Қызылорда қаласы әкімдігінің аспасөз орталығында өткен брифингте қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Жетілгенов І жартыжылдықта атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде барлығы 31425 кәсіпкерлік субъекті жұмыс істеуде. Бұл кәсіпкерлік субъектілерде 66450 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Биыл сауда базарларын жаңғырту жұмыстары аясында инвестиция тарту көзделуде. Мәселен, қала аумағында жұмыс істейтін барлығы 11 базардың ішінде 5-еуі әмбебап қатарына енгізілген және олар 2025 жылдың аяғына дейін жаңғыртудан өтуі тиіс. Әмбебап базарларды жаңғырту жұмыстары аясында бүгінде «Қанат» базары толық модернизациядан өтті. Қалған 4 базар, яғни Жаңа базардағы «Асбол» және Ескі базар аумағындағы «Сұлтан», «Сыбаға» және «Талғат» сауда орындарын жаңғырту биылғы жылдан бастау алды, – деді Мұхтар Әбдімаратұлы.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында да кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 612,8 млн теңгені құрайтын 56 жобаны несиелендіру жоспарлануда. «Жастарға арналған несие» бағдарламасы аясында 875 млн теңгеге 175 жобаны қаржыландыру көзделуде. Екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлік мақсатта ұсыналған несиелерін «Даму» қорымен субсидиялау шаралары жалғасуда. Жыл басынан бері жалпы құны 8,9 млрд теңгені құрайтын 229 жоба қолдау тапты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!