Мая МИРАНБАЙҚЫЗЫ,
№6 қалалық емхана бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары:
Аймақ карантинге жабылғалы емханалар да жұмыстарын қашықта отырып істеуге мәжбүр. Олай етпесе тағы болмайды, коронавирус инфекциясының таралу қаупі Қызылорда облысында өршіп тұр. Қазірдің өзінде 150-ден аса қызылордалық осы кеселдің құрығына ілікті. Қиын кезеңде халық адам жанының арашашысы болатын медицина қызметкерлерінің қашықтағы жұмыстарының ау-жайын білу мақсатында №6 қалалық емхана бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары Мая Мирзановамен әңгімелескен едік.
– Мая Миранбайқызы, №6 қалалық емханаға қарайтын аумақтар аз емес. Қазір ұзын саны қанша адамға қызмет көрсетіп жатырсыздар?
– Иә, қазіргі күні қаладағы 65478 адам біздің емхананың қызметін алып отыр. Жалпы әйелдердің саны – 33641. Оның ішінде дүниеге бала әкелуге қабілетті 15805 әйел тіркелген. №6 қалалық емханаға бүгінде «Шұғыла», «Жаңа базар», «КБИ», «Бәйтерек» мөлтек аудандары, сондай-ақ Коммунизм, Абай, Досан, Қарауылтөбе мен Баламекен елді мекендерінің тұрғындары қаралады. Хал-қадірімізше осынша халыққа тікемізден тік тұрып қызмет көрсетіп жатырмыз.
– Карантин уақытында жүкті әйелдермен қалай байланыс жүргізіп отырсыздар?
– Емханаға қарасты бас-аяғы 1127 жүкті әйел тіркелген. Жалпы, аяғы ауыр әйелдерді физиологиялық және қалыпты топтағы деп екі топқа бөлеміз. Физиологиялық жүкті әйелдерге біз телефон арқылы онлайн кеңес беріп отырамыз. Егер де қандай да бір шағымы болса, оларды үйден емдейміз. Ал экстрагениталды ауруы бар әйелдерді үй жағдайында анализдерін тексеріп, ем-дом шараларын жасаймыз. Қазіргі карантин уақытында әрине, жедел жәрдем қызметкерлері арнайы қорғаныш киімдерімен, құралдарымен барып тексереді. Бір сөзбен айтқанда, емханада жүкті әйелдерге қандай көмектер көрсетілуі керек, соның барлығын үй жағдайында жасауға мүмкіндік бар.
– Пандемияға байланысты жұрт бұрынғыдай емін-еркін емхана есігін қаға алмайды. Оның ішінде жүкті әйелдерге шектеу көп. Бұл тұрғыда не айтасыз?
– Бізде 9 акушер-гинекологиялық аймақ болса, соның бәрінде де арнайы онлайн чат ашылған. Ол чаттарда басшылық құрам өкілдерінен өзім де қосылғанмын. Сол жерде жүкті әйелдерге күн сайын «қандай да бір шағымдарыңыз болса, жекеге шығып жазып отырыңыздар» деп хабарлама қалдырамыз. Осы арқылы көптеген қыз-келіншектер, жүкті әйелдер денсаулықтарына байланысты арыз-шағымдарын бізге жеткізіп отырады. Шұғыл жағдайда біз көмек көрсетеміз. Хабарламадан бөлек, осы карантин уақытында ұсыныстарымызды да береміз. Мәселен, үйден шықпау, қонаққа бармау, уақытша қонақ күтпеу, көпшілік орындардан бойды алшақ ұстау деген секілді кеңестерімізді айтамыз.
– Гинеколог дәрігерлерден онлайн кеңес алуда тұрғындар тарапынан байланыс құралдарына байланысты қиындықтар туындауы мүмкін. Осындай кезде сіздер олармен қалай байланысасыздар?
– Қазіргідей заманда әр үйде бір смартфон болады деп ойлаймын. Ал егер ондай мүмкіндік болмаған жағдайда біз қабылдау уақыты белгіленген адамдармен өзіміз байланысамыз. Өйткені әрбір тіркелген адамның байланыс нөмірі бізде сақтаулы. Сол арқылы шағымдарын тыңдап, көмек қолын созамыз. Әзірге «онлайн кеңес алуда қиындық тудырып жатыр» деп маған ешкім хабарласқан жоқ.
– Күшейтілген карантин мерзімінде осы емханаға қарасты қанша әйел босанды?
– Барлығы 164 әйел босанды. Қазір олардың жағдайлары қанағаттанарлық. Денсаулықтарына ешқандай шағымдары жоқ.
– Тұрғындар арасында №6 қалалық емхана дәрігерлеріне, оның ішінде гинеколог дәрігерлердің қызметіне көңіл толмаушылық көзқарастарды естіп қаламыз. Кадрды қызметке қабылдағанда олардың білімі мен тәжірибесі қаншалықты ескеріледі?
– Көңіл толмаушылық ол бізде ғана емес, жалпы барлық жерде де орын алатын нәрсе. Ол бар. Жүктілік кезеңде әйелдердің ағзасында гормондық өзгерістер орын алған соң кез келген дүниеден ілік іздеп отыруы мүмкін. Ол да қалыпты жағдай. Тек қана дәрігерлерге ғана емес, өз отбасындағы адамдармен де арақатынасы психологиялық жай-күйіне байланысты өзгеріп кетуі де ләзім. Барлық дәрігер хаттама бойынша жұмыс істейді. Одан артық жұмыс болмайды. Ал қызметке қабылдар алдында емхананың бас дәрігері маманмен әңгімелесу жүргізіп, оның біліктілігі мен осы кезге дейінгі жұмыс тәжірибесіне жіті қарайды. Гинеколог дәрігерлерге көңілі толмайтын әйелдерді кейде өзіміз қабылдап отырамыз. Ондай да мүмкіндіктер бар.
– Жалпы халықтың емханаға келуі шектелді. Қазір сіздерге қарасты аумақтардан коронавирус инфекциясы табылған адамдар бар ма?
– Халықтың арасында қауіпті инфекцияны жұқтырғандар бар. Бұл індет бізді де айналып өткен жоқ. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Біздің бұл жердегі міндетіміз – сол аурумен байланыста болған адамдарды дер кезінде оқшаулап, қажетті шараларды қолдану. Коронавирусқа шалдыққандар арнайы хаттамаларына сәйкес емделіп жатыр.
– Карантин мезгіліндегі жедел жәрдем қызметі қалай ұйымдастырылып жатыр?
– Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бекіткен арнайы алгоритмге сәйкес жедел жәрдем жұмыстары бұрынғысынша қызмет көрсетіп жатыр. Карантин уақытына сәйкес, жедел жәрдем қызметкерлері арнайы талаптарға сай киініп, құрал-жабдықтарымен барады. Енді жүкті әйелдерге байланысты айта кетейін. Кейбір әйелдер болмашы нәрсеге бола жедел жәрдем шақырып жатады. Ал денсаулығы кезек күттірмейтін адамдарды барлық сақтық шараларды сақтап, ауруханаға әкелеміз. Өйткені денсаулығы шұғыл жұмыстарды қажет ететіндер бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!