Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отандық өнім – өсуге сенім

09.07.2025, 8:40 367

Қызылордада отандық тауар өндірушілердің еңбегі еленіп, «Қазақстанның үздік тауары – 2025» өңірлік көрме-байқауы аясында үздіктер марапатталды. Көрме кәсіпкерлік саласындағы жаңа серпіндер мен өңірлік өндірістің әлеуетін паш еткен айтулы алаңға айналды.

Сыр өңірі соңғы жылдары әдеттен тыс өңдеу өнеркәсібі мен шағын кәсіпкерлікке басымдық беріп келеді. Бұл бастаманың экономиканы әртараптандыру мен тұрақты жұмыс орындарын құру тұрғысынан аса маңызды екенін атап өткен дұрыс. Соның бірден-бір айғағы – жақында қаладағы Өнер орталығында  өткен кәсіпкерлер көрмесі.

«Қазақстанның үздік тауары – 2025» атты өңірлік көрме-байқау жыл сайын елдің барлық аймағында өткізіліп келеді. Ал Қызылордадағы биылғы іс-шараның маңызы ерекше. Себебі, соңғы жылдары шағын және орта бизнес өңір экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Бұл көрмеде де ауылдық жерде өнім өндіріп отырған кәсіпкерлердің көптеп  қатысуы – соның  бір дәлелі.

БӘСЕКЕГЕ  ҚАБІЛЕТТІ  БИЗНЕС – АЙМАҚТЫҢ  ТІРЕГІ

Іс-шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлы­бек Нәлібаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов пен Мархабат Жайымбетов, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері, сала арда­герлері мен кәсіпкерлер қатысты. Аймақ басшысы өз сөзінде Сыр еліндегі индустриялық өзгерістер мен шағын бизнестің нақты жетістіктеріне тоқталды.

– Қызыл­ор­да облысында соң­ғы жылдары өңдеу өнеркәсібі 18,2 пайызға өсті. Шағын және орта бизнестің жалпыөңірлік өнімдегі үлесі 21 пайыз­дан асты. Жыл сайын 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылуда. Бүгінде 65 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп, 121 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл – кәсіпкерліктің қоғам өміріндегі нақты рөлін көрсететін  көрсеткіш, — деді  облыс  әкімі.

Облыс әкімінің айтуынша, биылдың өзінде кәсіпкерлікті қолдауға 30 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған. Бұл қаржы түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қайтарымсыз гранттар, субсидиялар, инфрақұрылымдық қолдаулар мен жеңілдетілген несиелер ретінде кәсіпкерлерге жол тартпақ. Бұған қоса, жаңа заң аясында кепілсіз несие алуға мүмкіндік беретін тетік те іске қосылды. Яғни ендігі жерде кәсіпкерлер кепілсіз, яғни арнайы қордың кепілдігімен қаржыға  қол  жеткізе  алады.

ӨНДІРІСТІҢ  ҮШ  БАҒЫТЫ  БОЙЫНША ҮЗДІКТЕР  АНЫҚТАЛДЫ

Көрмеге облыстың әр ауданы мен қаласынан 67 кәсіпкер қатысып, үш негізгі номинация бо­йынша үздіктер анықталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» және «Халық тұтынатын үздік тауарлар» бағытында барлығы 9 кәсіпорын жеңімпаз атанып, арнайы ноутбуктермен марапатталды.

«Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар» санатында минералды тыңайтқыштар шығаратын «Агрохимсервис», құрылысқа қажетті цемент өндіретін «Компания Гежуба Шиелі Цемент», сондай-ақ шыны өнімдерін жасап шығарушы «Орда Гласс ЛТД» серіктестіктері жеңіске жетті.

Азық-түлік тауарлары бойынша таңдалған үздіктер – Қазалы мен Жалағаш аудандарында күріш өндіріп отырған «Асыл дән LTD» пен «Таң LTD», сондай-ақ жартылай дайын өнімдермен танылған «Әль Баракат ДистрИбьЮшн» компаниясы.

Ал халыққа арналған тұтыну тауарлары бо­йынша «Панабек», «Сыр жиһазы KZ» және «Арт-групп Сервис» серіктестіктері үздік деп танылды. Бұл компаниялар жиһаз өндірісі мен тұрмыстық өнімдер бағытында еңбек етіп келеді.

АУЫЛДА  ОТЫРЫП-АҚ  НАРЫҚТЫ БАҒЫНДЫРҒАН  КӘСІПКЕРЛЕР

Марапатталған кәсіпкерлердің қатарында Жалағаш ауданының Таң ауылында жұмыс істеп жатқан «Таң LTD» ЖШС ерекше көзге түсті. Компания басшысы Имамзада Шағыртаев­тың айтуынша, олар 2003 жылдан бері ауылда отырып-­ақ күріш өңдеуден бастап, тұшпара мен котлетке дейінгі 16 түрлі өнімді шығарып келеді.

– «Таң LTD» ЖШС 2003 жылы құрылған. Негізі күріш шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ, мал шаруашылығы және де су үнемдеу мақсатында жүгері шаруашылығын да көріп жатырмыз. Жалпы, бізден бас-аяғы 16 түрлі зат шығады. Консервілер, тұшпара, котлет, манты секілді жартылай фабрикаттар шығарылады. Біздің күріш зауытымыз да, басқа цехтарымыз да ауылда орналасқан. Себебі, біздің жоспарда өнім өндірумен қатар, жастарды жұмыспен қамту  да  бар.

Ал  өнім  айналымына  келер  болсақ, жылына 15-20 мың тонна аралығында күріш өнді­реміз, мың гектар жүгері егеміз. Оның көлемі  4-5 мың тоннаға жетіп отыр. Ет бағатына келетін болсақ, 80-90 мың данадай консерві өнімдерін шығарамыз. Жартылай дайын өнімдеріміз де жылдан-жылға қарқынды даму үстінде, — дейді кәсіпкер Имамзада Шағыр­таев.

Ал «Әль Баракат ДистрИбьЮшн» ЖШС өнімдері бүгінде Қызылордадан бөлек, Шымкент пен Астанада да сатылуда. Компания айына 20 тонна өнім шығарып, сиыр етімен қатар, тауық етінен де жартылай фабрик­аттар өндіре бастаған. Жеті өнімнен бастап, қазір 17 атауға дейін көбейген. Олардың ішінде жайма, тұшпара, бауырсақ, пицца  қамыры  секілді  өнімдер  бар.

– Бізде айына 20 тонна өнім өндіріледі. Жалпы, 17 түрлі өнім шығарамыз. Осы уақытқа де­йін  жартылай фабрикат өнімдерін бірыңғай сиыр етімен жасап келген едік. Қазір өндіріске тауық етін де қостық. Және азық-түлік қатарына бауыр­сақ пен пицца қамырын да қосып бастадық. Ал өздеріңіз көріп отырған жайма өнімі әу бастан шығары­лады. Жеті  өніммен бастаған кәсібіміз бүгін­де 17-ге жетті.

Біз шикізатты Астана қаласынан алдырамыз. Өнімдеріміз – халал, толық сертификатталған. Сондай-ақ, Шымкент қаласымен де сауда жасаймыз. Біздің өнімдерді кез келген дүкеннен табуға болады. Тіпті Magnum, Small-да да бар, — дейді өндіріс  директоры  Гаухар  Елеу­сінова.

КӘСІПКЕРЛЕР –  ЕЛДІҢ  ЭКОНОМИКАЛЫҚ  ТІРЕГІ

Көрмеде  азық-түлік  өнімдерінен  бөлек тігін­мен  айналысатын кәсіпкерлер де болды. Соның бірі – «Айзере» тігін шеберханасының иесі Гүлзат Құдайберген. Ол тігін өндірісі арқылы халықты қамтамасыз етіп ғана қоймай, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылының осал топтағы тұрғындарын жұмыс­пен  қамтуды  мақсат  тұтқан.

– Біз 2021 жылдан бастап жұмыс істеп келе­міз. Халық тұтынатын барлық тауарды тігеміз. 2024 жылдан бастап ескі мақтаны жаңарту қызме­тін де жаңғыртып жатырмыз. Бізде бүкіл зат  қолжетімді  бағада, тапсырыс арқылы да жұмыс  істейміз.

Атап айту керек, біз қыз жасауына да заттар жасаймыз. Бірақ, оны көрмеге әкеле алмадық. Ауылмен қатар, аудан, қала көлемінде жеткізу жұмысы арқылы еңбек етіп келеміз. Бүгінде бес адамды әлеуметтік кәсіпкер ретінде жұмыспен қамтып  отырмын, — дейді  ол.

Сонымен қатар, «Игликов Т» ЖК балық өндіруші зауытының өкілі де «Бір ауыл – бір өнім» жобасында бой көрсетті. Төребек Игіліков 30 жұмысшыны, сондай-ақ 60 балықшыны жұмыспен қамтып, балық өнімдерін өндірумен айналысуда.

– Он миллион теңге көлемінде несие алып, балық өнімдерін шығарып отырмыз. Балықты бірыңғай теңізден аулаймыз. Сондай-ақ, Ақшатау елді мекенін­де питомнигіміз бар. Бүгінде өнімдеріміз тек ел арасында ғана емес, шетелге де экспортталуда. Нақтырақ айтқанда, Латвия, Германия секілді Еуропа мемлекеттеріне балық өнімдерін жібереміз. Көбіне көксерке балығы сұранысқа ие. Ал енді балық майына келер болсақ, осыдан бір жыл бұрын он миллион теңге несие алып, құрылғылар көмегімен өндіріп отырмыз. Бас-аяғы жиырма­дан астам өнім  шығарамыз, — деді  Төребек  Игіліков.

Көрме аясында Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов пен Мархабат Жайымбетов сөз сөйлеп, кәсіпкерлердің ел дамуындағы орнына ерекше тоқталды. Олар өңірлік өндірістің өркендеуіне тілектестік білдіріп, жеңімпаздарға сәттілік тіледі.

Сыр өңірі соңғы жылдары экономиканың индустриалды бағытына серпін беріп келеді. Облыста жүздеген кәсіпкерлік субъектісі жаңа жұмыс орындарын құрып, ауыл шаруашылығынан бастап жоғары технологиялық өнім өндіруге дейін түрлі салада еңбек етіп жатыр. Байқауға қатысқан компаниялардың дені – тек өңірлік қана емес, республикалық деңгейдегі нарықта өз орнын қалыптастырып үлгерген өндіріс ошақтары. Арасында ауылдан шығып, елді мекен халқының әлеуетін арттырып отырған серіктестіктер де бар.

Қорытындылай келгенде, «Қазақстанның үздік тауары» секілді бастамалар арқылы біз тек үздіктерді анықтап қана қоймай, сонымен бірге қоғамның отандық өнімге деген сенімін нығайтып, сапаға бағытталған ұлт ретінде өсіп келе­міз. Бұл – Қызылорданың экономикасындағы тың серпіннің, кәсіпкерлік сананың және ортақ жауап­кершіліктің белгісі. Ал Сыр елінің еңбекқор кәсіпкерлері келешекте де осындай аламандарда топ  жарып, өңір  мерейін  үстем  ете  берері  хақ.

Перизат  ЗАХРАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: