Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жетпістен астам жер телімі кәсіпкерлерге қайтарылды

04.05.2022, 16:00 411

HALYQLINE.KZ

Осы жылдың ақпанында қала әкімдігінің аукцион арқылы кәсіпкерлік мақсатқа берген жетпістен астам жер телімін қайта алып қойғалы жатқаны айтылып, мәселе Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінде қаралды.

Проблемаға қысқаша тоқталсақ, 2020-2021 жылдары Қызылорда қаласы әкімдігі 7 рет аукцион өткізіп, жеке және заңды тұлғаларға сол жағалаудан кәсіпкерлік мақсатта жер телімдерін табыстайды. Бірақ ғимарат құрылысын бастауға негіз болатын рұқсат құжаттары жергілікті атқарушы орган тарапынан бекітілмеген. Салынатын нысандардың эскиздік жобаларына әкімдік келісім бермеген.

2017 жылдан бері Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жобасы бойынша облыстық штаб жұмыс істейді. 2021 жылғы мамыр және қазандағы отырыстарында қала әкімдігіне сол жағалауда салынатын барлық нысанның эскиздік жобаларын штабтың талқылауына шығарып, бекітілген егжей-тегжей жоспарлау жобасына сәйкес келмейтін, аукцион арқылы жалға берілген 72 жер телімін мемлекет меншігіне қайтаруды міндеттейді. Штабтың хаттамасын негізге алып, қалалық сәулет бөлімі эскиздік жобаларды келісуден бас тартқан. Мұнымен қоса, жер телімі уақытша пайдалануға 1 жылға ғана беріп, пайдалану мерзімін ұзартпаған.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінде прокуратура өкілдері заңдылығы тексерілетінін жеткізген болатын.

Жақында Кәсіпкерлер палатасына қалалық прокуратурадан төмендегідей ақпарат келді.

«Қызылорда қалалық прокуратурасы жүргізген қадағалау жұмыстарының нәтижесінде жергілікті атқарушы орган тарапынан кәсіпкерлердің құқығын шектейтін акті қабылданғаны анықталды.

Атап айтқанда, Қызылорда қаласы әкімдігінің қалалық жер қатынастар бөлімі 2020 жылы өткізген сауда-саттық хаттамасымен Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауынан 70 кәсіпкерлік субъектіне кәсіпкерлік қызметтерін дамыту және жүзеге асыру үшін 1 жылға жалдау құқығымен жер учаскелерін сатқан.

Алайда жергілікті атқарушы орган жер учаскесін жалдау құқығын аукционмен сату кезінде 3 жылға бермей, заңсыз түрде 1 жылға белгілеп, кәсіпкерлердің құқығын шектеген. Соның салдарынан кәсіпкерлер қысқа мерзімде құрылысын жүргізе алмаған.

Аталған дерек бойынша қалалық прокуратура кәсіпкерлік субьектілердің бұзылған құқығын қалпына келтіру мақсатында қала әкімдігіне қадағалау актілерін енгізіп, нәтижесінде қайтадан қосымша шарт жасалды. Жер телімдерін жалға алу мерзімі ұзартылып, жер қатынастар бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – делінген ресми хатта.

Осы мәселеге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары көмек көрсетуге әзір. Байланыс телефоны: 8 /7242/ 40-09-81.

Қызылорда қалалық прокуратурасы бизнесті қорғау бағытында қадағалау жұмыстарын жалғастырады. Бұл бағытта мобильді топ жұмыс істейді және 24-76-95, Whatsapp 8-775-721-45-28 сенім телефондарына кәсіпкерлердің құқығын бұзу деректері бойынша хабарласуға болатынын назарға саламыз.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: