Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұрғыны – кәсіпкер, өзі – нәсіпті ел

25.08.2022, 11:00 374

Газетіміздің алдыңғы санында жарық көрген «Қазыналы Қазалы, ортаймаған қазаны» атты мақаламызда Қазалы, Арал аудандарына жасаған баспасөз турында даму көрсеткішін көріп қайтқанымызды баяндадық. Сонымен қатар, Арал ауданының жай-күйін алдағы уақытта оқи алатыныңызды алдын ала ескертіп өттік. 80 мыңға жуық халқы бар өңір де өзге аудандардан кем түспек емес. Өйткені индустриясынан бөлек, халқының кәсіпке деген көзқарасы жақсарған. Бизнеске бағыт бұрғандардың қарасы көбейген. Тіпті құрылыс, жол саласы бойынша да айтарлықтай жұмыстар істеліп жатыр. Мұнда қадам басқаннан-ақ халқының қонақжайлығына куә болып, аудан орталығындағы  оңды  істерді  көзбен көріп  қайттық.

Жоғарыда оқығаныңыздай, мұнда кәсіп саласындағы ілгері істерді байқауға болады. Индустриясында да серпін бар. «Шағын қала­ларды  дамыту»  бағдарламасы аясында биыл 17 көшенің жоба-сметалық құжаттамасы толтырылып, келесі жылға жоспарланып отыр. Ал қазір  аудандық  бюджеттен  қаржы  қаралып, 13  көшенің  ЖСҚ-сы  әзірленуде.

– Осы жылы аудан бойынша жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден 1,8 млрд  бөлінді. Ол көптеген бағыттарды қамтып отыр. Қазір ауданның орталығы болып есептелетін қала көшелері, оның ішінде В.Тереш­кова  мен И.Панфилов көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан­дық бюджеттен 34 млн теңге қаржы бөлінді, оның үстіне бұл нысанда екі жақтан жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Тасжол да ауыстырылып, жөндеу жұмысы жүргізіледі. Сонымен бірге, жарықшамдар да орнатылатын болады, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жанқожа  Құдайберген.

И.Панфилов көшесіндегі құрылыс шілде айының соңында басталған, тамыз айының аяғында аяқталады деп жоспарлануда. Талап­қа сай барлық сапа сақталып жатыр. Жөндеу жұмы­сына қажетті заттарды Ақтөбе облысынан алдырып жатқанын айтты сала маман­дары. Бірінші орында сапа мәселесі тұратындықтан істеген істің сапасына аса көңіл бөлетінін жеткізді. Жаяу жүргіншілер жолының  жөндеу жұмыс­тарына 12 адам тартылған, ал бір бағытты тасжолдың жөндеу жұмысы басталатын кезде 50-дей адамды жұмыспен қамтуды  жоспарлап  отыр  екен.

Жолдың жайымен таныс болған соң, ары қарай дара кәсіптік нысандарды аралуға кіріс­тік.

15 жыл мектепте физика пәнінен сабақ берген ұстаз өзінің жаны сүйетін салаға ауысыпты. Ол өзінің сұлулық салонын ашып, қазірде әйел­дерге арналған қажетті қызметтің түр-түрін ұсынады. Мұнда массаж, бет терісін ретке келтіретін техникалар, сонымен бірге, өзге де қызметтер қарастырылған. Бірнеше заманауи техниканы жинақтаған  Свет­лана Жалту­маева бұл кәсіпті 2 жыл бұрын ғана бастаған.

– Әйел адам болғаннан кейін бет күтімі, сұлулық саласына өзім де біртабан жақын болдым. Бұған дейін Алматы қаласындағы сән үйле­рінде қолымды жаттықтырып, шеберлерден сабақ алдым. Солай осы салаға келдім. Жалпы, қазір 5 шебермен жұмыс істеп жатырмын. Сән саласында да қазірдің өзінде айтарлықтай жетістікке жеттім. Оны күтім алушылардан байқап келемін. Өйткені істелген жұмысқа оң бағасын беріп, ризашылықтарын айтып жатады, – дейді сұлулық салонының басқарушысы Светлана  Жалтумаева.

Сән әлемінен «СТО» әлеміне ойыссақ. Көлік жөндеу саласы да – ауданда қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Арал ауда­нының Асхат есімді тұрғыны үй ауласынан ТЖО ашып, бірен-саран көліктің жай-күйін қарап беріп жүрген көрінеді. Мемлекеттің қайтарымсыз гранттары жайлы ақпаратты естіген соң, үкіметтен 1 миллион 200 мың мың теңге қаражат алған Асхат Абылаев екі ай бұрын ғана өзінің көлік жөндеу орталығын ашқан. Қазіргі табыс  деңгейі  жақсы  екенін  жеткізді.

– Осыған дейін қолдан келетін кәсіпті үйден үйлестіріп атқарып жүрдік, кейіннен кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз грант берілетіні жөнінде білген соң, құжат тапсырып, 1 млн 200 мың теңге ұтып алдық. Міне, екі айдан бері көлік жөндеу орталығын ашып, қажетті құрал-сайман мен техникаларды алып келдік. Өзіммен бірге көмекшілерім бар. Осы шаруаны ұлғайтып, алдағы уақытта өрісін кеңейтеміз деген жоспар бар, – дейді А.Абыл­аев.

Мемлекет осы секілді бизнес бастаушыларға қолдау көрсетіп, барлық жағынан жобаларды жүзеге асырып келеді. Ізінше дөңгелек темірбетон өнімін өндіретін кәсіпкерге бардық. Шаруаның нағыз қызған уақыты болса керек, осы сала бойынша өнімнің қалай жасалатынын көзбен көрген жайымыз бар.

– Осы жұмысты іске асырып келе жатқаныма екі жылдың жүзі болды. Үкіметтен қайтарымсыз 583000 теңге көлемінде қаражат алып бастадым. Алғашында қаражат жетіспеушілігі туындады, дегенмен, алғашқы өнімді өндіріп, оны сатып, қажетті құрал-жабдықтарды толық­тырдым. Қазір күніне бір дана темір­бетонды дүние­лерді  жасап жатырмын. Еңбек ету арқылы мол табысқа ие болмасақ та, қатарымыздан кем болмай, бала-шағаның қажеттілігін өтеп беріп жатырмыз. Жалпы, бетон бұйым­дарын жасауымның басты себебі, қазір бұл – нарықта сұранысқа ие заттардың бірі, – дейді Артур  Құдайбергенов.

Өмірде қаншалықты еңбек ете білсең, Жарат­қанның да саған берері сол дәрежеде бола­ды. Сондай-ақ еңбек етумен қатар, отбасы мен достарыңа деген қарым-қатынасыңа дақ түспеуі  қажет. Жеке кәсіпкер  Артур Құдайбер­генов  осы  ұстаныммен  өмір  сүреді.

Айтып-айтпай не керек, Арал ауданының тұрмысы мен кәсіптегі белсенділігі алдыңғы қатардан көрінуде. Инфрақұрылымы дамыған, әлеуметтік-экономикалық жағдайы оң тенденцияға ие ауданның қазіргі тынысына тіл бітірдік. Тілге тиек етіп ғана қоймай, бүгінінен хабардар еттік. Дегенмен, тұзды өлкенің теңізі алаңдатарлық тағдырға ие. Бірақ ол – басқа әңгіме. Арал жайлы толғансақ, тарихи тұлға­лары көз алдыңда елең етеді. Мұндай жандарды түлеткен өлке әлі де өз дүлділдері мен бұлбұлдарына қанат бітіруде. Құлашын кеңге жайған жердің алда талай оң бастамаларға ие болатынына  сеніміміз  мол!

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ,

Қызылорда – Арал – Қызылорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: