Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қармақшыда қарқынды қозғалыс

14.04.2022, 9:40 466

Жабық қаланың да ауданы Қармақшы болып есептеледі. Сол себепті бұл ауданның жай-күйін Байқоңырдың қазақ мектептері толығымен Қазақстанның білім жүйесімен оқытыла бастағанда таныстық. Шыны керек, сол кезде көзіміз ашылды. Түрлі байқауларға барып, аудандық жарыста бағымыз сыналғанда ойқы-шойқы жолдар мен тозығы жеткен мектепті көргенде абдырап қалатынбыз. «Отырып-отырып ойлайсың» дегеннен шығады. Әкімнің жұмысына да шағымымызды іштей айтып, орыстың әкіміне ризашылығымызды білдіргеніміз де рас. (Бұл жерде ұлтқа емес, адамның жауапкершілік пен абыройлы қызметін бағалағанымыз). Содан не керек, 5 жыл бойы Қармақшыға барған сайын айтатынымыз халықтың қырық көзі бар ғой, неге айтпайды? Ел айтса сенімді шығады емес пе? Әкім ауданның мәселесін шешуге неліктен құлықсыз? Әлде естір құлақ жоқ па? Осылай бір-бірімізбен тағы да ой бөлісіп отырғанымызда, қазақтың ауырт­пашылығын көріп жүргеннен кейін бір досым «бара-бара патриоттық сезімім жоғалып бара жатыр» деп тіл қатты. Ал, бұған не дейсің? Не айтып, кімді ақтап алмақшымыз? «Бәлкім, әкім қаражат жағынан қолбайлау болып тұрған шығар. Әйтпесе орыстың әкіміндей өзінің аузына емес, елдің аузына тосар еді» деп мырс-мырс күліп, сарказммен сөйлеген түріміз еді. Мектепті аяқтағаннан кейін, ағайын-туыс болмағасын Қармақшыға жол түспеді. Алайда осы олқылықтың орнын өңірлік коммуникациялар қызметі мұрындық болып, баспасөз турымен толықтырды. Ендеше, аталмыш ауданның қазіргі тыныс-тіршілігі мен оң өзгерістері жөнінде баяндап берейік.

Қармақшыға іссапарымызда гид болған жандар бір қызу құрылыс жүріп жатқан ортаға алып келді. «Бісміллә» деп көліктен аяғым жерге тиісімен біраз таңырқап тұрып қалдым. Сөйтсем спорттық ғимарат құрылысы екен. Көк туды көкке көтеріп, олимпиада чемпион­дарын тәрбиелейтін ұстахана болады деп қуандық. Айтпақшы, құрылыс жүріп жатқан жер дейтіндей емес. Тап-таза, жұтқан ауаң кеудеңді керіп, аяғыңды жерден көтеріп әкететін сияқты. Бұл спорт кешені тамыз айында қолдануға беріледі екен. Сондай-ақ осы спорт сарайы­ның «егізі» Ақай ауылында тұр­ғызылмақ. Бұған дейін Қармақшыда екі спорт мектебі мен бір спорттық клуб жұмыс істейді. 2200-ге жуық жасөспірім аталған орындарда спорттың түр-түрімен айналысып жүр. Бұған қоса мемлекеттік тапсырыс аясында ашылған түрлі үйірмелерге 600 бала қатысуда. Қазір аудан тұрғындары спорттың 16 түрімен айналысады. Толығырақ құрылыс жөнінде бөлім басшысының айтып беруін өтіндік.

– Аудан орталығындағы денешынықтыру-сауықтыру спорт кешені құрылысының жалпы құны – 560 млн теңге. Былтыр басталған нысанды аяқтау биылғы тамыз айына жоспарланып отыр. Мердігері – «Сапақ» өндірістік кооперативі. Бұл жерде 10-ға жуық аудан тұрғыны да уақытша жұмыспен қамтылған. Кешен алдағы уақытта Қармақшы жастарының спортпен айналысып, тұрақты шынығуына септігін тигізеді, – дейді аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы  Нұрбол  Мырзабаев.

Келесі бағытымыз сол маңдағы техникалық қызмет көрсету орталығы болды. «Миркобизнес-Қызылорда» өңірлік бағдарламасы аясында 25 млн теңге көлемінде несие алған Нұртай Бөрібаев есімді азамат көлік жөндеу, желімдеу, көлік жуу сынды қызметтер көрсетіп, келген тұтынушыға тиімді болуы үшін азық-түлік дүкенін де ашыпты. Ол осы жылдың 27 қаңтарында жұмысын бастады. Алдағы уақытта ауқымын кеңейтіп, басқа да қызметтерді көрсету жоспарлануда екен. Темір тұлпардың заманында керек кәсіпке көңіл бөліп, қолға алған елжанды азаматтардың әрекетіне ішіміз жылып қалғаны сөзсіз.

Ал енді, келген сайын тұрақтайтын мекенім алақандай ғана автобекет еді. Достарымызбен сатушының ыстық бәлішін жеп, салқын сусы­нын ішіп отырып, Қармақшы туралы сырласатын жеріміз, қазір адам танымастай өзгеріп кетіпті. Бұрын автобекет деуге келіңкіремейтін шағын орталық кеңейіп, ішінде күту залы, анықтама бюросы, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі, асхана, билет кассасы, жүргізушілер бөлме­сі және автотұрақ алаңы бар. Жеке кә­сіпкер, көпбалалы ана Шолпан Махмудова есімді азаматша 60 млн теңге шамасында өз қаражаты есебінен халықтың сұранысын қанағаттандырып отыр. Міне, өскелең ұрпақ патриоттық жолында  тәрбиеленіп, күш-қуат алуы үшін жағдай жасалғаны жөн. Әйтпесе кері тартып, жаңсақ жаңылыстың соңында өзге  елден  жылу  іздеуі  ғажап  емес.

Қармақшының жүйелі жұмысының нәтижесінде азық-түлік бағасы да тұрақты. Ең бастысы, әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өніміне мониторинг жұмыстары жиі жүргізіліп тұрады. Аудан кәсіпкерлері азық-түлік тауарларын көрші Түркістан, Ақтөбе, т.б. өңірлерден әкеліп, халықты тұрақты түрде қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп тұр. Былтыр ауданда жыл көлемінде 15 рет ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты. Оның ішінде Жосалы кентінде – 4, Қызылорда қаласында – 6, Нұр-Сұлтан қаласында – 1, Төретам кенті мен Байқоңырда 2 рет тұрғындар қолжетімді бағада сауда жасаған.

Азық-түлік туралы сөз қозғауымыздың себебі Жосалы кентінде «Ақ Дильназ» наубайханасы ашылып, нан бағасының тұрақтануына септігін тигізіп отыр. Былтыр «Еңбек» бағдарламасы аясында 555 мың теңге көлемінде грант және «Микробизнес-Қызылорда» өңірлік бағдарламасы арқылы  2 млн теңге көлемінде несие алған Тұрсынай Нұрмаханова есімді кәсіпкер бұрыннан осы кәсіпке машықтанған. Алайда жоқтан бар жасау қиынға соққасын мемлекеттік бағдарлама жөнінде ақпарат алу үшін жауаптыларға жүгініп, қолдау тапқан.

– Жаңа жылдан бастап наубайха­намыз ашылды. Бәліш, шелпек, батон, бөлке нан, сондай-ақ тапсырыспен самса, кекс, пицца да пісіреміз. Мысалы бір күнде 300-ге жуық бөлке нан шығарып, 15 дүкенге таратамыз. Олар 85 теңгеден алса, үстіне бес теңге ғана қосып, 90 теңгеден  өткізуде. Баға да көңілге қонымды. Бөлке нанның салмағы – 500 грамм. Тұрғындар тарапынан шағым жоқ. Сондай-ақ аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне алғыс айтамын. Солардың кеңесімен қаржылай қолдау алып, тіпті наубайханама электр желісін тартуға да көп көмегін тигізді, – деп ризашылығын білдірді.

Қармақшылық тұрғын Нұрсұлтан Алтынбек те ауданның игілігі үшін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсын аяқтапты. Соның арқасында «Кілем жуу орталығы» жобасын қорғап, 583 мың теңге мемлекеттік грант ұтып алған. Грант қаражатына бизнес жоспарға сәйкес 2 дана кілем жуу құрылғысын алып, кәсібін  жүргізуде.

– Бір жыл бұрын бастаған кәсібім өз жемісін  беруде. Оған дейін Нұр-Сұлтан қаласында дәл осындай орталықта жұмысшы болып істедім. Қазір жеке өз кәсібімді  ашып, жерлестерге қызмет көрсетудемін. Жеңіп алған грантқа керекті құрылғы  алып,  қосымша  несиеге  ғимарат пен  тағы  да  керекті  заттар  сатып  алдым. Аудан орталығынан бөлек, ауылдық жерлерден тапсырыстар түсіп жатады. Олар  өздері  кілемді   әкеліп  берсе, орталық тұрғындарына  арнайы  көлікпен  тасымал қызметін ұйымдастырдық. Күніне 10-15 кілем жуамыз, екі адамды жұмыспен қамтып отырмын, – деді жас кәсіпкер.

Енді Қармақшы ауылдық округіне жол түсіп, ондағы жылыжай ісін қолға алған Марат Досниязовтың кәсібіне наза­рымызды аудардық. Ол екі жыл бұрын «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2,2 млн теңге көлемінде грант ұтып алған. Жылыжайға еккен 390 түп қия­ры қазір екі құлақтанып шыққанының куәгері болып қайттық. Қиярдың сорты «Зена» деп аталады. Кәсіпкердің айтуынша, 45 күнде өнім бере бастайды екен. Алдағы уақытта өзге көкөніс өнімдерін егіп, ауыл тұрғындарына сатылымға шы­ғару жоспарлануда. Жоғары­да азық-түлік өнімдерінің бағасын  тұрақ­тандыру туралы тілге тиек еткен едік. Расында да, Мұрат сынды кәсіпкердің қатары көбейсе, ішкі өнімді толық қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз артатын еді. Осы мақсатта Қармақшы ауданы ертерек қам­дануға кірісіпті. Ауылдық округтерде картоп, көкөніс және бақша өнімдерінің егіс көлемін арттырып, өнімділігін жақсарту іс-шаралары нақты жоспарланып отырған  сыңайлы.

Экология мәселесіне көбі бас қаты­ра бермейді. Кеш түсініп, опық жейтіні­міз бар. Жалпы, Қызылорда облысы – елімізде экологиялық тұрғыда ең қауіпті мекеннің бірі. Қанша бұлтартпас айғақ табудың да қажеті жоқ. Арал теңізің тартылып, Байқоңырың «бар  байлығын» төгіп тұр емес пе? Дегенмен Азамат Тұрақов есімді кәсіпкер «аз да болса, көптей көр» деп дала тазалығына көңіл бөліпті. Ол  аудан  орталығы мен елді мекендерден қағаз, полиэтилен, плас­тик қалдықтарын жинап, сұрыптап, арнайы орынға  өткізіп жүр. Негізі қоқыс­ты тас­тау әдебін қазекеңге үйрету қажет. Өзіміз  сұрыптап  тастасақ, небәрі 5 минут кете­тін шығар. Есесіне сауапты іс болады. Бірақ әзірше бос сөз болып тұр. Сол себеп­ті бұл кәсіпкер дұрыс бағытты қолға  алып  отыр.

– Мысалы, полиэтилен пакеттерінің келісін 60 теңгеден қабылдап, орталыққа 140 теңгеден өткіземін. Ал қағаз картондарды 10 теңгеден алып, 50 теңгеден, пластик бөтелкелерді 50 теңгеден алсам, 90 теңгеден орталық қабылдайды. Аудан бойынша тұрғындардан, сауда дүкендерінен түрлі қайта өңдеуге болатын осы қалдықтарды жиып, өнім түрлерін шығаруға болады. Бұл бойынша былтыр 2,2 млн теңге грант ұтқанмын. Жиналған қалдықтарды сығып, арнайы қалыпқа келтіретін аппарат сатып алдық. Алда тағы дәл осындай құрылғы алу жоспарда тұр, –  дейді  кәсіпкер.

Бір екпінмен дамып келе жатқан аудан­ның өнеркәсіп өнімінің көлемі 489,5 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,2 процентке, өңдеу өнеркәсібіндегі өндірілген өнім көлемі 406,4 млн теңге болып, 105,2 процентке орындалған. Ал ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 3756 болса, оның ішіндегі жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің  үлесі  90,4%-ті  құрайды.

– Өткен жылы кәсіпкерлікті қолдау­ға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 540 жоба 1918,8 млн теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде «Бизнес­тің жол картасы-2025» мемлекетттік бағ­дарламасымен құны 1314,3 млн теңге болатын 223 жобаның несие процентінің үстемесін субсидиялауға қол жеткіздік. Бағдарлама арқасында өз ісін жаңадан бастаған 5 жас кәсіпкерге 11,2 млн теңгенің гранты берілді, – деді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы  Еркебұлан  Әбдікеров.

Қармақшының қарқынды қарыш­тауы, қоғамның қабілеттілігіне қарай қолдау қарастырылғанына қос қолдап қошем­ет­тейміз. Себебі сүбелі мәселелерді тыс қалдырмай, ауданға біршама көмек берілуде. Мемлекеттік бағдарлама елден ақша жымқырып, түк бітірмеу үшін емес. Елдің қаражатын елге тиімді пайдалануға жәрдем беріп, болашаққа нық сеніммен қарау  екендігін  қармақшылықтар  көрсетті.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: