Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ дамуындағы айшықты істер

18.11.2022, 18:25 341

Сыр өңірі – еліміздің тұңғыш астанасы болған тарихи орда. Дарияны жағалай қоныстанған мекеннің тағы бір артықшылығы тарихта белгілі Ұлы Жібек жолының бағыты осы жермен тығыз байланысты болуымен ұштасады. Кезінде үлкен керуендердің саудасын да қыздырған сырбойылықтар екені көпке мәлім. Алашқа ана ғана емес, қорған да бола білген Қызылорда күні бүгінге дейін өз өркендеуін тоқтатқан емес. Жыл сайын жаңа үлгідегі сәнді ғимараттар бой көтеріп,   қалаға көрік беруде. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінде де айтарлықтай өсім бар. Соған сәйкес, Сыр топырағында жаңадан жобалар бастау алып, халық игілігіне қызмет етуді көздеп отыр. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өңірді гүлдендіру мақсатында көптеген жұмысты қолға алып, оның ойдағыдай атқарылуын өз бақылауына алған. Осыған сәйкес, бірнеше БАҚ өкілі облыс әкімімен бірге қаладағы құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралап, жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстау іс-шарасына қатысып, 40 отбасының қуанышқа бөленген сәтіне куә болып қайттық.

Сыр аналарына ерекше тарту

Аймақ басшысы шаһардың ең басты көшелерінің бірі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойында салынып жатқан Сыр аналарына арналған «Аналарға тағзым» әлеуметтік-мәдени кешенінің алғашқы кірпішін қалауға қатысып, анаға деген құрмет ізгілікке бастайтынын жеткізді.

Қадірлі жерлестер, ардақты аналар! Бүгін қаламыздағы «Аналарға тағзым» орталығының алғашқы кірпішін қалауға жиналудамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен  өңірде заманауи үлгідегі әлеуметтік нысандар салынуда және өздеріңіз олардың куәсі болып жүрсіздер. Жақында ғана ардагер ағаларымызбен бірге құны 3,5 млрд теңге тұратын «Өнер орталығы» құрылысын бастадық. Одан бөлек, құны 1,6 млрд теңгені құрайтын жастарға арналған «Неке сарайының» кірпішін қалап, межелеген уақыт ішінде ел игілігіне береміз деген жоспар бар. Жалпы, мұнан бөлек, денсаулық сақтау, білім беру, спорт саласына да айрықша көңіл бөлініп, өңірдегі меценаттар мен кәсіпкерлердің қолдауымен түрлі ғимараттардың жобалау жұмыстары аяқталып, құрылысы басталған болатын. «Болат Өтемұратов қорының» қолдауымен құны 25 млн АҚШ долларын құрайтын жаңа әуежай терминалын салу жоспарланып, аздаған уақытта құрылыс жұмыстары басталғалы тұр. Міне, осының барлығы қаламыздың гүлденуіне зор серпін беріп, көркін ашады деген сенімдемін. «Аналарға тағзым» орталығы Сыр бұрымдыларының өмірге келгеннен бастап, тұрмысқа шыққанға дейін, білмегенін үйреніп, тәлім-тәрбиесін, тәжірибесін арттыратын орынға айналарына сенеміз. Нысанның құрылысы келер жылдың көктемінде аяқталып, аналар игілігіне пайдалануға беріледі деген сенім бар, – деді аймақ басшысы Н.Машбекұлы.

Одан кейін іс-шараға келген барлық ақ жаулықты аналар мен облыс әкімі орталықтың кірпішін қалап, құрылыс жұмыстарына сәттілік тіледі. Құрылысқа жауапты бас мердігер мекеме – «Шыңғыс құрылыс компаниясы» ЖШС.

Жедел жәрдем қызметі жиілейді

Аймақтың денсаулық сақтау саласында оң серпін байқалады. Өйткені  обыстағы денсаулық сақтау ұйымдарына жыл сайын көңіл бөлініп, қажетті дүниелермен қамтамасыз етілуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, денсаулық сақтау ұйымдары 2017 жылы республикалық және жергілікті бюджет есебінен 4 автокөлікке ие болса (УАЗ), 2018 жылы  11 автокөлік алынған (Мерседес-3, Ларгус-1, Hyundai-1, УАЗ-6), 2019 жылы – 22 (Hyundai-7, УАЗ-15),   ал 2020 жылы кәсіпорынға  толығымен жабдықталған А, В, С класты 40 дана (Jac-19, Hyundai-19, УАЗ-2) жедел жәрдем реанимобильдері лизинг арқылы жеткізілген. 

Биылғы жылы 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында 20 реанимобиль санитарлы автокөлігі келіп, халыққа сапалы медициналық жедел жәрдем көрсетуге  дайындықты одан әрі күшейтуде.

 Материалды-техникалық базаны нығайтудың арқасында жедел жәрдем автокөліктерінің тозу пайызы 15%-ға дейін төмендеп, сапалы көрсеткіштері де жақсаруда.  Жаңадан келген денсаулық сақтау ұйымдарына арналған 20 көліктің кілтін табыстауға облыс әкімі арнайы қатысып, аймақ тұрғындарының амандығына білек түре кіріскен емдеу ісі мамандары мен реанимобиль санитарлы автокөлігі жүргізушілеріне сәттілік тіледі.

  • Құрметті денсаулық сақтау саласының мамандары! Өздеріңізбен қазіргідей тамаша сәтте бас қосудамыз. Аймақ тұрғындарының амандығы мен ұлт саулығы жолында істеп жатқан ерен жұмыстарыңызды бағалаймын. Өңірдегі денсаулық саласы қарыштап даму жолында келе жатыр. Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят мемлекет басшысының қолдауымен алдағы 3 жылда 27 медициналық нысан пайдалануға берілетінін мәлімдеген болатын. Мұның өзі – біздің аймақ үшін жоғары көрсеткіш.  Келесі жылы ел президентінің қолдауымен қала орталығынан құны 36,5 млрд теңге тұратын үлкен аурухана 100 орынды емханасымен бірге бой көтеретін болады. Оған тиісті қаражат қаралып, құрылыс жұмыстарына дайындық басталғалы жатыр. Әрі қазір сол жағалауда құны 2,7 млрд теңгені құрайтын «Қан орталығының» құрылысы жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта өңірде денсаулық сақтау саласы бойынша күрделі мәселелер шешіледі деген сенімдемін, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Қызылорда қалалық №1, 2, 3, 4 жедел жәрдем бөлімшелері мен жеті аудандық бөлімшеге реанимобиль кілтін беріп, облыстық психикалық денсаулық орталығына автобус табыстады.

40 отбасы қуанышқа бөленді

Облыс әкімі сол жағалауға барып, сырбойылық 10 отбасыға пәтер кілтін табыс етті. Пәтер кезегіне тұрғанына 10 жылдан асқан тұрғындар жаңа үйдің кілтін алып қуанышқа бөленді. Аймақ басшысы қоныс иелерін баспанасымен құттықтап, отбасына береке тіледі.

  • Құрметті қала тұрғындары, қоныстой иелері! Өздеріңізбен осындай қуанышты сәтте көрісіп тұрғаныма қуаныштымын. Баспаналы болуды көптен күткен көпбалалы отбасылар жаңа баспананың кілтіне ие болып, қанша жылдық еңбек пен төзімнің нәтижесін көрмекші. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген тәмсіл бар. Соңғы үлгіде салынған жаңа баспана баршаңыздың отбасыңызға бақ пен береке, жақсылық алып келсін, қоныс құтты болсын! – деп, облыс әкімі 10 отбасының қуанышын еселеп, үйдің кілтін табыстады.

Аймақ басшысы мұнан кейін қоныс иелерімен бірге пәтердің ішін аралап, тұрғын үйдің жағдайымен танысты.

  • 2006 жылы үй кезегіне тұрып, мінки енді баспаналы болып жатырмыз. 5 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы анамын. Бұған дейін 8 жыл пәтерде тұрып, қазір баспанаға ие болғанымызға қуаныштымыз, мұның барлығы бала-шағамыздың несібесі екені рас. Осы үшін әуелі Алла, одан кейін облыс әкіміне алғысым шексіз, – деді  қала тұрғыны Жадыра Жанғабылова.

Түйін. Қаламызда құрылысы қарқынды жүріп жатқан нысандардың көптігіне көңіліміз көтерілді һәм тұрғындардың қажетін өтейтініне сенімдіміз. Дегенмен, бұқараның базынасына айналған тұрғын үй мәселесі артта қалып қойғандай. Еліміз бойынша баспана мәселесі күрмеуі қиын мәселеге айналса да, бірден шешіле қоймасы рас. Сондықтан, тұрғын үйге бөлінетін қаржының көлемін арттырып, елге жаны ашитын үкіметтің әрекетін көргіміз келеді. Дегенмен, бәріне уақыт – төреші.

Ердәулет ҚАЛИЕВ,

суретті түсірген Б.Есжанов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: