Аймақ басшысының үйлестіруімен, Болат Өтемұратов қорының қолдауымен «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынды. Нысан таяуда ел игілігіне табысталмақ. Бүгінде мұнда халықаралық стандарттарға сай келетін телескопиялық трапты монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Халықаралық талаптарға сай етіп салынған жаңа нысанда ішкі және халықаралық рейстерге, транзиттік жолаушыларға арналған, CIP залдары, жүкті автоматты түрде беру жүйесі, «Duty Free» аймағы, сауда нүктелері, медпункт, кафе, ғибадат ету, жүк сақтау, ана мен бала бөлмелері бар. Екі қабатты ғимаратта сағатына 250 жолаушыға 10 төлқұжат бақылау кабинасы арқылы қызмет көрсетіледі.
Өткен жылы осы терминал жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға барлық инженерлік жүйелермен қамтылды. Ал, биыл әуежайдың аумағы және оған іргелес аумақ абаттандырылды. Көгалдандыру жұмыстарынан бастап, кіреберіс жолы да салынды.
Нақтыласақ, «Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата әуежайының аумағын абаттандыру. Түзеу» жобасы бойынша аумаққа 615 шаршы метр гранит жабыны, 16,2 шаршы метр асфальт, 4038 шаршы метр кеспе тас және 3630 шаршы метр қиыршық тас төселді.
Келесі, «Қызылорда қаласындағы әуежайдың іргелес аумағын абаттандыру құрылысы» жобасы бойынша 4 жолақты, ұзындығы 480 метр, әр жолақтың ені 3,5 метр болатын жол салынды.
Фото Қызылорда қаласы әкімдігінен алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!