Кеше «Арманда» Халықаралық білім беру бизнес форумының делегациясы Сыр өңіріне арнайы келіп, қызылордалықтармен жүздесті. Шара басталмас бұрын делегациясы мүшелері Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі баспасөз конференциясына қатысты. Көшпелі брифингте белгілі теолог, психолог Нұрлан Асанов, психология ғылымдарының кандидаты, медиаменеджер Арман Давлетяров, тележүргізуші, журналист, қоғам белсендісі Ләйлә Сұлтанқызы, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов жергілікті БАҚ өкілдеріне форумның негізгі мақсатын түсіндіріп өтті.
– Қызылорда төрінде өткізілейін деп отырған форумның жалпы мақсаты – кез келген тақырыпты халық алдында қозғай отырып, оларға мотивация беру. Қазір кез келген адамға сауал қойып сұрасаңыз өз арманы туралы айта бастайды. Кейбірі кәсіп бастағысы келетінін айтса, бірі отбасы, бала тәрбиесі, тұлғалық даму тақырыптарында сөз қозғайды. Адамдардан естіген жеке пікірлерді жинақтай келе әр аймақта “Арманда” деп аталатын форум өткізіп, бағыт-бағдар іздеп жүрген адамдарға өз білгенімізді түсіндіруді жөн көрдік. Біздің форумда бизнес бастау, психологиялық кеңестер, көпшілік алдында еркін сөйлеуден қысылмау, отбасы құндылығы сынды бірқатар тақырыптар қозғалады, – деді Арман Давлетяров.
Өз кезегінде БАҚ өкілдері делегация мүшелеріне өз сауалдарын қойып, спикерлермен пікірлесті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!