Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өндіріске бет бұрған өрен

25.01.2024, 17:05 278

HALYQLINE.KZ

Соңғы жылдары Қазалы ауданында өндіріске бет бұрған жастар қатары артып келеді. Бірі сабын шығарумен айналысса, ендігісі кірпіш, конфет өндіруді қолға алған. Мұнан бөлек қолөнер бұйымдарын да жанына серік еткендер көпшілікті өз істерімен таңғалдырып жүр.

Солардың ішінде бетон өндірісін жолға қойған Ұлан Меңдібаевты аудан жұртшылығы жақсы біледі. Білімі мен жігерін, талабы мен талпынысын қатар ұштастырған ол бетон өндірісіне дейін кәсіптің түр-түрімен шұғылданған. Өмірден көрген түйгені мол ол кәріз жүйесіне қажетті цементті бетон құйып, оны орнату ісін қолға алған. Қазалы ауданының тұрғындарына үйдегі себезгі, қол, ыдыс жуатын ағынды суды жинайтын кәріз, яки септик құрып береді. Дөңгелек пішіндегі бетонды шеңберлер 1 мен 1,30 және 1,5 метр, сондай-ақ 90 сантиметр тереңдігі көлемі бойынша арнайы қалыптарға құйылып, әзірленеді. Сонымен бірге бұлардың түбі мен бетіне жабатын қақпағы да қолдан дайындалады. Бұл үшін алдын ала 4-5 күн бұрын тапсырыс беру қажет. Бұған қоса дайын шеңберлі бетондарды жеткізіп беру, жерді қазу, оған дайын өнімді орнату қызметтері де қарастырылған.

– Ең алғаш кәсібімді реттеп, енді халыққа ұсынатын шақта елде індет салдарынан карантин жарияланды. Алайда жұмысым соншалықты тұрып қалды дей алмаймын. Тапсырыс көп болмаса да ақырындап ісім жүре бастады. Алғашқы кезде қай істе де уақыт қажет. Бір қиындыққа тап болсам, бірінен шешім табылып жатты. Оған бола өзімді қажытпадым. Қайта алдағы уақытқа сабақ тұттым. Қаржылық сауаттылығымды арттырдым. Құжаттарға мұқият болуды үйрендім. Күнмен таласа төсектен тұрып, еңбек етуді дағдыға айналдырдым. Әлеуметтік желіде жеке парақшамды жүргізе бастадым. Кейін тұтынушылар қатары артты. Қазір жағдайым анау айтқандай керемет деп мақтанбаймын. Бірақ, шүкір, адал еңбегімнің алға басқанына марқаямын. Бұл сезім маған ертеңгі күнге деген күш-қуат береді, – дейді Ұлан Меңдібаев.

Қазір кәсіпкер Қазалы қаласы, Әйтеке би кентінен бөлек жақын-алыс аумақта орналасқан ауылдық округ пен шалғайдағы елді мекендерге де кәріз жүйесіне арналған бетондарды орнатып жүр. Бүгінде оның шағын цехында 4 адам жұмыс істейді.

Әңгімеге арқау болған бетон өнімдерінің маңызды ерекшелігі – олардың дөңгелек пішіні, соның арқасында гидрооқшаулау процесі жеңілдейді. Олар кірпіштен әлдеқайда берік және ұзағырақ қызмет етері сөзсіз.

Ізденімпаз кәсіпкердің алға қойған мақсат-мүддесі аз емес. Ол бетон бұйымдарын шығаратын зауыт ашуды және тиегіш (погрузчик), жер қазатын трактор мен бетонды тасымалдап, орнататын кран көлігіне қол жеткізсем деген арманы бар.

Ж.ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: