Облысымызда «Startup Jolу» инкубациялық бағдарламасының алғашқы кезеңі өз мәресіне жетті. Инновациялық жобаларды дамытуға бағытталған бағдарламаның келесі ағымы 25 қыркүйектен бастау алып, 27 қазанға дейін жалғасады. Бұл туралы Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті кәсіпкерлік орталығының басшысы Жанарыс Тубекбаев мәлімдеді.
– «Startup Jolу» инкубациялық бағдарламасына қатысуға 135 қатысушы өтінім беріп, 57 жоба қабылданды. Қабылданған жоба жетекшілері менторлармен жеке жұмыс істеп, тегін 16 семинарға қатысып, білімдерін жетілдірді. Инкубациялық бағдарламада “Demo Day” инновациялық жобалар байқауы ұйымдастырылды. Байқауға қатысушыларының арасынан 26 жоба іріктеліп, инвесторларға таныстырылды, – деді Жанарыс Алтынбекұлы.
Брифинг барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті “Рекрутинг және мансап” басқармасының басшысы Жандос Шынжырбайұлы байқау жеңімпаздарына 1 млн теңге үлестірілгенін атап көрсетті.
– Demo Day қатысушылары арасында 3 жобаға қаржылай жүлде мен арнайы сертификаттар табысталды. Сертификат арқылы QazInnovations ұйымының 100 млн-ға дейінгі гранттық бағдарламасына қатыса алады, – деді Жандос Шынжырбайұлы.
Жобада І орын иелеген Раушанбек Бейбарыс оқушылар, студенттер дайын заттарды пайдаланбай, өз қолдарымен құралдар жасағанын қалайтынын жеткізді. Осы мақсатпен мен Demo Day-ге “Educopter” атты оқу-жаттығу дрон жиынтығын әзірлегенін, осы жиынтық арқылы кез келген адам өзінің алғашқы дронын құрастырып, бағдарламалай алатынын айтты. Қатысуға өтінім қабылдау 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Өтінім беру үшін www.kyzylordahub.kz сайтына өту қажет. Екінші ағынның қатысушыларына семинарлар, воркшоптар және шеберлік сабақтар өткізіледі. Инновациялық жобаларды дамытуды қолға алған орталық қазан айында тағы Demo Day ұйымдастырады
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!