Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңірде тропикалық жемістер де тамыр жайды

18.08.2025, 16:50 491

Тропикалық жемістерді Сыр өңірінің топырағына жерсіндіріп, бабын тапқан бағбан Ақерке Кеңесбайқызы 20 жылдан аса уақыт бойы есік алдындағы жылыжай шаруашылығымен айналысып келеді. Кезінде қызығушылықпен басталған бұл іс бүгінде оның өмірлік кәсібіне айналған. Табиғатпен етене еңбек етуді жан дүниесіне серік еткен бағбан уақыт өте келе ерекше дақылдардың тілін тауып, оларды өз топырағымызда өсірудің әдіс-тәсілін меңгерген.

Одан қалды, Ақерке Кеңесбайқызы – Қызылордадағы «Болашақ» университетінде аға оқытушы әрі ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі. Ғылым мен тәжірибені ұштастыра білген бағбан жылыжай ісіне ғылыми тұрғыдан қарап, әрбір өсімдіктің биологиялық ерекшеліктерін зерттей отырып, оны жерсіндірудің тиімді жолдарын іздейді екен. Иә, өзі қала орталығында тұрып-ақ, есігінің алдын нағыз бау-бақшаға, тропикалық жылыжайға айналдырып қойған Ақерке Тәжекееваның еңбегі өзгелерге үлгі боларлықтай-ақ. Біз барған сәтте де ол күнделікті дағдысымен өсімдіктерді аралап, біріне су құйып, екіншісінің бабын жасап жүр екен. 

Хош. Сонымен, бүгінде оның жылыжайында банан, папайа, лимон, мандарин сынды түрлі тропикалық жемістер жайқала өсіп тұр. Алайда жылыжай шаруашылық көзі негізінен қияр, қызанақ, қырыққабат секілді көкөністерден басталған екен. Еңбектің дәмін татып, топырақтың «тілін» үйренген соң, ол біртіндеп күрделі дақылдарға бет бұрыпты. Ақерке Кеңесбайқызының айтуынша, жылыжай шаруашылығында өсетін көкөніс-жемістерге арнайы күтім мен дұрыс орта қажет.

Өңірімізде жылыжай шаруашылығы кеңінен дамымай тұр. Көбі тропикалық жемістерден немесе көкөністерден жылыжай шаруашылығын дамытуға қорқатыны рас. Дегенмен, тыңғылықты еңбектің арқасында кез келген өсімдікті жерсіндіруге болады. Шымкент, Түркістан аймақтарында жайқалған жылыжайды біздің өңірде де жасауға болады. Өкініштісі сол, бізде бұл саланың қыр-сырын білетін тәжірибелі мамандар жетіспейді. Бұл басқа бір әлем болғандықтан, әрбір өсімдік түріне ерекше қамқорлық қажет, — деді ол.

Расында да, Сыр топырағы мен суынан нәр алып, баппен өсірілген тропикалық жемістер әлдеқашан пісіп, алғашқы өнімін беріп те үлгерген. Ақерке Тәжекееваның айтуынша, алғашында сенімсіздік те, күмән де болғанымен, соған қарамастан тың жобаны тоқтатпай, қазіргі уақытта жемісін жеп отырмыз дейді. Бұл сөздердің астарында үлкен мағына бар. Ақерке апайдың табандылығы – тек өз ісіне ғана емес, өңірдегі жылыжай шаруашылығына деген сенімнің көрінісі. Сондықтан, ол үшін бұл жол – жай ғана жеке табыс емес, өзгелерге үлгі боларлық тәжірибе. Тыңнан түрен салып, сескенбей іске кірісудің нақты дәлелі іспетті.

Өз қолыңмен баптап, күтіп өсірген өнімнің дәмі де, қадірі де өзгеше. Әсіресе, алғаш рет тропикалық жемістердің тәтті дәмін татып, оның үстіне денсаулыққа мол пайдасы барын білгенде, бұл еңбектің еш кетпегенін ұғынасың. Қанша уақыт, күш-жігер жұмсалса да, соған тұрарлық. Бұл өсімдіктердің әр жапырағы, әр тамыры – нағыз табиғи ем. Хош иісі мен жайқалған көрінісінің өзі көңілге ерекше әсер береді. Сондықтан, тропикалық жемістерді өсіру – тек кәсіп емес, бұл – денсаулық пен рухани тыныштыққа бастайтын жол, — дейді Ақерке Кеңесбайқызы.

Негізінен тропикалық жемістердің пайдалы қасиеттері көп. Олар иммунитетті көтеріп, ас қорыту жүйесін жақсартып қана қоймай, адамға күш-қуат береді. Ақерке апаның айтуынша, лимон ағашының иісі онкологиялық ауруға ем болады екен. Сондықтан, бұл – тек жай жылыжай шаруашылығы ғана емес, табиғатпен тілдесу алаңы, ал әр жеміс – денсаулық кепілі.

 Сондай-ақ, алдағы уақытта жылыжай шаруашылығын кеңейтіп, оны кәсіби бағытта дамытуды көздеп отырған Ақерке Тәжекеева бұл істі табыс көзіне айналдыруға толық мүмкіндік бар екенін айтады. Өңір халқын сапалы, табиғи өніммен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан бағбан жақында облыс әкімінің атына арнайы ұсыныс та жолдапты. Қазір бұл бастама бойынша алғашқы нақты қадамдар да жасалып жатыр деуге саяды. Ақерке апаның айтуынша, егер қолдау болса, Сыр өңірінде жылыжай шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңі басталуы әбден мүмкін.

— Бұл – тек менің ғана емес, бүкіл өңір үшін маңызды жоба. Біз неғұрлым өзіміздің табиғи өнімімізді өндірсек, соғұрлым ішкі нарықтағы сапалы әрі қауіпсіз тағам қоры артады. Алдағы мақсатым – Қызылордада тропикалық және дәстүрлі дақылдарды өсіретін үлкен кешен немесе қысқы жылыжай жүйесін қалыптастыру, — дейді ол.

Иә, әрбір жапыраққа жан бітіріп, әр бүршік гүл жарғанша күн-түн демей, тер төгетін нағыз еңбек адамы – Ақерке Кеңесбайқызы десек, артық айтқандық емес. Себебі, табиғатпен үндесіп, жер-ананың тынысын сезіне отырып тіршілік ету – кез келген жанның қолынан келе бермейтін іс. Ақерке Тәжекееваның жылдар бойғы маңдай тері мен табандылығы бүгінде өңірдегі жылыжай шаруашылығына серпін беріп отыр. Ол тек өзі ғана еңбек етіп қоймай, кәсіпті енді бастаған жандарға ақыл-кеңесін беріп, бағыт-бағдар сілтеуде. Әсіресе, университет қабырғасындағы студенттерге теориялық біліммен қатар, нақты практикалық жолдарды үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп келеді. Бұл – ұстаздық пен бағбандықты үйлестіре білген жанның ғана қолынан келетін іс. 

Айта кетейік, Ақерке Кеңесбайқызы – бүгінгі күні өңірдегі жылыжай ісін жандандыруға шын мәнінде үлес қосып келе жатқан санаулы мамандардың бірі. Оның әрбір еңбегі, жерге деген сүйіспеншілігі мен адамзатқа пайда әкелуге деген ұмтылысы үлкен құрметке лайық.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: