Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қармақшыда құс фабрикасы іске қосылады

04.08.2022, 15:30 612

«Әкім келді, әкім кетті». Жалпы, сыр өңіріндегі аудан әкімдері «креслода» ұзақ отырмайды. Содан облыстың даму қарқындығы бәсеңдеп тұр. Әр әкім істің басын түртіп, соңын қаз-қалпында қалдырып кетіп жүр емес пе? Мәселен, Қармақшы – өңіріміздегі экономикалық әл-ауқаты жағынан кенжелеп келе жатқан аудан. Өлкенің өрістенуі сол елдің тізгінін ұстаған басшыға да тікелей байланысты. Бұл ауданның әкімі жыл басын тағы да өзгерді. Оның айтуынша, ауданда өндіріс орындары көбейіп, халықтың өмір сүру деңгейінің көтерілуіне барынша ықпал етеді. Оны өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында мәлімдеді.

– Осы жылы аудан бойынша барлық сала да біршама оң өзгеріс байқалып отыр. Атап айтсақ, 2022 жылы аудан бюджеті жоспар бойынша 20 миллиард 946 миллион теңгені құрады. 2022 жылдың 1 шілдесіне түсімдер 8 миллиард 526,3 миллион теңгеге атқарылып, пайыздық көрсеткішпен 102,9% болды. Есепті кезеңге өз кірістеріміздің атқарылуы 918,2 миллион теңге болып, 133,4 пайызды құрады. 230,1 миллион теңге жергілікті бюджетке жоспардан артық түсті. Аудан бойынша бюджеттің шығындар жоспары 8 миллиард 671,2 миллион теңгеге, яғни 100 пайыз атқарылды, – деді Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов.

Мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып, аудан 18 жобаны қолға алмақшы. Оның ішінде ауыз суға байланысты 1 жоба, білім саласында – 1, денсаулық сақтау саласында – 4, спорт саласында – 2, жол жөндеу бойынша –2, тұрғын үй құрылысында – 5, шекара бекеттеріне қоршау орнату бойынша, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 1 және 1 әкімшілік ғимаратқа жөндеу жүргізу жобасы бар.

Жалпы, ауданда түрлі жоба іске асып келеді. «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы бойынша Жосалы кенті мен Ақай елді мекенінде спорт кешені салынуда. Сәуір айында баспасөз турында құрылыстың қарқынды жүріп жатқанын тамашаладық. Жақын арада бұл дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылады. Бұған қоса, «Нұрлы-жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Байқоңыр қаласындағы 50 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Қуаңдария ауылында да 100 орындық клуб салынып, ел игілігіне пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Ақай мен Төретам елді мекендерінің тұрғындарына қуанышты жаңалық бар. Бұны аудан әкімінің өзі баяндасын.

– Биыл облыстық бюджет есебінен Төретам мен Ақай елді мекендеріне газ тарту үшін жоба әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Бұған 2 миллиард 400 миллион теңгеге жуықтайтын ақша керек. Қазір газдандыру жұмысын бастау үшін республикалық бюджеттен Төретам кентіне 300 ммиллион, Ақай ауылына 300 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу қорытындысы шықты. Мердігермен келісімшартқа отыру жұмысы жүруде, – деді Әділбек Бөрібайұлы.

Аудан мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып отыр. Индустрияландыру бағдарламасы аясындағы ірі жобаның бірі – Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасы. Бұл фабриканы көзбен көрген соң, заманауи бағыттағы құрылыс жүріп жатқанына сенімді түрде айта аламыз. Көп күттірген фабрика, жыл аяғына дейін іске қосылатын болды. Ғимарат құрлысы аяқталып, шет мемлекеттерден келетін жабдықтар ғана қалып отыр екен. Жоба іске қосылса, 200 адам жұмыспен қамтылады. Жалпы, бұл құс фабрикасы шығынсыз болайын деп тұр. Құстың қалдықтарын да кәсіпке пайданылатынын аудан әкімі айта кетті.

Бұл ауданда жыл сайын егін саласына қатысты жаңалық көп. Биыл да жалпы көлемі 24 326 гектар алаңға егіс егілген. Оның ішінде күріш көлемі – 12 773 гектар. Су тапшылығының кесірінен күріш гектары қысқартылған. Өйткені өткен жылы 13 156 гектар еді. Осы жылы 1021 гектар бидайдың, 920 гектар бидай орылып, 386,4 тонна өнім алынып, орташа өнім 4,2 центнерден алынуда. Сондай-ақ 4 мың гектар жоңышқа орылып, әр гектарынан орташа 19,8 центнерден өнім алыныпты. Барлық егістікті суаруға 57 насос тұрақты жұмыс істейді екен.

Білім саласынан да аудан қара жаяу емес. Салада ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық та жеткілікті. Ауданда 2022 жылы 594 мектеп түлектің 538-і ҰБТ-ға қатысқан. Нәтижесінде орташа балл 80,2 құрап, аудандар арасында көш бастап тұр. Жалпы, Қармақшы ауданы өнеркәсіптен өрісі кең болмаса да, өнер мен білім саласынан әу бастан кенде емес. Қармақшыда небір жыраулар шықса, енді мұнда балуандар қатары артып келеді. Оның бір дәлелі «Қазақстан барысы – 2022» турнирінде бас жүлде иегері – Мақсат Исағабылов. Бұл турнирден қармақшылық спортшы екінші рет жеңіп тұр. Алғашқысы Еламан Ерғалиев еді. Бұған қоса, жасөспірімдер арасында Мексикада өткен әлем чемпионатында қармақшылық Ерасыл Саулебеков зілтемір көтеруден әлем чемпионы атанып, аудан мерейін үстем еткені сөзсіз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: