HALYQLINE.KZ Қазалы ауданында жас кәсіпкерлердің бизнес форумы өтті. Форумның негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту бойынша жастарымызға бағыт-бағдар беру, олардың кәсіпкерлікке деген ынтасын арттыру болып табылады.
Қазалы қаласындағы Жастар үйінде ұйымдастырылған форумға «GOSAUDA» халықаралық интернет-дүкенінің Ақтөбе облысы бойынша өңірлік жетекшілері Қуаныш Сұлтанов және Жәнібек Жексенбаев, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, аудандық мәслихат депутаты, аймақтық «Тұран Қазалы» газетінің бас редакторы Ғазиз Әліш, аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев және жас кәсіпкерлер көптеп қатысты.
Ауқымды шараны алғы сөз сөйлеп ашқан аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалыда тіркелген 5292 кәсіпкерлік субъектілерінің ішіндегі 15,7 пайызы жастардың үлесінде екенін атап өтті.
– Алдыңғы жылмен салыстырғанда жас кәсіпкерлер қатары 11,7 пайызға артқан. Бұл бізді қуантады. Бірақ, облыстағы кәсіпкерлігі дамыған аудан үшін бұл бізге аздық етеді. Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа кезеңге – жаңа реформалармен жетуге айқындап берген жаңа бағыттарға біз бірігіп, барлық қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға қол жеткізуіміз қажет, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Жас кәсіпкерлер форумына арнайы шақырылған «GOSAUDA» халықаралық интернет-дүкенінің Ақтөбе облысы бойынша өңірлік жетекшісі Қуаныш Сұлтанов өзінің бастамаларымен таныстырып, интернет-дүкеннің тиімді тұстарын айтып берді.
Мұнан соң кезек ұсыныс-пікірлерге беріліп, жас кәсіпкерлердің сұрақтарына халықаралық интернет-дүкеннің Ақтөбе облысы бойынша өңірлік жетекшісі Қуаныш Арыстанбекұлы жауап берді.
Форум барысында жеке кәсіпкер, «Рауан» инклюзивті балабақшасының меңгерушісі Қуанышгүл Дәулетиярқызы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов сөз сөйлеп, өз пікірлерін жеткізді.
Сондай-ақ, өз кәсіптерін дөңгелентіп отырған бірқатар жас кәсіпкерлер аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Әлемдік экономикалық дамуда шағын және орта бизнестің үлесі мол. Сондықтан да ілгерілеуге бағыт ұстаған елдер кәсіпкерлікті мейлінше дамытуға тырысады. Мұны шағын және орта бизнес нысандарының саны артып, экономикалық әлеуетіміздің жыл өткен сайын нығайып келе жатқаны да дәлелдейді. Бұл бағытта жастарға мол сенім артылатыны да жасырын емес. Алғыр ойлы, істің тетігін білетін жастар елдің ертеңі екені сөзсіз. Әрине, бұл бағытта олардың өзара тәжірибе алмасып, ортақ ойласуының да маңызы зор. Осы тұрғыдан келгенде Қазалы қаласында өткен жас кәсіпкерлердің бизнес форумы нәтижелі болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!