HALYQLINE.KZ Сырдария ауданы, Жетікөл ауылдық округіндегі «Жетікөл – жері» ЖШС-нің жұмыстарымен танысу мақсатында шетелдік инвесторлармен кездесу өтті.
Кездесуге ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары, «Восток» бизнес-тобының қаржы директоры Бражко Сергей Николаевич, «Аграрлық инновациялар институты» директоры Дудченко Владимир Викторович, «Солтүстік-шығыс ауыл шаруашылығы институтының» директоры Кабанец Виктор Михайлович, институттың «Селекция және тұқым шаруашылығы зертханасының» меңгерушісі Кабанец Виталий Викторович, «Жетікөл – жері» ЖШС-нің құрылтайшысы Шаймов Бермағамбет Өмірзақұлы, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дүйсебаев Талғат Тұрсынұлы қатысты.
Шетелдік ғалымдар ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми тәжірибелерімен бөлісіп, «Су шаруашылығы мен мелиорацияны дамытуды ғылыми қамтамасыз ету», «Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің заманауи селекциясындағы дәнді дақылдар институтының негізгі жетістіктері және оларды өндіріске енгізу» тақырыптарын қамтыды. Сонымен қатар, кездесу барысында «Солтүстік-шығыс ауыл шаруашылығы институтымен» ынтымақтастық туралы ұсыныстарын жеткізді.
«Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында ғылымның алар орны ерекше, ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғарғы өнім алу үшін ғылыми тәжірибие алмасуды алдағы уақытта да жалғастыруды» ұсынды өз кезегінде аудан басшысы.
Еске салсақ, «Жетікөл – Жері» ЖШС 2022 жылы құрылған. Директоры – Дудченко Владимир Викторович. Инвесторы – Шаймов Бермағамбет Өмірзақұлы. Егіншілік саласын әртараптандыру бойынша Жетікөл ауылынан 5 жыл мерзімге уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен 2000 гектар (бау-бақша үшін) жер телімі берілген. Бүгінгі күнге 500 гектар жерін ашып егін егуге дайындап қойды. «Жыңғылдыкөл» және «Военторг» каналдарының бойына күріш, арпа, күнбағыс, соя, жүгері, күздік бидай егуді және 20 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуды жоспарлап отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!