Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық омарташылардың мәселесі шешілді

29.04.2020, 12:21 602

Кәсіпкерлер палатасы қызылордалық омарташылардың мәселесін оң шешіп берді. Бұл туралы аталмыш палатаның Агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің бастығы Жасұлан Серіков айтты.

         Ол сәуір айының екінші онкүндігінде Кәсіпкерлер палатасына «Бал-Ара» Қазақстан омарташыларының ұлттық одағынан өтініш түскендігін, хатта карантинге орай омарташылардың елді мекеннен алқаптарға кіріп-шығуда айтарлықтай қиындықтарға кездесіп отырғандығы, осы орайда мәселені шешуге көмек көрсетуін сұрағандығын жеткізді.

         «Алғашында омарташыларға «Сергек» базасына енгізуге арналған ортақ форманы толтырып беруді сұрадық. Алайда олардың басым бөлігі ауылдық елді мекенде тұратындықтан дұрыстап толтырып бере алмады. Әріптестермен ақылдаса келе, омарташыларға ғана арналған онлайн-өтінім беру формасын әзірледік. Аталмыш формада омарташының аты-жөні, көлігіне, жүріп-тұратын маршрутына қатысты ақпаратты қамтитын сауалдар болды. Сілтемесін whatsapp желісі арқылы жолдап, өтінім түскеннен кейін оны толтырған азаматтың нақты омарташы екендігін білу үшін «Бал-Ара» ұлттық одағымен байланысып, ақпарат алмасып отырдық. Нәтижесінде 16 сәуірден бері облыс бойынша 95 омарташыны автокөліктерімен бірге тіркедік. Себебі көліктер бұл азаматтарға араларын тиісті жерге орналастыру үшін қажет», – дейді Кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы.

         Карантин жағайында «не үшін омарташыларға осындай жағдай жасалды?» «Өзге салалардан не ерекшелігі бар?» деген сауалға Палата маманы: «Омарташылардың мәселесін жедел шешпесек, алдымызда бірнеше проблема туындайтын еді. Біріншіден, аралардың, яғни омарталардың барлығы көктем мезгіліне дейін елді мекендерде (облыс орталығында, аудан орталықтарында) орналасады. Сондықтан да гүлдері, көгі бар аумаққа шығармаса, аралар өліп немесе ауру болып қалуы мүмкін. Екіншіден, егістік, жеміс ағаштары, жоңышқа, т.б. үшін бал арасының маңызы ерекше, тозаңдату үшін. Бал арасының дер шағында алқапқа шығарылмауы өнімнің сапасына да әсер береді. Бал арасының ауыл шаруашылығындағы рөлі өте жоғары», – дейді.

         Айта кету керек, Қызылорда облысында шектеу шаралары 31 наурызда енгізілді.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: