  Петросян

КЕЗДЕЙСОҚТЫҚТЫҢ  БӘРІ   КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ  ЕМЕС:

ЖАРАТҚАН  СЕНІҢ  МЕКЕНЖАЙЫҢДЫ  БІЛЕДІ

Кездейсоқтық деген – Құдайдың лақап аты. Өз атымен жазғысы келмегенде сол атын пайдаланады.

Ғалам екі адамды жолықтырғысы келсе, неше түрлі амал жасайды. Баспана, жұмыс, көңіл жарастыратын жан іздеп, көп адам өз үйінен алысқа кетіп жатады. Дегенмен сол сәтте Жаһандық сахнаның сыртында Ол бізге беймағлұм жолмен лайық адамдарды жолықтырудың жоспарын құрып үлгереді.

Кездейсоқ жағдай болмайды. Сәйкестік – өзін білдіргісі келмейтін Жаратқанның ойлап тапқан ғажап оқиғалары. Құдайдың жоспарында кездейсоқтық ешбір рөл ойнамайды. Сенің өміріңде болатын әр жағдай – ниетің мен ойыңнан туған нәтиже.

Жүрек қалауын орындағың келгенде, бүкіл Ғалам мұны қолдап, қолпаштайды. Сенің қалауыңдағы барлық оқиғаны Ғалам өз қабылдауымен орындап отырады. 

Құдай сенің мекенжайыңды біледі. Әрбір тиянақты шешімің Үлкен Анықтамалыққа енгізіледі. Қолдан келгеннің бәрін жаса, ұсақ-түйегін Ол түгендеп береді. 

Адам ниетіне жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, қалғанын Оған қалдырған кезде, небір ғажап орындала бастайды. Дұға қыл, жоспарла, ниетіңді түзе, шамаң жеткеннің бәрін жаса. Қалғаны өз бетінше дами берсін – не нәрсені де керек жерінде еркін босатып жіберу керек. Ол да дұға сияқты маңызды. Өз жолыңда кездестірген әр адам – сен жазған сценарийдегі рөлді сомдаушы. Сенің бір ғана жұмысың бар – сценарийді үнемі жетілдіріп отыру.  Сонда  фильм  ойдағыдай шығады. Бұл  киноның  режиссурасы – сенің  мойныңда.   

СЕЗІМДЕРДІҢ   ТАЛАСЫ

Бірде сезім атаулы бас қосып, кім мықты деп дауласыпты.

– Мен бәрінен күштімін, – депті Ғадауат, – Мен адамға жасай алмайтынды жасата алам. Менің арқамда Сатқындық пен Ашу пайда болған.

– Жоқ, мен сенен де күштімін, – дейді Қызғаныш, – Менің арқамда ешбір сезім тумаса да, мен адамды қылмысқа итермелеймін, тіпті кісі өлтіруге де.

– Бұларың не? – деп күйінді Жалғыздық. – Кісі өлтіру деген не тұрады? Мен адамды өз-өзін өлтіруге жеткізе аламын.

– Олай демеңдер, – деді Мейірім, – Неге мұндай сорақы нәрселерді айтасыңдар? Мен күштімін. Мен жоқтан бар тудырамын, бөлісуге, сыйлауға бейімдеймін.

– Па, шіркін! Оның несі таң екен? – деп сөзін бөлді Ғадауат.

– Оның бәрі түк емес. Жоқтан бар тудыру деген не? Егер елдің бәрі бір-бірін жек көріп, қырылысып жатса, кімге керек сенің тудырған туындың?

– Дауласпаңдар! Менен артық ешкім жоқ, – деді Махаббат. – Мен жақсы адамды жаман етемін, яки керісінше. Соңымнан ерте аламын. Мен кез келген кедергіні еңсере аламын.

– Бірақ қазіргі заманда Махаббатты ешкім керек етпейді, – деді Опасыздық.

– Оның рас, Махаббат өзінің құдіретінен  айырылғалы  қай заман? – деді Күмән.

– Ендеше, бәріміз бірдей болдық қой, – деді Немқұрайдылық.

– Олай емес, – деді Даналық, – Өзінің күшін айтып тасынбайтын сезім бар. Ол әрбірімізден де күшті. Ол Сатқындық пен Ашуды жеңе алады. Ол Ғадауаттан қорықпайды. Ол Опасыздықпен мүлде таныс емес. Оның өн бойында Махаббат қана бар. Ол тудыра алады, сый жасайды. Ол қай-қайсыңнан да мың есе күшті. Бәріңді қосқанда да оған күштерің жетпейді. Өйткені, ол үрейді білмейді. Өз күшін де танымайды.

– Мүмкін емес! – деп айғай салды бәрі. – Ондай сезім жоқ. Болса, қане, қайда?

– Оның сендермен дауласатын уақыты жоқ. Ол қазірдің өзінде пенде баласын сақтап, қамқорлық жасап, қорғап отыр. Уақытын текке жұмсамайды. Ол ылғи да Бақыт пен Тыныштықты күзетіп келеді. Өйткені, оның аты – Аналық.

Шынар  ӘБІЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: