Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарманған қарап қалмайды

24.08.2022, 11:50 339

HALYQLINE.KZ

Елімізде 2021 жылдың 12 қазанынан бастап «Бизнестің жол картасы – 2021-2025» бағдарламасы бойынша жыл сайын кәсіпкерлерге 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз мемлекеттік грант бөлініп жатыр. Кәсіпкерлікті дамыту, ісін жандандыру немесе жаңадан өндіріске қосылатын жандарға қолдау үшін берілетін мемлекеттік қаржыны алу оңайға соға ма? Ол қайтарымсыз грантты қалай және кімдер алады? Бүгінгі қозғайтын тақырыбымыз осы болмақ.

«2021-25 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы» аясында кез келген кәсіпкерге және жаңадан ісін бастайтын адамдарға үкіметтен кепілдендірілген пайыздық мөлшерде және сыйақы негізінде несие беріледі. Дәлірек айтатын болсақ, енді өндірісін бастайтын азаматтарға 85 пайызға дейін кепілдендірілген несие берілсе, жұмысын істеп отырған кәсіпкерлерге 50 пайыздық кепілдеме несиесі беріледі. Бүгінгі таңда қаламызда осы бағдарлама аясында 49 жоба қаржыландырылған. Бірақ, бұл алдыңғы жылға, яғни 2021 жылға қарағанда едәуір төмен көрсеткіште екен. Өйткені 2021 жылы «Бизнестің жол картасы – 2021-25» жаңа бизнес-идеяларды дамыту бағдарламасы бойынша 1308 жоба 25 млрд 027 млн теңгемен  қаржыландырылса, оның ішінде 732 жоба 4 млрд  854 млн теңгемен кепілдендірілген. Иә, қаламызда бағдарлама грантына ие болған кәсіпкерлер біршама өнімдерін жасап, өндірісімен тыңғылықты әрі тұрақты айналысуда. Алайда бұл шағын және орта бизнесі бар кәсіпкерлерімізге қолдау көрсетіліп, олардың өндірісі аясында насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр ма? 

Қызылорда қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мәліметінше,  кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері мен шарттарын түсіндіру, өз кәсібін жаңадан ашқысы келетін бастамашыларға мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндіру бойынша жиындар өткізіледі. Бұл түсіндірме жұмыстары «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен «Тең қоғам» орталығының әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға да өткізілді. Және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Ал шағын және орта бизнес ашқысы келетін, немесе кәсібін жалғастыруды қалайтын азаматтарға: іс бастаушы кәсіпкерлік үшін 360 млн теңгеге дейін қаржы беріледі. Бизнесі бар кәсіпкерлер үшін 1 млрд теңгеге дейін, ал лизинг (жалға беруші) бойынша 500 млн теңгеге дейін, моно және шағын қалаларда, ауылдық елді мекендерде 360 млн теңгеге дейін қаржыландырылады.

Осындай кәсібінен нәсіп тауып жүрген жандардың қатарында Тасбөгет кентінің тұрғыны Жанар Молдашова бар. Ол 2015 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, халыққа қажетті құрылыс тауарлары дүкенін ашты. Бұл іспен айналысқанға дейін ол 10 жылдан астам уақыт бойы туыстарының дүкенінде сатушы болып жұмыс істеген. Қазір кәсіпкердің дүкенінде арнайы қоспалар, цемент, праймер, гипс, алинекс, бояулар, шелектер, әртүрлі құрылыс құралдары, роликтер, шпательдер, балғалар, шегелер, бұрғылар, бұрағыштар сияқты құрылыс материалдарының барлық түрі даналап сатылады. Бұл жерден кент тұрғындары да жұмыс тапқан.

– Құрылыс материалдарына деген сұраныс ешқашан толастамайды. Біреу үй салып жатса, үйі барлар үнемі жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырады. Тіпті тұратын жеріне жөндеу жүргізудің қажеті жоқ болса да, күнделікті өмірде шеге, балға, бұрағыш, арба, күрек сияқты ұсақ-түйек заттар үнемі қажет. Сондықтан бәсеке аз жерде құрылыс заттары дүкенін ашу – жеке кәсіпке бет бұрудағы тамаша идея,-дейді Жанар Маханбетжанқызы.

Өткен жылы кәсіпкер тауар ассортиментін арттыру мақсатында «Қазақстан Халық Банкінен» несие алды. Жобаны «БЖК-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму» қоры қолдап, соның арқасында кәсіпкер қарызды тек 6 пайыз мөлшермен төлейді. Ал айырмасын мемлекет субсидиялайды. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар кәсібінің өркендеуіне өте жақсы пайдасын тигізгенін тілге тиек ете кеткен Жанар Молдашова «осы кәсіптің арқасында несиені де төлеп, тауарларымызды да жеткізуге қаржы жеткілікті» дейді. Тасбөгет кентінің тұрғындарына қажетті заттарын осы дүкеннен сатып алған тиімдірек. Өйткені, дүкен тауарлары қолжетімді бағада сатылады.

Кәсіпкерлік үшін елімізде мүмкіндіктер өте жақсы қарастырылған десек те болады. «Қарманған қарап қалмайды» демекші, осындай мүмкіндікті уақытында сауатты пайдаланып үлгерсе, бірінші өзінің игілігіне, одан кейін елінің, халықтың пайдасына жарайтыны сөзсіз. Сондықтан Жанар секілді ерінбейік, өйткені «қимылдаған қыр асады» деген бар.

Қорыта келе, «Бизнестің жол картасы 2021-25» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасында өзгерістер болып жатыр. Айта кетейік, аталған бағдарлама «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» және «Нәтижелі жұмыспен қамту 2017-2021 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламаларымен бірге «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөнінде Ұлттық жобасы» аясында біріктіріліп, жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамту 2017-21 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде берілген 200 АЕК грант мөлшерлемесі «Ұлттық жоба» аясында 400 АЕК-ке ұлғайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: