Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада кәсіпкерлер оқушыларға кәсіби бағдар беретін платформа әзірледі

04.10.2022, 8:40 472

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің әлеуметтік сала комитетінде мектеп оқушыларына ерте кәсіби бағдар беру мәселесі қаралды. Іс-шараға облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің өкілдері, мектеп директорлары қатысты. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметі хабарлады.

Отырыста қазіргі таңдағы жұмыссыздықтың себебі талқыланып, еңбек нарығына қажет мамандарды даярлау мәселесі сөз болды.

Комитет мүшесі, білім саласында қызмет көрсететін кәсіпкер Наталья Мишукова әріптестерімен бірге нарық сұранысына жасаған талдауымен бөлісті.

– Біз қазір әріптестерімізбен бірге бірнеше жылдан кейін елімізде жойылуы мүмкін, сондай-ақ қажет болатын мамандықтарға талдау жасап жатырмыз. Бұл ақпарат бізге ата-ана және сала маманы ретінде де аса қажет. Оқушыларға кәсіби бағдар беруде осы мәліметтерді қолданып көрмекпіз. Ол үшін халықаралық аккредитациядан өткен, екі тілде ақпарат қамтылған арнайы платформа жасалды. Кәсіби бағдар беру үшін баладан тест алынып, диагностика жүргізіледі. Жобаға soft skills сабақтары енген. Енді осы платформаны пайдаланып, өңіріміздің окушылары бейім салаларын анықтаса деген ұсынысымыз бар. Сонымен қатар кәсіби бағдар берумен айналысатын педагогтердің біліктіліктерін арттыруға да көмек көрсете аламыз, – деді кәсіпкер Наталья Мишукова.

Жаңа платформаға қатысты ұсынысты Кәсіпкерлер палатасы мамандары мен бизнес өкілдері және тиісті уәкілетті орган бірге қарап, мектептерге енгізу механизмін қарастырмақ.

Айта кету керек, жастарға кәсіби бағдар беру жұмысын ұйымдастыру – Кәсіпкерлер палатасы қызметінің басым бағыттарының бірі. Палата облыс жастарын мамандыққа бейімдеу мақсатында 2014 жылдан бастап 25 мыңнан астам мектеп оқушысы, колледж студенті және балалар үйінің тәрбиеленушілеріне кәсіпорындарда кәсіби бағдар беру экскурсияларын ұйымдастырды. Пандемияның кезінде бұл іс-шаралар онлайн өткізілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: