Бұл туралы Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мөлдір Тәуіпбаева өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, кәсіпкерлікті қолдауда өңірлік бағдарламалар да маңызды рөл атқарып отыр. Соның бірі – «Іскер аймақ» бағдарламасы. Бұл бастама арқылы шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде микро және шағын бизнесті дамытуға, жергілікті шикізаттан өнім шығаруға қолдау көрсетіледі.
– Облыс экономикасының 9,7 пайызын құрайтын сауда саласы 7 пайызға өсті, инвестициялар 2,3 есеге ұлғайды. Айта кету керек, қалада төрт әмбебап базар жаңғыртылуда. Оның ішінде «Сұлтан 2» базары толығымен дайын, ал «Сыбаға», «Талғат» және «Асбол» базарларының құрылысы басталды, – деді басқарма басшысы.
Алдағы кезеңге арналған жоспарлар да нақтыланған. 2026 жылы жеке кәсіпкерлікті қаржылай қолдау мақсатында субсидиялау, кепілдендіру және жеңілдетілген несиелер беру құралдары іске асырылмақ. Биыл 543 жобаны қаржылай қолдау жоспарланып отыр.
– Алдағы уақытта өңдеу өнеркәсібінің өсімін 107 пайызға, сауда айналымын 107 пайызға, шағын және орта бизнестің үлесін 21,2 пайызға, оның ішінде орта бизнестің үлесін 5,3 пайызға жеткізу көзделіп отыр, – деді Мөлдір Сұлтанбекқызы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!