Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевың тапсырмасына сәйкес, 13 тамыз күні облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевтің төрағалығымен өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің даму барысы, көрсеткіштердің өсімі талқыланған жиын өтті.
2024 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны 12,3 пайызға, жұмыс жасап тұрған субъектілер саны 11,6 пайызға азайған. Жыл басынан бері облыс бойынша 16 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектісі жабылып, жаңадан 13 мың субъекті тіркелген.
Бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлік саласында 65 489 субъекті жұмыс істеуде.
Қала және аудандардың есебін тыңдау барысында, Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Әділбек Бекішев тіркелген барлық кәсіпкерлік субъектілерінің міндетті әлеуметтік медициналық төлемдерін төлеуге міндеттелетінін, уақытылы төленбеген жағдайда камералдық бақылау жүргізілетінін, бүгінгі таңда осындай 6,5 мыңнан аса салық төлеушіге қолданыстағы заңнамаларға сәйкес түсіндірме жүргізілгенін мәлімдеді.
Ардақ Зебешев, қала және аудандар әкімдерінің салаға жетекшілік ететін орынбасарларына облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімін қамтамасыз ету бағытында тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
Биыл облыста кәсіпкерлік саласына қолдау көрсету үшін «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 9,5 млрд, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығымен 1,5 млрд, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1 млрд теңге және агроөнеркәсіп кешешіндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға 5 млрд теңге қаржы бөлінді.
Осы мемлекеттік бағдарлама аясындағы қаражаттарға кәсіпкерлердің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, жобаларды сүйемелдеуге алу, тек кәсіпкерлік емес, сауда, өңдеу өнеркәсібі, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!