Екі күн бойы «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев еліміздің барлық өңірдің бизнесмендерімен онлайн режимде сұхбаттасты.
Аталмыш кездесуде қызылордалық кәсіпкерлер де саладағы өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Болат Нұрхожаев облыстағы 188 мың гектар егістік жердің 90 мың гектары күріш егуге бағытталғандығын, техникалар да сол мақсатта алынғандығын, басқа мақсатқа пайдалану мүмкін еместігін жеткізді.
«Қызылорда облысында су тапшылығына байланысты егіс өнімін әртараптандыру қажеттілігі туындап отыр. Бұрыннан несиелері бар күріш шаруашылықтарына мал азығын дайындау, халық тұтынатын картофель, пияз сияқты суды аз талап ететін дақылдарға арналған техникаларды алу қиындық тудырып отыр, яғни басқа дақылдарға тез арада көшу мүмкін болмай отыр. Қалыптасқан жағдайға байланысты Қызылорда облысында егісті әртараптандыруға тезірек көшу үшін күріштен басқа дақылдарға арналған техникаларға нарық бағасынан 50 пайызға дейін субсидиялауды, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ережесіне енгізуді ұсынамыз», – деді отырыста Өңірлік кеңес мүшесі.
Айта кетейік, бүгінгі қолданыстағы ережеге сәйкес сатып алынған техникалар үшін 25 пайызға дейін субсидиялау қаралған.
Сыр кәсіпкерлерін толғандырған мәселелердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың айыппұлына қатысты.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның 31-бап, 1-тармағында «Аударымдардың және (немесе) жарналардың уақытылы аударылмаған сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе олар төлеушінің өткізіп алынған әр күн үшін (қорға төлеу күнін қоса алғанда) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың 1,25 еселенген ресми мөлшерлемесі мөлшерінде есептелген өсімпұлмен бірге қор шотына төлеуіне жатады», – деп көрсетілген.
«Міндетті медициналық сақтандыру бойынша төленбеген жарналар мен аударымдар үшін есептелген айыппұлдар пандемия кезінде микро, шағын және орта бизнес үшін қосымша ауыртпалық болып отыр. Есептелген өсімпұл мөлшері кәсіпкерлік субъектілері үшін көптеген проблемаларға әкеледі. Банктік шоттар жабылады, кәсіпкер тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша жоғары тәуекел аймағында болады, бұл салықтық тексерулер мен басқа да мәжбүрлеу шараларына әкеледі», – деді кездесуде «Мансап-Қызылорда» ЖШС директоры, Өңірлік кеңес мүшесі Наталья Мишукова.
Кәсіпкер қазіргідей жағдайда микро, шағын және орта бизнес субъектілері үшін міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі төленбеген жарналар мен аударымдар үшін айыппұлдарды есептеуді 2021 жылдың соңына дейін экономиканың барлық салаларында тоқтата тұруды ұсынды.
Өңірлік кеңес мүшесі Гүлзағира Абдраимова жылжымайтын мүліктің нысаналы мақсатын ауыстырудағы бюрократияға тоқталып, шешу жолы ретінде нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгеріс енгізуді ұсынды.
Қызылордалық кәсіпкерлердің көтерген мәселелері маңызды әрі орынды екендігіне тоқталған «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшелері аталмыш проблемаларды тиісті мемлекеттік органдармен бірге шешу жолдарын қарастыратындықтарын жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!