Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Теңіз өнімдері түрлі бағытта өңделеді

30.11.2023, 12:40 389

Арал десек, есімізге теңіз бен балық түседі. Осы күні теңізді өлкеде атакәсібін ұмытпаған бір қауым ел тұрады, бірнеше зауыт жұмыс істейді. Бәрінің уайымы бір. Ол – Арал теңізіндегі судың азаюы және балықтың аздығы. Десе де, көңіл бірленетін бір жайт бар. Ол – балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасының бекітілгені. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанда Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінде Аралдың қазіргі тағдырын талқыға салды. Алдағы 3 жылда «Халықаралық Аралды құтқару қоры» мемлекетіміздің басқаруына өтіп, теңіздің мәселесінің шешілуіне жаңа бір серпін беретінін атап өткен-ді. Мұның өзі ел президентінің Сыр еліне, Арал өңіріне деген қолдауы ерекше екенін білдірсе керек.

БАЛЫҚ  ЖЕМІНЕ  ШЕТЕЛДЕН  СҰРАНЫС  КӨП

Арал ауданында орналасқан «ARAL SEA FOOD» ЖШС-ның жұмыс барысымен танысудан бұрын теңіз өнімдерін түрлі бағытта өңдейтін зауыт екенінен хабардар болдық. Бірнеше жыл бұрын ашылған зауыт балық өнімдерін терең өңдеумен айналысады, осы күні пластикалық қайық шығару цехы да жұмысын жандандырып келеді. Өндіріс орнының бірінші кезеңде құны 160 миллион теңгені құраса, жақында ғана іске қосылған екінші кезеңінің жоба құны 125 миллион теңге болып отыр. Зауыт басшылығының айтуынша, «Өңірлік кәсіпкерлікті дамыту» картасына енгізілген жобада бүгінде 5 аралдық тұрғын жұмыс істейді.

Зауыттың бір тәулікте 10 тонна өнім өндіруге күші жетеді. Сондай-ақ, 13 тонна балық майын шығаруға да қауқарлы.

– Технологияны Қытай елінен жеке тапсырыспен алдырдық. Цех жақында ашылды. Қазіргі таңда балық ұнын және майын шығарып жатырмыз. Сағатына – 500 келі, тәулігіне – 10 тонна, айына 260 тонна өнім өндіруге қауқарымыз бар, – дейді «Аста» ЖШС директоры Әбілқасым Бөриев.

Балықтың жон етін шығаратын өндіріс орнының қуаттылығы жылына   4000 тоннаны құрап отыр. Жаңа цех балықты қалдықсыз өндіруге барынша күш жұмсауды мақсат тұтады.

– Балық жемі мал шаруашылығына немесе балық шаруашылығына, балық пимтомнигіне қорек ретінде, солардың денсаулығына күш беруге және тез оңалуына көмектеседі. Балық жеміне тек Қазақстан емес, ТМД елдерінен де, басқа да елдерден сұраныс бар, – дейді ұн және май шығару цехының шебері Әділхан Қанатбаев.

Балық өңдеу шебері Асылзат Бодықова бізге балық өңдеу процесін бастан-аяқ айтып берді. Сондай-ақ, ол жұмысының қиындығы мен қызығы қатар жүретіні туралы әңгімеледі.

– Бірінші балықты қабылдаймыз, салмағын өлшейміз, одан кейін де әртүрлі процесс жүзеге асады. Оған балықты тазалау, қабығын аршу, кесу, өңдеу, жуу, ең соңында тағы салмағын өлшеу, т.с.с. қызмет жатады. Әрқайсысын атқаратын мамандар және аппараттар бар. Арнайы балық сақтау орнында өнімді қаптап, орап, ыңғайлы температурада сақтаймыз. Дайын өнім болуы үшін мұздатып, арнайы қорапқа салып  басқа  қалаларға, елдерге жөнелтеміз, – дейді  ол.

ТЕҢІЗ  СУЫ  АЗАЙҒАНЫМЕН, БАЛЫҚ  АУЛАУ  ЛИМИТІ  ТӨМЕНДЕМЕГЕН

Бүгінде аталған серіктестік Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісін алған. Өңделген балық өнімін Қазақстанның кез келген қаласына, шетелге экспорттайды. Барлық заманауи құрал-жабдығы, қатыру құрылғысы, бөлмесі, ең бастысы өз ісін жетік білетін мамандары бар зауыт алдағы уақытта өнім өндіру көлемін арттыруды көздеп отыр.

Бірнеше ай бұрын Қызылорда облысында Арал өңірі балықшылар слеті өткен болатын. Сонда Арал ауданында орналасқан балық өңдеу цехына Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов та арнайы аялдап, атакәсіпті түлеткен кәсіпкерлердің жұмысымен танысқан-ды.

– Қасиетті Сыр елі – өзінің Сыр салысы, төрт түлік малымен қатар, балығымен де аты шыққан берекелі, құтты мекен. Бүгінгі күні, теңізді өлкенің атакәсібі – балық шаруашылығының мәні мен маңызы кеміген жоқ. Соңғы уақытта балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейде қайта оралып, ерекше қарқынмен дамуда. Өздеріңізге мәлім, Балық шаруашылығын дамытудың  2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы бекітілді, – деген  болатын.

Сол уақытта балық шаруашылығына қатысты жетістіктер де, мәселе де айтылған болатын. Атакәсіппен айналысып жүрген мамандардың басты мәселесі – теңіз суының аздығы және балықтың азаюы. Слет аясында өткен конференцияда бұл мәселелер бүге-шігесіне дейін айтылған еді.

Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов сонда теңіз суы азайғанымен, балық аулаудың лимиті төмендемегені туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, қордаланған суды реттеу мәселесін де сөз етті.

– Балық зерттеу институтының жұмысын жүйелендіру керек. Осыған байланысты Арал теңізіндегі балықтың қорын анықтап, нақты өсу динамикасын терең зерттеуді қажет етеді. Себебі, теңіздің суы 27 миллиардтан 19 миллиардқа азайғанымен, балық аулау лимиті төмендемей тұр. Бүгінде заңсыз балық аулаудың дерегі көп. Осыған тосқауыл қою бағытында аудан аумағында белгіленген орындарында арнайы салмақ өлшейтін таразымен және бейне бақылау қондырғыларымен жарақталған бекет қою жұмыстарын қолға ала отырып, заңсыз балық аулаушылардың алдын алу керек. Табиғат пайдаланушылар өз учаскелерінде балық аулаумен айналысатын барлық жеке тұлғалардың заң шеңберінде тіркелуін жүзеге асыру да маңызды. «Судың да сұрауы бар» демекші, ауданда суды реттеу мәселесі қордаланған. Аталған мәселеге байланысты Арал ауданында 2005 жылға дейін жұмыс істеген «АралСуШаруашылығы» мекемесін қайта құруды ұсынамыз, – деген еді.

Арал ауданына сапарымызда жергілікті халықтың пікірін де сұрадық. Айналып келгенде бәрінің айтары – теңіздің жағдайы. Толқында жүріп, тұрмысын түзеп, тіршілігін жандандыратын тұрғындарды толғандыратыны – осы.

Рыскелді  ЖАХМАН,

Қызылорда – Арал – Қызылорда,

Суреттерді  түсірген  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: