Қазақстанның 15 облысында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. «Қазгидромет» мәліметінше, елдің бірқатар өңірінде тұман түсіп, көктайғақ пен мұз қабаты пайда болуы, боран соғып, жел күшеюі ықтимал. Синоптиктердің болжамына сай, Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тұман мен жергілікті боран байқалып, кей аумақтарда мұз қабаты күтіледі. Түркістан облысы мен Шымкентте жауын-шашын күшейіп, қар мен жаңбыр аралас жаууы мүмкін, сондай-ақ жел екпіні 20 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Қауіпті метеожағдай басқа өңірлерге де әсер етеді. Шығыс Қазақстан облысында қар мен боран, Жетісуда тұман мен жел күтіледі. Павлодар, Қостанай және Абай облыстарында да тұман түсіп, боран жүруі ықтимал. Жамбыл облысында жауын-шашынмен бірге көктайғақ қаупі бар, түнгі уақытта кей жерлерде жел күшеюі мүмкін.
Мамандар жүргізушілерге алыс жолға шығарда ауа райы болжамын нақтылап, жылдамдықты асырмауға, арақашықтық сақтауға және көктайғақ кезінде күрт маневр жасамауға кеңес береді. Жаяу жүргіншілерге тайғанаққа қарсы аяқкиім киіп, қажет болмаса ұзақ жолға шықпау ұсынылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!