«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – кәсіпкерлердің құқығын қорғап, сыбайлас жепқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі бойынша жұмыс істейді. Палата шағын және орта бизнес өкілдеріне және кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға тегін қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, кәсіпкерлер палатасы жыл басынан бері 1 595 азаматқа 5 384 рет кеңес берсе, сервистік қызмет көрсету аясында 468 кәсіпкерлік субъектісіне 593 қызмет көрсеткен. Сондай-ақ, биыл «Іскерлік байланыстарды кеңейту» құралы аясында 2 кәсіпорын Германиядан және 2 кәсіпорын Жапония елінде бизнес-тағылымдамадан өткен. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық айтты.
– Бүгінде облыстық кәсіпкерлер палатасында 5 салалық кеңес жұмыс істейді. Олар сауда, қызмет көрсету және туризм, өнеркәсіп, құрылыс, адами капиталды дамыту және агроөнеркәсіптік кешені кеңестері. Салалық кеңес бүгінгі күні 174 тұрақты кәсіпкерді қамтып отыр. Кеңес жұмысының даму динамикасын арттыру мақсатында оның құрамы белсенді кәсіпкерлер және қауымдастық өкілдерімен толықтырылып, ұдайы жасақталуда. Сондай-ақ, 25 шілдеде «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өткізілген өнімдер көрмесіне 36 тауар өндіруші қатысып, Бренд-комитетті шешімімен 3 финалист анықталды. Ал, бизнесті қорғау саласы бойынша биыл кеңестің 9 отырысы өткізіліп, 11 мәселе қаралды. Кеңеспен кәсіпкердің құқықтарын қалпына келтіру бойынша мемлекеттік органдарға 15 ұсыныс беріліп, оның 8-і қолдау тауып, 3-і қаралу үстінде. Жалпы, жыл басынан бері бизнесті қорғау бағытында кәсіпкерлерден 98 өтініш келіп түсті. Бүгінде олардың 30-ы оң шешімін тауып, өтініштерді қарау барысында кәсіпкерлердің 450 млн теңгеден астам қаражаты сақталып қалды. Сонымен қатар, интерактивті инвестициялық карта бойынша бизнес субъектілер мен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ақпаратына сәйкес 20 инвестициялық жоба бойынша мәліметтер платформаға салынды. Бұл карта әр жобаның жүзеге асырылу кезеңін анықтауға мүмкіндік береді. Енгізілген жобалардың басым бөлігі инвестиция алдындағы кезеңнің 2 және 3 деңгейінде. Оның ішінде бүгінгі күнге 7 жобаның құрылысы аяқталып, іске қосылды, 1 жоба жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр, – деді Пірмұхаммед Айтбайұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!