Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көрпе тігу үшін жылына 1,5 тонна түйе жүнін пайдаланады

17.08.2023, 11:30 616

Қызылордалық кәсіпкер Индира Жұмашева түйе жүн көрпелерін Аралдың брендіне айналдырғысы келеді. Ол қазірдің өзінде көрпе тігу үшін жылына 1,5 тонна түйе жүнін пайдаланып жүр. Енді көлемін бірнеше есе арттыруды ойластыруда.

Индира – тігінші. Еңбек жолын сұлулық салонынан бастағанымен денсаулығы сыр беріп, жаңа бағытты игереді. Тігін саласы ол үшін таңсық емес. Жастайынан анасынан үйренгенін жетілдіріп, біліктілігін арттырып алады.

Перде, тұрмысқа қажет өзге де киім, дүниелерді тігумен айналысатын Индира кәсібін жолға қойып алған. Бүгінде ол құрған «Ай-Аружан» тігін орталығында 15 адамды жұмыспен қамтылған. Оның үшеуі мүмкіндігі шектеулі азаматтар.

Тігіннің қыр-сырын меңгерген кәсіпкер синтетикадан жасалатын көрпелерді өзгертуге бел байлайды.

«Қазір тұтынып жүрген жамылғы көрпелердің басым көпшілігі синтетикадан. Арал – теңізінен өзге түйесімен де танымал екенін жақсы білесіздер. Міне сол түйенің жүнін «неге кәдеге асырмасқа?» деп ойлана бастадым. Алғашында түйе жүн көрпені дайындап, өзім пайдаландым. Ұнағаны жеңіл, әрі ауа өткізу қабілеті жоғары, яғни денең дем алады. Осылайша жаңа өнімді нарыққа шығаруды қолға алдым», – дейді Индира Жұмашева.

Кәсіпкердің түйе жүн көрпе тігумен айналысқанына да 5-6 жыл болған. Оның айтуынша, бір адамдық көрпеге 1,8-2 килограмм жүн кетеді. Онда да көрпеге түйенің барлық жүні жарай бермейді, тек бүйір жүні керек.

«Бір түйеден 3 килограмдай бүйір жүн шығады. Біз соны пайдаланамыз. Ол ең жұмсақ, қолдануға қолайлы. Оны жақсылап жуып-тазалап, түткеннен кейін ғана көрпе дайындалады. Өніміміз экологиялық таза. Жақында сәйкестендіру сертификатын алдық. Түйе жүнін бізде бірден сыртқа жіберіп жатыр. Сапалы шикізатты жинау үшін ауылдарды аралап, алдын ала ақысын төлеп, келіссөздер жүргізіп жатырмыз», – дейді кәсіпкер.

Түйе жүнін төсек-жабдықтарда қолдану аясын кеңейту үшін кәсіпкер түрлі мамандармен кеңесіп, жұмыс істеп жатыр. Мәселен, жақында Алматы қаласынан арнайы эксперт алдырып, мамандарын оқытып алмақшы. Одан бөлек Италия, Түркиядағы әріптестерімен де байланыс орнатып жатыр.

Түйе жүн көрпелерге Астананың, Алматы мен Қарағандының тұрғындары ерекше қызығушылық танытып, жиі тапсырыс береді екен.

Индира Жұмашева кәсібін жүргізуде, жетілдіруде Кәсіпкерлер палатасының қолдауы ерекше екенін атап өтті. Салаға қатысты түрлі жаңалықтарды, қолдау механизмдерін осы ұйым арқылы алатынын атап өтті.

Биыл Индираның түйе жүн көрпесі Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында жеңімпаз атанды. Енді республикалық кезеңде бақ сынайды.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: