Бүгінде жас кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау өте көп. Әр бағыт бойынша жастарымыз өз тың идеясын жүзеге асыруда. Осындай ерекше жобасымен мемлекеттің қолдауына ие болып, кәсібін дөңгелетіп отырған қызылордалық кәсіпкерлердің бірі – Жамбыл Қожахметов. Ол жеуге болатын кесе, шыныаяқтар жасап шығаруда. Иә, қағыс естіген жоқсыз. Жамбыл бір реттік пайдалануға жарамды ас үй жабдықтарын жасайды. «Пайдаланып болғаннан кейін ыдыс-аяқтарды жеп қоясыз. Өзі өте дәмді!» дейді шиелілік кәсіпкер.
– Бұл ерекше жобаға көп ізденістен кейін, ойланып барып келдік. Жобамызды жандандыру үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алуды жоспарлап, қазіргі таңда осы бағдарлама арқылы кәсібімізді өрбітіп отырмыз. Біздің өніміміз тұтынушының сұранысына қарай әртүрлі қоспалар мен пішінде дайындалады. Бүгінгі күні балмұздаққа, суға, сорпаға, салатқа, кофеге арналған ыдыстарды дайындаудамыз, – деді Жамбыл Қожахметов.
Грант алғаннан кейін кәсіпкер цехтың жұмысын жақсарту үшін жан-жақты ізденіп, сапалы қоспалар мен құрал-жабдықтарды алуға ұзақ уақытын жұмсаған. Қазіргі таңда уақытша «Биоыдыстар» деп аталатын цехқа кәсіпкер жаңа атау қойылатынын айтты. Өндіріс көлемін үлкейтіп, болашақта көп ұзамай шанышқы, қасық қосылатынын да жеткізді. Сондай-ақ, нан өнімдерімен жұмыс істегеннен кейін сапалы істің болуын қадағалаған Жамбылдың енді бір ойы жеуге келмейтін экоыдыстар түрінде жасап шығаруды жоспарлап отыр. Бүгінде кәсіпкердің қол астында 4 жұмысшы бар.
– Жоспар көп. Бәрі бірінен кейін бірі орындалады деп ойлаймын. Ең басты мәселе бұл кәсіпті үлкейту үшін қаржы, қолдау аса маңызды. Егер мемлекет тарапынан тағы грант бөлінсе, цехты кеңейтіп, жеуге жарамды ыдыс-аяқ түрлерін көбейтіп, тағы да пластиктен жасалатын ыдыстардың түрлерін де шығару жоспарда бар. Себебі бүгінгі бастама өз шығынын өтеп, қосымша кірістерді де әкелуде, – дейді кәсіпкер.
Иә, елімізде жеуге жарамды ыдыс-аяқтың мұнша түрлерін өндіретін цех тек біздің өңірімізде ғана бар екен. Ал еліміздегі кейбір тез дайындалатын тағам ұсынатын орындар мұндай ыдыстарды көршілес Ресей мемлекетінен алдыратын көрінеді. Ендігі Жамбылдың тағы бір мақсаты – Қазақстанға танымал болып, өз жерімізде де осындай кәсіп иесі бар екенін жеткізіп, өнімдерін елімізге түгел тасымалдау.
Оразкүл БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!