Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түрік инвесторлары Сыр еліне су үнемдеу технологиясын енгізбек

06.05.2024, 15:15 664

Мемлекет Басшысының «Суды үнемдейтін озық технологияны қолдану арқылы егістік алқаптарын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту» бойынша тапсырмасына сәйкес «Akplas» түркиялық компаниясымен келіссөздер жүргізілуде.

Аталған компания 35 жылдан бері тамшылатып және жаңбырлатып суару қондырғыларын шығарумен айналысады.

Осыған орай, а.ж. 3-4 мамырда Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев Түркиядан келген инвестор – «Akplas» компаниясының өкілдерімен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар Қызылордада тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын шығару зауытын салу жобасы және суды үнемдеу технологияларын енгізу бойынша бірқатар мәселелерді талқылады. Жергілікті әкімдік тарапынан жан-жақты қолдаулар болатынын айтып, Түркия елінен келген кәсіпкерлерге негізгі талаптарды түсіндірді.

– Бүгінде аймақта суды үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарына барынша ден қойылып келеді. Тиісінше жергілікті шаруаларда жаңа технологияны қолдануға мүдделі. Осы бағытта барлық мүмкіндікті қарастырып, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаудың болатындығын сеніммен айтқым келеді, – деді Ардақ Темірханұлы.

Келіссөздер барысында облыс әкімінің орынбасары А.Зебешев өңіріміздің дихандары суды үнемдеу үшін лазерлік тегістеу технологиясын қолдану арқылы күріш алқаптарындағы судың шығынын 20 пайызға дейін төмендетіп, алынатын өнімнің үлесін 30 пайызға дейін артқандығын атап өтті.

Осыған орай, тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясын пайдалана отырып, суды аз қажет ететін дәнді-дақылдарды егу қолға алынды. Нақтырақ айтқанда, тамшылатып суару жүйесі арқылы Шиелі ауданында жүгері, жаңбырлатып суару арқылы Қазалы ауданында мал азығына арналған жүгері, ал Арал ауданында жоңышқа егілуде.

«Akplas» компаниясының бас директоры Хусеин Акин мырзамен кездескен Ардақ Темірханұлы салалық басқарма басшыларына әлеуетті инвесторларды қолдау, аймақтағы суару жүйелерінің жағдайын жақсартуға бағытталған тиісті шешімдер қабылдау қажеттігін тапсырды.

Атап өту қажет, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ қолдауымен а.ж. 5 сәуірде облыс әкімінің орынбасары А.Зебешев «Akplas» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жоба жүзеге асқан жағдайда облыс экономикасына 2,4 млрд.теңге инвестиция тартылып, тұрақты 30 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: