Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі
Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын.
Н.Ә.Назарбаев,
Қазақстан Республикасының
Тұңғыш Президенті.
ХХІ ғасыр. 2005 жыл. 27 сәуір.
…Иә, иә,
Жұрт есінде сол бір көктем,
Керемет күткен қуаныш ел бұл көптен.
Аралдың шетіне кеп қонды, әнекей,
Құлдилап қос тікұшақ зеңгір көктен.
Жағаның жайма-шуақ іргелі елі,
Көктегі Күнге төсін қыр кереді.
Құртқашаш гүлдеп,
Жусан жұпар шашып,
Даланың кезеңі осы кірген өңі.
…Аспанда ақ мақта бұлт,
Төменде жер.
Айналып кетті кербез өлеңге жел.
Кортежді келе жатқан қалаға ағып,
Тосып тұр әне, алдынан елеңдеп ел.
– Бес құрлық, төрт мұхитқа асқан ісі,
Жасасын, Елбасымыз!
десті арысы.
Мейманның мәртебелі тосып жолын,
Көз алмас жағалаудың жас-кәрісі.
Көрдің бе, өркениет-өр ғасырым,
Аралға Астана асып, келді асылым.
Айдыны алты қырдан асқан әрі,
Алдында Арал жатты Елбасының.
Ақ шуақ таң сияқты арайланған,
Үкілеп үмітін ел қарайды алдан.
Ел-жұртпен есендескен Елбасы үшін,
Түлету Аралды осы талайғы арман.
– Қазақтың болсын сендей барыс ұлы!
– Сен барда Арал тірі!
Жаны сірі.
Аптығып анталайды аралдықтар:
– Армысың, уа, Нұрсұлтан Әбішұлы!!!
…Ерекше салтанатты елдің үнін,
Есітіп жымиды сәл.
Теңдік ұрын
Тиген жоқ қолымызға, рақмет!
Елбасы Арал үшін келді бүгін.
Екпінді өркендеу бар ел ісінде,
Рәуіш ризалық көп ішінде.
Ел қамын сенсің жеген Ер Едіге,
Рақмет, Елбасымыз сол үшін де!
Аз емес Арал жайлы, сірә да аңыз,
Біз үшін бағзы сақ пен ғұн о да абыз.
Алаңда жер қайысқан аралдықтар:
– Қош келдің, – дейді бізге Нұр ағамыз!
Жас ұрпақ, Арал сенің мәңгі ұлысың,
Кеше мен Бүгін менің болды ырысым.
Табаны тиген Арал топырағына,
Мың алғыс,
Уа, Елбасым, барлығы үшін!
Құлақ түр, ата-баба абызыма,
Алаштың арқау болған аңызына.
Беріде ноғайлыға, әрі де Арал,
Ордалы Отан болған оғызыңа.
…Бұрқырап қыратпенен бөктер гүлі,
Сәуірдің алтын шуақ төккен күні.
…Сілтідей тына қалды жұрт дабыры,
Сұңғыла Елбасының жеткенде үні:
– Мен 15 жыл бұрын осы жерге келгенімде, Арал халқына бір көмегімді тигізсем деген ойда болатынмын. Сол арманыма бүгінгі күні қол жеткізгелі отырмын. Қаншама экологиялық қиын жағдайды бастан кешсе де, қалың қазақтың ортасында отырған елдің ажары ашық, жүзі жарқын екенін сол кездері байқағанмын. Амандық болса, ертең Кіші теңізден жыл сайын 12 мың тонна балық аулауға қол жеткізілмек. Биылдан бастап Кіші теңіз суға толады. Ол үшін мемлекет кең көлемде қаржы бөліп отыр. Кіші теңізге 30 млрд текше метр су жиналып, бір кездері арман болған жұмысымыз өз нәтижесін беретін болады.
Бұл аймақтан кең-байтақ елімізге танымал әйгілі тұлғалар шыққан. Міне, өзіміз көргендей, кешегі күндері көптеген қиыншылықтарды көрсеңіздер де, атамекенге деген адалдықтан айнымадыңыздар. Осы жерде ұрпақ өсіріп, түтін түтетіп, Тәуелсіз Отанымыздың онан әрі өркендеуіне лайықты үлес қосып келесіздер.
– Елбасы екен, – дескен – есті кісі-ақ,
Ел-жұрты емен-жарқын тосты құшақ.
Сәулелі Кіші Аралды бетке ап сонау,
Сәлден соң көтерілді қос тікұшақ…
Жайылған кең дастарқан-жаға тіпті,
Кең-байтақ көкке көзін дала тікті.
Кешікпей қалдырды артқа қос тікұшақ,
«Мергенсай», «Үшшоқыны», «Қаратүпті».
Аралдың өскен асау толқынында,
Ақжолтай сапарыңа халқым ырза.
«Ақеспе»… «Ақбастының» ауылдары,
Теңіздің қол бұлғайды қолтығында.
Кенде емес жұртым әсте текті есімге,
Алатау асып…
Бірі кетті Есілге…
«Айжарым Тасты» менен «Бөлтен анау»,
…Аралдың атау, басат көп төсінде.
«Көкарал»… «Сарша» менен «Қаратөсте»,
Ілескен мен балықшы бала көшке,
Тулаған ау торында сары сазаны,
Алаңсыз абат күнді салады еске…
Қайтемін еске ап енді қиын күнді,
Қиын күн шаттандырған сиың кімді?!
Тікұшақ түстігінде «Домалақ» пен,
Бұйығы бұлдырайды «Бұйырғыңды».
Сабылтып сансыратқан сауалымды,
Табиғат, тарттым талай зауалыңды.
Қалайша аттап кетем аттан түспей,
Аңызға арқау болған «Ауанымды»…
Тікұшақ ризамын ұшқышына,
Самғатты Аралымның тұс-тұсына.
«Шулыған», «Изендіге» келген кезде,
Кешегі қиқуласқан құсты сұра.
…Тікұшақ самғайды әлі асып айдын,
Төменде дөңбекшиді тасып айдын.
Елбасы көз тастайды көк теңізге,
Сәулесін нұрлы арман мен шашып ойдың…
Ежелгі отаны бұл ұлы сақтың,
Бірі ойран өткенінің…
бірі шапқын…
…Шалқұйрық алтын қазан ап шыққан тұс1 ,
Бауырында қап барады тікұшақтың.
Қойнауы Көнебөген тұнған аңыз,
Сел жұтқан су астында құм қалаңыз.
Үстіне шыққан кезде Кіші Аралдың,
Түбіне ақ айдынның бір қараңыз.
Аз емес ашылмаған жаға сыры,
Аралдың әлі жұмбақ бар асылы.
Теңіздің табанынан Кердерінің2
Табылды бүгін бағзы қалашығы.
Бөгет пен заманауи таяу арна,
«Бөген» мен «Барса келмес»… «Баян» алда.
…Ой кешкен көк төсінде,
мүлде ұқсамас,
Елбасы жайбарақат жай адамға.
…Боянып күллі дүние көгіс түрге,
Мөп-мөлдір айдын төсі тегіс мүлде.
…Тікұшақ самғайды әлі самұрықтай,
Жеті қат аспан асты,
Жер үстінде.
Тікұшақ даусын тентек күй де тіптен,
Аумайды бала күнгі инеліктен.
…О, Арал!
Қасиетті даламызға,
Бір кезде шарайна едің бейне біткен.
Кезінде керуен-керуен кеме жүзген,
Кіші Арал кешегі сол келеді ізбен…
Жұртымның шаттығында шек жоқ бүгін,
Күдерін кеше ғана ел еді үзген…
Елбасы көңілі өстіп жайланғанда,
Құм басқан көз жіберді қойнауларға.
Тарихы тоқсан тарау қайран Арал,
Тірелді тығырыққа,
айлаң бар ма?!
…Елбасы құшағында қалың ойдың,
Тап-тайыз тартылған су… әріде айдын.
«Арманым – аяғынан тік тұрғызу,
Аралды…
Құшағында ол қалың ойдың.
Шежіре тартылған су табандығы,
Шым-шымдап жатыр аршып заман мұны.
Кіші Арал күмбір-күмбір келе жатыр,
Шүпілдеп суға толып жаңа әр күні.
…Елбасы толғанады, ойланады,
Кіші Арал қанатын кең жайған әрі.
Аралдың ахуалын күллі әлемнің,
Алдына БҰҰ3 -да қоймақ әлі.
…Тікұшақ аспан астын күйге бөлеп,
(Төменде толқын жатыр билеп ерек).
Қанжардай сызғылайды қарсы ағынды,
Ал, Күнді алтын сауыт түйме дер ек…
Ақша бұлт мызғиды, әне, алып дамыл,
Кіші Арал көрініп тұр анық қазір.
Бөгетін Көкаралдың бетке ап сонау,
Келеді қос тікұшақ қағып дабыл.
…Көшбасшы қиялында самғайды әр іс,
Шолады тікұшақтан шалғайды алыс.
Келеді көңіл бөліп Кіші Аралға,
«Nur Otan» партиясы қалмай қалыс.
«Аралым – егеменді ел бір бөлігі,
Ғажайып бөленеді гүлге өңірі
Күні ертең…»
ақтарылды Елбасының,
Соны ойлап ағыл-тегіл жыр-көңілі.
Айдын су барған сайын кемелденіп,
Бұйығы бұйрат құмға берер көрік.
Мейманға мәртебелі обл әкім.
– Міне, Арал, – деді бір кез: – төмендедік.
Тұп-тұнық Кіші Аралдың төсі мүлде,
Тәуелсіз халқымызға несібе ірге.
Шаңқылдап ақ айдында шағалалар,
Шошынып шарқ ұрады тосын үнге.
Кеп-кеше кеткен безіп сай-салаға,
Шошынба, су еркесі-ей, шағала!
Келеді күллі Аралдың ойлап қамын,
Бортында тікұшақтың жайсаң аға.
Ол – Нұрсұлтан Әбішұлы,
Ол – Елбасы,
Жанында сай тасындай командасы.
Кіші Арал мәселесі мәні терең,
Сондықтан толған білгір маман қасы…
Күркіреп сыймаған су шарасына,
Күні ертең жетеді Арал қаласына.
Оймақтай иллюминатор ар жағына,
Анталап көз тастайды бәрі асыға…
О, Арал,
Сымбатына ел үздіккен,
Жанында жіп есе алмас теңіз біткен…
Эгейден мөлдірлігі мың есе артық,
Аңызы Нұхпен арғы егіз тіптен…
***
– Әнекей, – деді бір кез обл әкім,
Бөгеті Көкаралдың, – деді жақын.
Аспанда ақша бұлттар ашады жол,
Аңғарып Елбасының жанын ақын.
Қалды артта қойнау-қолат теңбіл бетті,
Зіркілдеп, запы қылған зеңгір көкті.
Көкарал бөгетінің дәл үстіне,
Тікұшақ Елбасыны қондырды епті.
…Қақ бөлген көк теңізді бөгет басы,
Тау жота жақпар-жақпар бөлек тасы.
Балықшы… жұмысшыға кетті толып,
Бір кезде Елбасының кенет қасы.
…Бөгеттің қос қапталы толған айдын,
Еңсесін тіктеп елдің болған айбын.
Ақ тымық айдын төсі.
Тас төбеңнен,
Шағала шаңқ-шаңқ етіп, сорғалайды үн.
Теңіздің торғын дерсін түскі желін,
Қиялы самғап Арал ұшты көгін.
Нұр қонған қабағына Назарбаев,
Күректей балықшының қысты қолын.
– Кіші Арал – күллі Аралдың болашағы!
Жиналған жұрт мейманға жол ашады.
…Тоспаны тоғыз қабат көктей өтіп,
Таппайды ақжал толқын толас әлі.
Қаланың іргесінде бұрын мөлдір,
Ақ күміс айдын жатқан,
күнін сол бір.
Көп күткен күллі Аралға Елбасының,
Арманы табыстыру түбінде бір.
Болады бір ғажайып бұл елде әлі,
Толады бойлап теңіз мына арнаны.
Нұрына бөлеп бүгін,
Нұрекеңнің
Аралды өркендету – ұлы арманы.
…Алуан іс аз ба көңіл алаңдатар,
Алдымен БҰҰ-да Аралды атар.
Жарқылдап жанарында ел ертеңі,
Мазалап жанын күллі ғалам жатар.
Бастады болашаққа ол ізгі елді,
Балайды бір ғажайып аңызға ерді.
Елбасы «Қазақстан» кемесінің,
Ержүрек капитаны тәрізді енді.
Тулаған ақжал толқын жан-жағында,
Ақ кемем, ұлы мұхит алдарында.
Өмірдің айдынында жүзе бер сен,
Үстінде бар бағым да, арманым да…
Қазаққа арманы асқақ, ер көңілді,
Келер күн,
Қасиетті бер, төріңді!
Ел көрсін ерен ғажап ертеңіңді,
Жел керсін ей, ақ кемем, желкеніңді!
Шалқұйрық1 – қазақ ертегісіндегі Ертөстіктің аты. Шалқұйрық Арал түбінен алтын қазанды алып шықты деген аңыз-болжам бар.
Кердері2 – осы ғасырдың екі мыңыншы жылдары «Кердері» деген атпен тарихта белгілі болған ежелгі қалашықты археологтар қайтқан теңіз табанынан тапты.
БҰҰ-да3. ҚР Президенті Н.Назарбаев осы ұйымның 2007 жылғы 62-сессиясының биік мінберінде Арал туралы сөйледі.
Қызылорда қаласы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!