Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Саумал – емге шипа әрі табыстың көзі

28.08.2022, 10:00 361

HALYQLINE.KZ Төрт түлікті тіршілігінің тірегі етіп, көшпенді өмірге бейімделген халқымыз сүтін сусын, етін азық, терісі мен жүнін киім, өзін көлік еткен. Оның ішінде қыл құйрықты жылқыға айрықша көңіл бөліп, молынан өсірген. Санына ғана емес, сапасына да мән беріп, тұқымын жақсартып отырған. Ертеңін ойлап, болашағына көрегендікпен көз жіберген бұрынғылар «Үш бие бұлақ, екі бие ел асы, бір бие жоқтың қасы» деген тоқтамға келген. Сондағысы бие өсірудің ерекше қажетті екенін ескергені.

Бүгінде Шиелі ауданы, Жуантөбе ауылының тұрғыны Ермек Сейітбекұлы – осы қағидамен жылқы өсіруге бел байлағандардың бірі. Алдымен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған «Бастау Бизнес» жобасы арқылы арнайы курстан өтіп, сертификатын қолына алады. Мұнан соң осы жылы 1 225 200 теңге қайтарымсыз қаржыға ие болған ол жергілікті жерден 2 құлынды бие сатып алады. Жалпы жылқы малының санын көбейтіп, төлдерін сату және жылқы қымызын пұлдау әжептеуір табыс алып келетіні белгілі. Себебі соңғы кездері саумал мен қымызға сұраныс артпаса кеміген емес.

– Қазір жылқының еті, сүті, майы, терісі, жал-құйрығы, тезегі бәрі тұрмыстық қажеттілікке жаратылуда. Бұрынғылар бие сүтін ашыту арқылы нәрлі тағам, қасиетті сусын ретінде тұтынған. Оның ашытылмаған түрін «саумал», ашытылғанын «қымыз» деп атаған. Жас балалар мен қарттар және науқас адамдар негізінен бие сүтін ашытпай, саумал күйінде пайдаланған. Ал сыйлы қонақтар мен құрметті адамдарға бабына келтіріп ашытып барып құйған. Қымызды сусын ретінде пайдаланудан бөлек, түрлі аурулардың алдын алу және сауықтыру үшін дәрумен ретінде де қолданғаны белгілі. Мысалы, толық ашытылмаған қымыз, саумал – көксау, өкпе туберкулезі, кеңірдек қабыну, асқазан, ішек ауруларына, қан аздық, қан қоюлану, жоғары қан қысымы, қан тамырының қатаюы, түрлі бауыр, сүйек босау сияқты ауруларға ем-дом ретінде қолданылған. Соңғы жылдары ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүр жаңғыра бастады. Соның нәтижесінде сау­мал мен қымызға сұраныс артып отыр. Маған Жуантөбе ауылының халқынан бөлек кент тұрғындары, тағы басқа да ауылдардан тұтынушылар жиі хабарласады, – дейді жас кәсіпкер.

Оның айтуынша, мал жарамды болу үшін қоражай жайлы, азығы құнарлы болуы шарт. Бір сөзбен айтқанда, жылқы малына ерекше күтім керек. Сонда ғана мол өнімге қол жеткізуге болады. Сондықтан азаннан кешке дейін қора-қопсыны тазалап, уақытылы азықтандырып тұрады. Ең бастысы талапты жастың бойында атакәсіпті өрістетуге деген ынта бар. Алға қойған мақсаты айқын екенін аңғардық. «Екі қолға бір күрек» тауып, кәсібінен нәсіп көріп отырған Ермек алдағы уақытта өз брендін қалыптастыруға жұмыс істеймін дейді. Сәттілік!

Шапағат ТІЛЕУБАЕВ,

журналист,

Шиелі ауданы

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: