Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шаштараз шебері

27.03.2025, 6:20 115

Адамзат баласының өзіндік орындайтын міндеттері болады. Соның ішінде шаш қидыру ең қажеттісі саналады. Қазір қалада әр бұрышты айнала қалсаң, алдыңнан сұлулық салонын кездес­тіресің. Әрине, бұл үлкен шыдамдылық пен жауапкершілікті талап етері сөзсіз. Осы мамандықты арнайы оқытатын курстар да баршылық бүгінде. Адамның бет-бейнесін әспеттеп, көркем көрсететін шаштараз қызметіне жүгінуш­ілер  де  аз  емес.

Осы саланың қыр-сырын толық меңгеріп, он жылдан бері тұрақты айналысып келе жатқан шебердің бірі – Жанатбек Мұханбетжан. Оның осы кәсіп түрін меңгергеніне біршама уақыт болыпты. Әйел кісілер шаштарына күтім жаса­тып, ер-азаматтар айына бір мәрте шаштарын қидырады. Діни кітаптарда бұқара халық арасында  шаш-тырнақты күтіп ұстау парыз екендігі жөнінде мағлұматар бар. Ел аузында «Шашы өскеннің елі кәпір, тырнағы өскеннің өзі  кәпір»  деген сөз бар. Тырнақ пен шаш алғанда оны жерге көму қажет. Себебі, тырнақ пен шаш жын-перінің сүйікті азығы саналады екен. Бір жағынан шаш алу руxаният тағылымының  көрінісі  іспетті. Қажылық өтелгеннен кейін  шаш  алу  үрдісі  барын есітіп жатамыз. Бұл – дін шоқтығының көрінісі. Ендеше шаш алдыру – дәстүрлі дініміздің құрамдас бөлігі.

– Шаш алуға бала кезімнен қызығушылығым оянды. Әр шаштараздың өз орны мен құралдар жиынтығы бар. Құралдарды күнделікті тазартып, келесі келушіге  дайындаймын. Клиенттерім жұмысыма ризашылығын айтып жатқанын естіп, мамандығыма деген құлшынысым артады. Күніне орта есеппен жиырмаға жуық адамды қабылдаймын. Шаршататын жұмыс деп айтуға  болмайды. Жыл он екі ай адам көп келе­ді. Клиенттерім – әртүрлі жастағылар. Ерлер­дің шашын қияр алдында және қиып болғасын жуамыз. Тойлар мен мерекелік кештерге қыз­дар мен жеңгелер шаштарын, беттерін әрлемей бармайды. Яғни, бұл шаштараз кәсібіне сұраныс­тың артқанын білдіреді. Халықпен жұмыс істеу қызық әрі жауапкершілік жүгі ауыр. Әрбір тұтыну­шының көңілінен шығу тәжірибені қажет етеді. Келешекте өз шаштаразым болса деген жоспарым  бар. Адам арманға жету жолында шын ықыласымен кіріссе, мақсатына жетері хақ. Қыз­мет құны қолжетімді бағада. Мамандығыңды жақсы көрсең,  мұның  барлығын  оңай еңсеруге болады, – дейді  кейіпкеріміз  бізбен  әңгімесінде.

Шаш адамның көңіл күйін өзгертеді. Қазір еңбектің заманы. Бейқамдық танытуға болмайды. Қоғамда жұмыссыздықты желеу етіп, сең соққан балықтай сенделіп жүрген жас көп. Кез келген адамның өз хоббиі болады. Сол мүмкіндікті пайдалана білсең болғаны. Табысқа жеткен, кәсібін дөңгелеткен адамдар табысқа бір күнде  жеткен  жоқ. Оның астарында ерен еңбектің  табы  жатыр. Олардың табысты болуының сыры – еңбекте, төзімділікте, мақсат қоя білуінде. Өйткені, «Еңбек ер атандырады» деген уәлі сөз бекер айтылмаған. Біздің кейіпкердің сұлулық салоны әрқашанда тұтынушыға толы тұрады. Оның себебі, сапалы қызметіне жас та, қарт  та  дән  риза.

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: