Қазақстанда ірі өнеркәсіптік жобалар жай ғана өндіріс емес, экономиканың бағытын айқындайтын құралға айналып келеді. Соның бір көрінісі Павлодар облысында толық циклді өнеркәсіптік парк салу мәселесінің күн тәртібіне шығуы болды. Осы бағытта Роман Скляр әлемдегі ірі индустриялық холдингтердің бірі – XINFA GROUP басшылығы өкілі Чжао Тинъюнмен кездесіп, жобаның инвестициялық және практикалық қырларын талқылады. Әңгіме тек зауыт салу туралы емес, Қазақстандағы шикізатты терең өңдеуге негізделген жаңа өндірістік экожүйе қалыптастыру жайында өрбіді. Ұсынылып отырған жоба Павлодар облысы үшін ғана емес, тұтас ел экономикасы үшін маңызды. Индустриялық парк көмір, боксит, мыс, флюорит пен әктасты бастапқы күйінде экспорттаумен шектелмей, жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге бағытталады. Алюминий мен мыс металлургиясы, энергетикалық инфрақұрылым, химия өндірісі, экологиялық құрылыс материалдары секілді бірнеше сала бір алаңда тоғыспақ.
Инвестиция көлемі шамамен 15 миллиард доллар деп бағаланып отыр. Ал индустриялық парктің аумағы 3 мың гектардан асады. Бұл бір ғана кәсіпорын емес, ондаған өндіріс пен мыңдаған жұмыс орнын қамтитын экономикалық кластер деген сөз. Xinfa Group өкілі Қазақстанның минералдық-шикізат базасына алдын ала талдау жасалғанын айтып, боксит, көмір және мыс кен орындарының өнеркәсіптік әлеуетін жоғары бағалады. Компания үшін Қазақстан тек ресурс көзі емес, толыққанды өңдеу тізбегін құруға мүмкіндік беретін стратегиялық алаң ретінде қарастырылып отыр.

Өз кезегінде Роман Скляр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген өнеркәсіптік жаңғырту бағытына тоқталып, Үкімет үшін ірі технологиялық жобаларды тарту басым міндет екенін атап өтті. Соңғы жылдары Қазақстанда шетелдік инвесторлармен ұзақмерзімді әріптестік орнатуға мүмкіндік беретін құқықтық және институционалдық негіз қалыптасқан.
Кездесу қорытындысында тараптар жобаны тереңдетіп пысықтауға және индустриялық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады. Егер бастама іске асса, Павлодар өңірі Қазақстанның шикізаттық емес индустриядағы жаңа тірек нүктесіне айналуы ықтимал.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!