Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жол бойы қызмет көрсету кешені ашылды

08.12.2025, 15:05 22

HALYQLINE.KZ

 «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің Жаңақорған ауданы тұсында жол бойы қызмет көрсету кешені ашылды. Ашылу рәсіміне облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, аудан тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары өңірдегі серпінді жұмыстар туралы сөз қозғап, жаңа кешен жұмысына сәттілік тіледі. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бүгінде экономиканың қозғаушы күші саналатын инвестиция тарту саласында ауқымды жұмыс атқарылды. Биыл 720 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады. 2025-2028 жылдары 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 12 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Биылға 54 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта 36 жоба бойынша жұмыс басталып кетті.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің бойында 55 сервистік кешен бар. Бүгін «Caspian Service Asia» серіктестігі салған В санатты, заманауи жол бойы қызмет көрсету кешенін Өздеріңізбен бірге салтанатты түрде ашамыз. Жоба құны 1 млрд теңге, 22 орындық қонақ үй, 110 келушіге арналған қоғамдық тамақтану орны, 50 орындық монша, автовокзал және жанар-жағар май бекеті сынды нысандар іске қосылды. Кешенде 64 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Аймақ басшысы өткен айда ауданға іссапармен келгенде жаңа нысанды көріп, жол бойындағы қызмет көрсетудің озық тәжірибелеріне сүйеніп жұмысты жетілдіре түсу маңызды екенін атап өткен болатын.

Жаңа кешеннің жұмысы табысты, берекелі болсын!», – деді А.Зебешев.

Рәсімде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен жол бойындағы қызмет көрсету кешенінің құрылысын салған мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Сырдария, Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы Сұлтанбек Тәуіпбаев бата берді.

Айта кетейік, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық авомобиль дәлізінің Қызылорда облысы аумағында 58 сервистік нысан жұмыс істейді, 1 050 адам жұмыспен қамтылған. Олардың 55-і, яғни 94,8 пайызы ұлттық стандарттарға сәйкестендірілген. Бұл көрсеткішпен Қызылорда облысы республикадағы алғашқы үштікке кіреді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: