HALYQLINE.KZ Жоғарғы сот алаңында «Ашық диалог: бизнес және сот төрелігі» форумы өтті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы іс-шара ұйымдастырушыларының бірі болды.
Форум жұмысына Жоғарғы сот Төрағасы Жақып Асанов, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов қатысты. Форумды ашып, Жоғарғы сот Төрағасы Жақып Асанов бизнесті қорғау үшін күрделі кезеңде көп жұмыс атқарылғанын атап өтті.
«Пандемияға байланысты төтенше жағдай басталғалы бері біз қашықтан жұмыс істеу форматын жолға қоя алдық. Бизнесмендер арасындағы даулар, тіпті шет елдердегі даулы мәселелерге қатысты соттар шұғыл әрі қисынды қаралды. Барлық сот инстанциялары бірыңғай электронды форматта жұмыс істеді», – деді Жақып Асанов.
Спикер Жоғарғы Сот бизнес өкілдерін алаңдатқан көптеген мәселе бойынша соттар позициясын ресми түрде түсіндіргеніне назар аударды, олардың қатарында пандемия кезеңінде келісімшарттық міндеттемелерді орындамай алмау, сотқа жүгінерде процестік мерзімдерді қалай есептеу керек, өнім жеткізушісін мемлекеттік сатып алуларға заңсыз қатысушы деп тану мәселелері бар.
«Атамекен» ҰКП басшысы Тимур Құлыбаев төтенше жағдай кезінде Жоғарғы Сотпен жедел өзара іс-әрекет арқылы анағұрлым өзекті мәселелер шешілгенін атап өтті. ТЖ кезеңінде шартты және санитарлық нормаларды болмашы бұзу үшін жауапкершілік төмендетілді. Жоғарғы Сот төтенше жағдайды форс-мажор деп тану бойынша түсінік берді, осы фактіні белгілеу үшін сотқа бару қажет етілмейді. Осылайша бизнес өкілдері көптеген айыппұл төлеуден қорғалды. Сонымен қатар шаруашылық дауларды сотқа дейін реттеу мүмкіндіктері кеңейтілді (өңірлік кәсіпкерлер палаталарында салық дауларды шешу жөнінде келістіруші комиссиялар мен медиативтік алаңдар құрылды).
«Пандемия кезеңінде «Атамекен» ҰКП форс-мажор туралы 6 мыңнан астам анықтама берді. Кейбір бағалау бойынша бұл шара қолға алынбаса, 1 млн-нан астам сот дауының туындау қаупі болар еді», – деді Тимур Құлыбаев.
Спикер соттардың үлкен жүктемесіне байланысты мәселелер шешілмей жатқанын атап өтті. Заңнаманың сотқа шартты түрде баруға мәжбүрлейтін нормалары, сондай-ақ дауларды соттан тыс тәртіпте шешуге тыйымдар осыған себеп болып отыр.
Ведомстволық жағдайлар мемлекеттік органдардан барлық дауларды Жоғарғы сотқа жеткізуді талап етеді. Барлық инстанциялардан өту мүдделі тараптар: мемлекеттік органдар, соттар, бизнестің уақыты мен ресурстарын шығындайды.
«Соттарды жұмыспен жүктеп, кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салуға қатысты ситуацияның тұтқынына айналдық. Шын мәнінде бұл «тиімсіздіктің тұзағы», мемлекет мүддесін қорғау иллюзиясы. Іс жүзінде – формализм және мемлекеттік органдардың басқа бақылаушылардан өзін-өзі қорғануы орын алып жатыр», – деді Тимур Құлыбаев.
Әкімшілік әділетке үлкен үміт артылып отыр.
«Біз тәуекелдерді түсініп, жеке арбитраждар туралы айтпаймыз. Негізгі басымдық Астана халықаралық қаржы орталығы жанындағы институционалдық арбитраждар, Сауда-өнеркәсіп палатасы жанындағы («Атамекен» ҰКП Арбитраж орталығы) арбитражға жасалуы тиіс. Осы құрылымдардан бастайық. Ол үшін заңнамалық шектеулерді алып тастаумен қатар арбитраж институтын күшейту қажет», – деп атап өтті ҰКП басшысы.
«Пандемия кезеңінде кәсіпкерлерді қолдау, соның ішінде реттелмелі сатып алуларда көмек көрсету аса маңызды. Сот дауларын азайту үшін келістіруші комиссиялардың тиімді институты керек», деп ұсынды Тимур Құлыбаев.
Салық мәселелері бойынша сотқа талап арыздар өте жиі түседі, сот шешімдері қосымша салық салудың құралына айналды. Бұл практикаға түбегейлі түзетулер енгізу қажет. Бірінші кезекте салықтық әкімшіліктендірудің басқа механизмдерін пайдаланып, ал сотқа жүгіну – қорғаудың басқа амалдары таусылған кезде соңғы шара болуы керек.
«Қажетті қырағылық принципін ұстану бизнеске қатысты шешім қабылдауда, соның ішінде салық қатынастарда шешуші факторға айналуы тиіс. Осы жылдың орта тұсында Бизнес-тізілім іске қосылады, онда әлеуетті контрагенттердің сенімділігі көрсетіледі. Егер контрагент қатердің «жасыл аймағына» түскен болса, онда бизнесте өз серіктестері, не бақылаушы және фискалды органдарына қатысты ешқандай проблемалары туындамауы керек», – деді Тимур Құлыбаев.
«Атамекен» ҰКП басшысы цифрландыру, тексеру жүйелерін автоматтандыру, кәсіпкерлікке арналған бизнес-процестерді оңайлату, бизнеске арналған қызметтерді автоманттандыру бойынша өзекті мәселелерге назар аударды.
«Тексерулер жүйесі түбегейлі қайта қаралып, бизнеске арналған қызметтер автоматтандырылуы керек. Барлық бизнес-процестерді реттеп, барынша оңайлатып, оларды бірыңғай базаға интеграциялау маңызды», – деп ұсынды Тимур Құлыбаев.
«Ашық диалог – бизнес және сот төрелігі» форумының соңында Жоғарғы сот және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2021 жылға бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Сонымен қатар қатысушылар бизнестің түйткілді мәселелерін, соның ішінде заңнамалық өзгерістерді талап ететін проблемаларды жедел қарастыру мақсатында Жобалық кеңсе құру туралы келісті.
Жоғарғы сот төрағасы бизнес мүдделерін қорғау үшін соттарға ҰКП сарапшыларының қатысуы мәселесінде «Атамекенге» қолдау білдірді.
atameken.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!