Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ардақты ана, сүйікті жар, айбарлы офицер – Ақмарал

05.03.2020, 16:27 926

Аналар мерекесі әлемге шуағын ала келген көгілдір көктемнің әдемі сәтімен бірге келіп, әрбір адамның жүрегін тербеп, ерекше сезімге бөлейді. Қоғамда, отбасында аналардың орны ерекше. Жаратылысы нәзік болса да, бел қайысар ауқымды жұмыстардың басы-қасында да ер-азаматтардың қатарында әйел азаматшаларды байқауға болады. Қазақта «Алып – анадан», «Әйел бір қолымен бесігін, екінші қолымен әлемді тербейді», «Адамның жақсы болуы – нағашыдан», «Әйел қырық шырақты», «Ана – өмірдің шуағы» деген секілді теңеулер мен мақалдар өте көп. Қазақ атамыз ананы қадірлеп, әпкені құрметтеп, қарындасқа қамқор болып, жеңгені жақын тартып, келінді тәрбиелеп, қызды үкілеп, ұлағатпен өсіріп, құтты орнына қондыра білген.

Қазіргі таңда еліміздегі мемлекеттік және әскери мекемелерде де ерлермен иық тіресе әскери қызметте абыроймен еңбек етіп жүрген әйел азаматшалар бар. Солардың бірі – азаматтық қорғау майоры Ақмарал Сермағамбетова.

Ақмарал ұжымдастарымен бірге

Ақмарал Сағитжанқызы1972 жылдың 10 маусымында Қарағанды облысы Балқаш ауданы Сары-Шаған станциясында дүниеге келген. Әкесі Сағитжан Сермағамбетұлы балық өндірісінің білікті жетекшісі қызметтерін атқарған  Анасы Үршаш Әлібекқызы тігін цехының шебері болған екен. Осындай ата-анадан тәлімді тәрбие алған Ақмарал отбасында кенжесі және еркесі болса да, алты ағайынды, көпбалалы отбасында бала күнінен-ақ елгезек еңбекшіл, тап-тұйнақтай жинақы және қамқоршыл-бауырмал болып өсті.

Ол 1991-1996 жылдары Қызылорда политехникалық институтында білім алып, гидромелиорация саласының инженер-мелиораторы маманы атанды. Сонымен бірге 1999-2001 жылдары Мәскеу экономикалық статистикалық институтын тамамдап, заңгер біліктілігін иеленді.

Еңбек өтілін өрімдей он жеті жасынан-ақ, яғни 1989 жылы Қызылорда қаласы санитарлық эпидемиологиялық стансасында дезинфектор болып бастаған. 1991 жылы Қызылорда облысы статистика басқармасының «Электронды есептеу машинасы» операторы, 1998 жылы Қызылорда политехникалық институтының ғылыми қызметкері, 1998 жылы Қызылорда гарнизонының анықтау және іздестіру бөлімінің іс-жүргізушісі, 2005 жылы Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының әкімшілік жұмыс бөлімінің аға инженері, 2006 жылы Қызылорда облысы бойынша Төтенше жағдайларды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау басқармасы әкімшілік жұмыс, қаржы, талдау және жоспарлау бөлімінің бас маманы, 2008-2019 жылдарыҚызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің кадр жұмысы бөлімінің бастығы, Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бас маманы болды.

«1 сыныпты маман» Ақмарал Сағитжанқызы – қазіргі таңда Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бас маманы қызметін абыроймен атқарып жүрген азаматшалардың бірегейі. Оған қоса қоғамдық жұмыстардың белсенді атсалысушысы ретінде құрметке ие, Департаменттег  «Әйелдер кеңесінің» төрайымы.

Ақмарал Сағитжанқызының атқарған еңбегі де елеусіз қалған емес, басшылық тарапынан ұдайы марапатталып отырылды:

2002 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне 10 жыл» медалін,

2011 жылы ҚР ТЖМ «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі медалін,

2011 жылы ҚР ТЖМ «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» кеуде белгісін,

2015 жылы Қызылорда облысы әкімінің «Алғысын»,

2016 жылы ҚР ІІМ ТЖК «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» ІІ дәрежелі медалін,

2018 жылы ҚР ІІМ «Грамотасын»,

2019 жылы ҚР ІІМ «Құрмет Грамотасын» иеленген.

«Төтенше жағдайлар саласында еңбек жолымды бастаған сәттер – 2005 жылдың 31 тамызында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің тарапынан «Ішкі қызмет лейтенанты» әскери атағын иеленген кездегі, үлкен жауапкершілікті талап ететін әскери форма киген кезім, иыққа погон таққан кездегі толқынысым ерекше есімде», – дейді азаматтық қорғау майоры Ақмарал Сағитжанқызы әңгімелесу барысында.

Ақмарал жұбайы Минутпен

Иә, әскери қызметте абырой мен ар-намысты ту етіп көтеріп жүрген Ақмарал әріптесіміз – отбасында да өнегелі әулеттің іргесін отағасы Минутпен бірге қалап отырған, ауызбіршіліктің ұйытқысы бола білген отанасы. Жұбайы Минут Ағытайұлы Есенов те ұзақ жылдар бойы табан аудармай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының жетекші маманы болып қызмет еңбек етуде. Ұлы Дулат – «Қызылорда облысы әкімдігінің іс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы. Мираты – №23 мектеп-лицейдің 11-сыныптың «үздік оқушысы» және «Алтын белгі» үміткері. Ал, сүт кенжесі, ата-анасының ерке қызы Адиназы – 4-сыныптың «үздік оқушысы», мектептің қоғамдық іс-шараларының тұрақты қатысушысы ретінде мақтанышы.

Отбасында үш баланың аяулы анасы  Ақмарал Сағитжанқызын «8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен» құттықтай отырып, шаңырағыңыз шаттыққа кенеле берсін, қызметте абыройлы бола беріңіз деген әріптестік лебізімізді білдіреміз. Лайым елімізде өздеріңіздей өнегелі отбасылар көп болсын!

Айгүл НҰРМАНОВА,

Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: