Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түрленген, түлеген Теміржол қақпасы (Фото)

19.09.2024, 10:50 3330

Қаланың қазіргі келбеті кіреберіс қақпасынан белгілі. Сондай қақпалар шаһардың үш нүктесінде тұр. Бірі – әуе, екіншісі – көлік, үшіншісі – теміржол қатынасында.

Аймақ басшысының бастамасымен осы үш қақпа да қайта жаңғыртудан өтті. Соның негізінде облыс орталығына бастайтын кіреберістер заманауи келбет тағынып, айшықты орындарға айналды.

Теміржол вокзалының ғимараты өткен жылы «Қазақстан Темір жолы» компаниясының және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жаңартылды. 1905 және 1969 жылдары салынған екі ғимарат та адам танымастай өзгеріп, көзтартар көрініске енді.

Перрон мен жолаушылар платформасына асфальт төселіп, баспалдақтар мен пандустар жолаушылар үшін қолайлы етіп қайта жасалды. Вокзал маңы және ғимарат ішінің жарық шамдары ауыстырылып, түнгі бейнесі түрлене түсті. Вокзал аумағына бейберекет қойылған сауда дүңгіршектері алынып, арнайы орын салынды. Үлкен сауда павильондары кәсіпкерлерге қолайлы жағдай туғызып, жазда салқын, қыста жылы, келушілерге жайлылық ұсынады.

Жуырда ғана Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев жаңарған теміржол вокзалында болып, ұтымды ұйымдастырылған жұмыстарға жоғары бағасын берді.

Айта кету керек, бүгінде Қызылорда вокзалы арқылы 28 пойыз өтіп, ондағы жолаушылар ағыны тәулігіне шамамен 3900 адамды құрап отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: